Мемлекет басшысы атап өткендей, тұрғын үй саласы әлеуметтік маңызға ие басты мәселенің бірі. Осы мақсатта елімізде мыңдаған қазақстандық отбасының баспана мәселесін шеше алатын мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соның бірі табысы төмен отбасыларды несиелендіруге арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы өз жұмысын бастаған болатын. Өткен аптаның жұмасында ауданымызда осы мемлекет ұсынған жеңілдікпен алғашқы болып баспанаға қол жеткізген қатысушы анықталды. Жаңа қоныс иелерін бұл қуанышымен аудан әкімі Жандарбек Далабаев «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» ғимаратына арнайы келіп құттықтап, пәтер кілтін табыстады. Оған қоса қуаныштарын еселеп, аудан басшысы өз атынан теледидарды тарту етті.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспананың кілтін алған Дана Сейлханова өзін лоторея билетін ұтып алған адамдай сезініп тұрғанын жеткізді. 2014 жылдан бері аудандық әкімдікте кезекте тұрған ол биыл баспаналы боламын деп ойламаған. Енді Дана Нұрбекқызы Қаскелеңде орналасқан «Алтын ауыл» ықшам ауданында 60 шаршы метрлі бір бөлмелі пәтердің иесі. Өзі Іргелі ауылындағы Л.Толстой мектебінде ұстаз ретінде көркем еңбек пәні бойынша оқушыларға сабақ береді екен. Жаңа қоныс иесі «Чайковский» колледжінде тәлім алатын Сая, Алмалыбақ ауылында әл-Фараби атындағы гимназия оқитын дар Нұрмұхамбет және Айару есімді балаларды жеті жылдың көлемінде жалғыз өзі тәрбиелеп келеді. Әкімдікке кезекке тұрған соң 2018 жылы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» шот ашып қойған. Осылайша негізгі жұмысынан бөлек киім тігіп және тойханаларды, салтанатты шараларды безендіруден түскен қосымша табысын ашқан шотына салып отырған. Биыл жинаған қаражаты «Бақытты отбасы» бағдарламасының алғашқы жарнасына сай келіп, оған қатысуға мүмкіндік алған. Аталған бағдарламаның толық емес отбасы санаты бойынша баспанаға қол жеткізіп отыр.
Банк мамандардың айтуынша, бастапқы жарнаны әкімдік көмегімен емес, өз қалтасынан төлесе, тұрғын үйді таңдау мүмкіндігі көбірек: яғни, екінші нарықтағы пәтерлер мен жер үйлерді де алуға болады екен. Дана Нұрбекқызы тұрғын үй сертификатын пайдаланбай, алғашқы жарнаны өзі жинағандықтан пәтер таңдау мүмкіндігі артып, екінші нарықтағы үйді алып отыр.
– Шынымды айтсам бұл бағдарлама жөнінде ғаламтор желісінен оқыдым. Толығырақ танысқанан кейін әкімдікке жолығып, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» бағыт қағазын алдым. Мұнда келгенімді аталмыш банкте тек білікті қызметкерлер жұмыс істейтіні бірден көрініп тұрды. Осы ретте, Каскелеңдегі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» басшысы Дәурен Мендыхановқа және менің құжаттарымды рәсімдеумен толықтай айналысқан Олжас Тулегеновке алғысымды білдіремін. Мамандардың қарапайым әрі түсінікті тілде берген ақпараттардың арқасында жедел құжаттарымды жинақтай алдым. Елімізде осы сынды бағдарламалар көбірек болса, баспанасыз жүрген жандарға үлкен мүмкіндік болар еді, – деді жүрек жарды тілегін білдірген жаңа пәтер иесі.
«Бақытты отбасы» бағдарламасымен баспаналы болған еңбекқор Дана Сейлханованы шын жүректен жаңа қонысымен құттықтаймыз!
Бұрым Орынбасар.