Жалпы бүгінде өмірлік тәжірибесі мол ардагерлерімізден құрылған ұйым елімізде ұлттық мүддені қалыптастыру мен саяси тұрақтылықты сақтау, қарт адамдардың әлеуметтік құқықтары мен мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуды қамтамасыз етуде зор үлес қосуда. Олар облыс, аудан және қаланы басқарып отырған басшыларға ақыл-кеңестерін айтып, жастармен, жасөспірімдермен кездесіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, дұрыс жолмен жүріп, жақсыға қарап бой түзеулеріне бағыт-бағдар беруде.
Жақында аудандық әкімдіктің мәжіліс залында «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қарасай аудандық филиалының кезекті жиыны өтіп, жоғары да аталған жұмыстарды белсендету мәселесі талқыланды. Алқалы басқосуға, Алматы облыстық «Ардагерлер ұйымының» төрағасы Ерболат Тұрымбетов, төрағаның орынбасары Ильяс Сүгіров, ауданның қала және ауылдық округтерінің әкімдері, «Алатау жастары» ұйымының мүшелері, ардагерлер ұйымының төрағалары мен төрайымдары мен белсенді жастар қатысты.
Нақты айтқанда, аталмыш жиында «Алатау жастары» бірлестігінің атқарып жатқан жұмыстары туралы, «Асыл ана» қоғамдық бірлестігін құру қажеттілігі және де «Алатау ардагері» газетіне жазылу мәселесі сөз етілді.
Облыстан арнайы келген Ербол Сапарұлы ең алдымен ардагерлер ұйымының қоғам үшін қажеттілігін айтып, облыс пен оған қарасты аудандарда ұйымдардың жасап жатқан жұмыстары жайында айтып өтті. Сондай-ақ патриоттық, парасаттылық, қайырымдылық тәрбие беру жолындағы белсенділікті арттыру, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастыру, мемлекет тарапынан жастарға көрсетілетін қолдау мен бағдарламаларды кеңінен насихаттау мақсатында аудандарда ашылған «Алатау жастары» бірлестігінің атқарып жатқан жұмысына тоқталды. Ардагерлер мен жастар тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін бірлестік арқасында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, олардың бос уақытын тиімді пайдалану, жастар саясатын жүргізу бағыты бойыша атқарылып жатқан жұмыстар жайында кеңінен айтып берді.
Бұған қоса облыстық ұйымның төрағасы өзге облыстар мен аудандарда әлеуметтік мәселелерді шешуге қолғабыс етіп жүрген «Асыл ана» қоғамдық бірлестіктері бар екенін тілге тиек етіп, осындай мекемені біздің өңірге қажеттілігі бар екенін жеткізді. Мұнан бөлек ол Алматы облысына қарасты барлық қалалар, аудандар мен ауылдардың өркендеуіне сүбелі үлестерін қосқан және де әлі де қосып келе жатқан ата-әжелеріміз жайында баяндайтын «Алатау ардагері» атты облыстық газетіне жазылу мәселесін де көтерді.
Сөз соныңда Ерболат Тұрымбетов жиналған жастардан әрқашанда ардагерлерге көмек беріп, қариялардың ықпал еткен барлық жұмыстарына қолдау көрсетулерін сұрады. Сондай-ақ қарасайлық ардагерлер ұйымы тарапынан атқарылған және де әлі де жасалып жатқан жұмыстарына «жақсы» деген баға беріп, алдағы уақытта да қоян-қолтық жұмыс жасауға шақырды.
Алқалы жиынды аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбекұлы қорытындылап, 89 жасқа келген Елтай Хасеновтен бата сұрап, басқосуға қатысып отырған ардагерлер мен аналардың және жастардың алдағы жұмыстарына табыс тіледі.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.