Биыл Қазақстан полициясына 25 жыл толып отыр. Өзінің осы ширек ғасырлық тарихында, мемлекетіміздің қалыптасып, тұрақтануы жолындағы ауыр кезеңдерде тәртіп сақшылары ел тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда аянбай қызмет ете отырып, халықтың сенімінен шыға білді. Олардың қатарында біздің қарасайлық полицейлер де бар. Кеше осы ерекше мамандық иелері өздерінің кәсіби мерекелерін аудандық мәдениет үйінде сән-салтанатымен атап өтті. Оларды аудан әкімі Махаббат Бигелдиев шын жүректен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Бүгінгі күні жергілікті жұртшылықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтау қызметінде аудандық ішкі істер басқармасында барлығы 353 полиция қызметкері еңбек ететіндігін, олардың 238-і басшылық құрам болса, 104-і қатардағы жауынгер екенін тілге тиек еткен Махаббат Садуақасұлы, өткен жылмен салыстырғанда жалпы қылмыстың ашылу көрсеткіші 31,4-тен – 39,9 пайызға жоғарылағанын осы саладағы жарқын жетістіктердің бірі ретінде атап өтті. Сонымен қатар, былтырдан бері іске кіріскен жергілікті полиция қызметінің де жұмысы жақсы жолға қойылып, халық сенімінің орныққанын сөз еткен аудан басшысы мереке иелерінің ел тыныштығы мен қауіпсіздігіне арнаған тынымсыз да қауіпті ерен еңбектеріне шынайы ризашылығын білдірді. Бұл ретте бірқатар бейбіт өмір сақшылары аудан әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Келесі кезекте мінберге көтерілген аудандық ішкі істер басқармасының басшысы, полиция полковнигі Асхат Данияр өз сөзінің әлқиссасында бұл күн тек тәртіп сақшыларының күн-түн демей төккен тері мен іркіліссіз ісіне берілген баға ғана емес, сонымен қатар, осы жолда өз ғұмырларын қиған жандардың да ерлігін еске алу, аталған саланың бейнетін сезініп, бүгін зейнетін көріп отырғандарға да құрмет көрсету екендігін айтты. Осы ширек ғасырда еліміздің құқық қорғаушылары қандай деңгейге көтерілгенін, қандай белестерді бағындырғанын жан-жақты әңгімелей келе, жеке құрамды алда да осы адалдық пен алғырлықтан танбай ел тыныштығы үшін күресе беруге шақырып, жиналғандарға жақсы тілегін жолдады. Мұнан кейін, сахна төрінде ауданның бірқатар полицейлері түрлі наградаларға ие болып, Құрмет Грамотасы мен Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, кейбір тәртіп сақшыларына жоғарылатылған шендері салтанатты түрде тапсырылды. Бұл орайда, аудандық ІІБ-сы бастығының орынбасары Н.Самиянов, полиция майоры С.Сулейменов, полиция капитаны С.Балапанов, полиция подполковнигі Д.Сагимбекова «Қазақстан полициясының 25 жылдығы» медалін ел алдында тағынды.
Сондай-ақ, ауданымыздың құқық қорғау саласының ардагерлері атынан ішкі істер органдарының құрметті азаматы Самат Далабаев шығып сөйлеп, мереке иелеріне ізгі лебізін жеткізді. Салтанатты жиын әрі қарай аудан өнерпаздарының күшімен қойылған концерттік бағдарламаға ұласты.
Клара КӨПБАЕВА.