«Өрлеу» жобасы Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары негізінде жасалған. Оның 84-қадамында: «Әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып, оңтайландыру. Әлеуметтік көмекті тек оған шынымен зәру азаматтар ғана алады. Кірісі төмен еңбекке қабілетті азаматтарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тек олардың еңбекке ықпал ету және әлеуметтік бейімдеу бағдарламаларына белсенді қатысуы жағдайында ғана беріледі» делінген.
Биыл Қарасай ауданында осы жобаны жүзеге асыруға 31 млн.592 мың теңге бөлінген. Болжам бойынша бұл мақсатта 50 отбасын қамту көзделген болса, қазіргі күні «Өрлеуге» қатысуға ниетті 47 адамның өтініші қанағаттандырылған.
Мақсаты қандай?
Ол – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне және «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысқан жағдайда отбасын әлеуметтік келісімшартына отыру арқылы шартты қаржылай көмек ұсыну бағдарламасы. Бұдан бөлек, жоба жұмысқа орналастыруға, мамандықтарға оқытуға, қайта оқытуға, сол сияқты жастар практикасына қоғамдық жұмысқа және әлеуметтік жұмыс орындарына тартуға ықпал ете алады. Жобаның негізгі мақсаты – шартты қаржылай көмек алған аз қамтылған отбасы тек қана жәрдемақы алып қана қоймай, осы жағдайдан шығуға әлеуметтік тұрғыдан бейімделген, кәсіби бағдар алған болуы тиіс. Бұл белсенді шараға жатады. Яғни, мұқтаж отбасылармен әлеуметтік келісім түзіліп, алты айға шартты ақшалай көмек беріледі. Оны ай сайын төлеуге немесе үш тоқсанның ақшасын бірден беруге болады. Бірақ, өтінім берушінің ақшаны қалай жұмсайтыны туралы жоспары болуы қажет. Мәселен, жеке іс бастау үшін тігін машинасын немесе мал сатып ала ма, жоқ шаштараз, асхана т.б. ашқысы келе ме, көрсетуі керек. Бұл ақша қайтарымсыз және тоқсан сайын құжат тапсырудың қажеті жоқ.
Шартты ақшалай көмектің мөлшері қанша болады?
Отбасының жан басына шаққандағы табысы белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызынан төмен отбасыларға беріледі. Бүгінде күнкөріс деңгейі облысымызда 2 тоқсанға 23 144 теңге мөлшерінде белгіленді. Оның 60 пайызы 13886 теңгені құрайды. Мысалы, бір отбасында бес адам бар делік. Ата-анасы және 18 жасқа дейінгі үш баласы бар, әйелі жұмыссыз дейік. Ай сайын мұндай отбасына 30 000 теңге табыс түсіп, оны бес адамға бөлсек 6000 теңге шығады. 13886 теңгеден 6000 теңгені алып тастағанда 7886 теңге. Яғни, бес адамға айына 39430 теңгеден шартты ақшалай көмек беріледі.
Кімдер қатыса алады?
«Өрлеу» жобасына ШАК алуға өтініш берген азамат (отбасы), егер отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы күнкөріс деңгейінен 60%-нан төмен болса және әлеуметтік келісімнің шарттарын орындауға келісім берген жағдайда қатыса алады.
Не істеу керек?
Жобаға қатысу үшін отбасы мүшесі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе кент, село, ауыл әкімдігіне тұрғылықты мекенжайы бойынша өтініш білдіреді. Өтініш білдіру үшін отбасының барлық мүшелерінің ЖСН (жеке сәйкестік нөмірі) болуы керек.
Сонда ғана өтініш иесі өтініш бланкісін, отбасы және материалдық-тұрмыстық жағдайы туралы анкетасын ақысыз алады.
Өтініш беруші өтініш пен анкетаны жеке өзі толтырады және басқа құжаттармен бірге аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе округ әкімдігіне тапсырады.
Клара КӨПБАЕВА.