Жеткен жетістігімізді түгендеп, бірлігімізді бекемдей түсетін ұлттық мереке – Республика күні Қарасай жерінде лайықты түрде тойланды. Аптаның басынан бастап аудан бойынша түрлі іс-шара ұйымдастырылып, мерекенің маңыздылығы дәріптелді.
Айтулы күннің құрметіне орай, ауқымды түрде салтанатты шара аудандық Мәдениет үйінде өтті. Алдымен аталмыш мекеменің алаңында аудан әкімі Жасұлан Естеновтің тікелей қатысуымен және көпшіліктің сап түзеуімен Мемлекеттік гимн орындалды. Көк туымыз желбіреп, рухымызды асқақ еткен дәл осы сәт ерекшелікке толы болды. Мәдениет үйінің алаңында аудан жастары Республика күнінің негізгі датасы «25» санын бейнелеп, ұлттық мерекені ұлықтап, маңызын айшықтай түсті.
Рәмізімізге құрмет көрсетілген соң, Қарасай жұртшылығы үшін Мәдениет үйінде мерекелік концерт өтті. Шараның шымылдығы Қарасай батырдың 95 жылдығына арналған тарихи-поэтикалық шерумен түрілді. Одан кейін сахна төріне Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Тоққожаұлы көтеріліп, мерекелік құттықтау сөзін айтты.
– Тәуелсіздігіміздің кірпішін қалап берген бұл күн – Қазақстан халқының үлкен қуанышы. Осы мерекенің мемлекеттік деңгейде, елімізде тұратын барша ұлт пен ұлысқа ортақ мереке ретінде тойлануы халқымыздың бойына қуат, жүзіне қуаныш сыйлап және қоғамның патриоттық сезімін арттыруға себеп болды.
Біздің еліміз бірлігі мен ынтымағы орныққан, шекарасы бекітілген, экономикасы дамып, халқының әл-ауқаты артқан қуатты мемлекет болып қалыптасып келеді. Қасиетті Қарасай жері де еліміздің дамуына өзіндік үлес қосып, жарқын жобаларды жүзеге асырып, әлеуметтік-экономикалық даму үстінде. Бүгінгі күні ауданымыз Алматы облысының арқа сүйер өңіріне айналды. Тұрғындардың саны 347 мыңға жетіп, облыстың халқы ең көп шоғырланған, ірі аудандарының бірі болуда.
Ұлттық мереке ынтымағымызды нығайтып, асқар асуларды бағындыруға жетелей берсін. Әр шаңыраққа қуаныш пен шаттық, мол бақыт әкелсін, – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Аудан басшысы ізгі тілегін білдіргеннен кейін Республика күніне орай бірқатар қарасайлықтың мерейлі марапаттарын табыс етті. Атап айтқанда, Мәдениет және кітап ісі саласының дамуына қосып келе жатқан үлесі мен еңбегі үшін ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның Алғыс хатымен кітапханашы Жәмиля Қарқынбаева марапатталса, осы саланың тағы бір өкілі Ляззат Сағымбековаға Қазақстан кітапханалық одағының «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісі табысталды.
Салтанатты шарада ауданның дамуына үлес қосып, еңбектері ескерілген «Қарасай ауданының Құрметті азаматы» атағын алған жерлестеріміз де болды. Олар – Балабек Джульфаев, Амангелді Шәріпқұлов, Серік Сақабаев, Салиха Тойымбетова, Жаңылған Айекешова, Жанар Кулиева.
Сонымен қатар, аудан әкімі Жасұлан Естенов өз атынан өңірдің экономикасын арттыру жолында әр салада жемісті қызмет атқарып жүрген басқа да жандарға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етіп, алдағы істеріне сәттілік тіледі.
Қуаныш иелерінің марапаттары табысталған соң, мерекелік шараның жалғасы концерттік бағдарламаға ұласты. Қарасай жұртшылығы аудан өнерпаздарының өнерін тамашалады. «Үшқоңыр» фальклорлы-этнографиялық ансамблінің әншілері мен күйшілері жанды дауыста ән салып, ұлттық аспапта ойнады. «Қалбибі» өнер студиясының шәкірттері де өнерлерін ортаға салып, «Грация», «Шаттық», «Кербез» сияқты топтар әр ұлттың биін биледі. Шараның соңы патриоттық, рухты «Қазақ елім» әнімен түйінделді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.