Қарттар – біздің қазынамыз. Осыны әрдайым ескеретін халқымыз қарияларға көңіл бөлуді, қамқорлық танытуды ешқашан ұмытқан емес. Мемлекетіміз де ардақты жандарға құрмет көрсету жолында тиісті жұмыстарды атқаруда. Оның айқын бір дәлелі ретінде Республика күнінің қарсаңында Шамалған ауылында ашылған қариялардың өмір сүру дейін арттыруға арналған Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын айтуға болады.
Қарасай аудандық әкімдігі қолдау білдірген бұл шағын мекеме Шамалған ауылдық Мәдениет үйінде орналасқан. Орталықтың салтанатты түрде ашылуына аудан әкімі Жасұлан Естенов қатысып, ауылдың ақсақалдары мен әжелеріне ақ тілегін арнады. Сондай-ақ аудан басшысы өзінің құттықтау сөзінде «Белсенді өмір сүру» орталығы қарттардың денсаулығына пайдалы әрі өмір сапасын жақсартатынын айтып, мұндай мекемелер әр ауылдық округте болуы тиіс екенін жеткізді.
Ал аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов замандастарының бос уақыты тиімді өтетінін атап өтіп, көпшілікке батасын берді.
Орталықтың лентасын аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы мен аудандық Аналар алқасының төрайымы Ақлия Бекбайқызы кесті. Әжелеріміз шашуын шашып, келген қонақтар жаңа ашылған мекемемен танысты.
Бұл мекеменің ашылуына бірден-бір себепші жандардың бірі – ауыл тұрғыны Гүлжамал Ахметова. 75 жастағы анамыз аудан әкімінің халықпен тұрақты кездесулерінің бірінде осы бастаманы көтеріп, аудан басшысынан қолғабыс етуін сұраған еді. Оның ел алдындағы сол бір өтініші көп ұзамай орындалып жатыр. Салтанатты шарада Гүлжамал әжеміз ауыл қарияларының атынан аудан әкіміне деген шынайы ризашылығын білдірді. Айтуынша, Шамалған ауылында 40 мыңдай адам тұрса, оның 20% пайызға жуығы – қарт адамдар. Ал бұл орталық ауылдағы егде жастағы жандар үшін белсенді ұзақ өмір сүрудің мүмкіндігі болып табылады және саламатты өмір салтын ұстанудың тиімді жолы.
Белсенді өмір сүру орталығында аяққа, арқаға арналған массаж креслолары, үстел теннисі, жүгіру жолақтары, шахмат, дойбы сияқты спорттық керек-жарақтар орнатылған.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.