11 қазанда Қарасай аудандық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы болып, оны кеңес төрағасы Жанат Исағұлов басқарды.
Алдымен күн тәртібіндегі бірінші мәселе – «Аудандық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөліміндегі бюджеттік бағдарламалардың және жолдардың жөнделуі мен жолаушыларды тасымалдау бойынша жоспарлардың орындалуы және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» бөлім басшысы Жанат Шакиров есеп берді.
Аудандағы жол жөндеу мен жолаушылар тасымалына байланысты істер өз ретімен атқарылуда. Әрине, әлі де әртүрлі проблемалар баршылық. Бірақ осы бағыттағы барлық жұмыстар да қатаң бақылауда ұсталуда. Әсіресе, жолаушылар тасымалы жақсы жолға қойылып келеді, өйткені кейінгі кездері Қаскелең қаласы ішінде болсын, Алматы қаласымен екі ортада болсын, жолаушылар көлігінің қатынауы тиісті деңгейде деуге болады.
Бұл мәселе жөнінде кеңес мүшелері Орынбай Жанәділ, Ермек Шоқанов, Тұрғанбек Оразалиев, Ұлтусын Бархинова және кеңес төрағасы Жанат Исағұлов сұрақ қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ал Қаныбек Айтжанов елді мекендер көшелерінде жол белгілерін орнату мен жолда жасалатын жасанды кедергілердің жайына тоқталды. Оның пікірінше, бұл мәселеде тәртіп болуы тиіс, яғни, әсіресе, жасанды кедергілерді орнатуда әркім өз білгенін істемеуі керек.
Келесі кезекте қоғамдық кеңес мүшелері «Аудандық ішкі саясат бөлімінің атқарып жатқан жұмыстары туралы» бөлім басшысы Жазира Беркімбаеваның хабарламасын тыңдады.
Жазира Бейбітқызы өз сөзінде осы салаға қатысты барлық мәселе жайында жан-жақты баяндап берді. Оның ішінде тұрғындар бастамашы болған әртүрлі жиындар, ұлтаралық қарым-қатынастар, ауданды мекен ететін диаспоралармен жұмыс, тұрақтылық пен тыныштыққа бағытталған істер, тәуелсіз Қазақстанның ішкі саясат саласындағы жұмыстарының нәтижелілігі, аудандағы діни ахуал, дінаралық қарым-қатынастар және тағы басқа бұл ретте атқарылып жатқан істер, сондай-ақ осы бағыттағы басқа да өзекті мәселелер бар.
Мұнан кейін Әмина Абдраманова мемлекеттік рәміздердің маңыздылығы жайында айта келіп, олардың бекітілген ережеге сәйкес, тиісті жерге, ретімен, орнымен орналастырылуына үнемі көңіл бөлінуі керек екеніне тоқталды.
Ал Қаныбек Айтжанов жалпы жастармен жұмысты барынша күшейту қажет екенін атап айтып, қазіргі кездегі ең өзекті «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына оларды белсенді түрде жұмылдырудың мән-маңызын әңгіме арқауына айналдырды.
Илимдар Камилов этно-мәдени орталықтарының жұмысы жайында айтса, Тұрғанбек Оразалиев ішкі саясатты барлық жұмыстың қантамыры сияқты деп бағалап, бәрін де алатайдай бүлдіретін жөнсіз, тиымсыз кейбір блогерлердің жұмысы ауыздықталса деген ойын білдірді.
Ең соңында Жандосов ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар және мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы округ әкімі Алмас Жамбауов айтып берді.
Атап өтерлігі, округ жетекшісі өздеріндегі істің жайын жетік, жақсы біледі екен. Мұны кеңес мүшелері де өз сөздерін де білдірді.
– Округте 3 ауыл – Жандосов, Қайрат, Шалқар бар. Сондай-ақ 2 саяжай орналасқан. Халық саны 13578 адамды құрайды, – деді Алмасы Ғалымжанұлы. – Округте 3 орта өндірістік кәсіпорын жұмыс істейді. Қазір «Әкіжан Г.Қ» жеке кәсіпкері «Достық» сауда үйінің құрылысын жүргізуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша бүгінде 52 жобаға 448,5 млн теңге несие берілді. Жандосов ауылында «Аян Агро» кооперативі құрылып, жиһах цехын ашу үшін 29,5 млн теңге несие алуға құжат тапсырды. 8 айдың қорытындысымен салықтың 8 түрі байынша түсім 73 млн 185 мың теңге немесе 115,9 пайызға орындалды. Әлеуметтік көмектің барлық түрі бойынша осы жылдың бірінші жартыжылдығында 317 адамға 20,2 млн теңге көлемінде қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар, хабарламашы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт пен дене тәрбиесі, абаттандыру мен тазалық жұмыстары, жол жөндеу, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы жайына тоқталып, шешімін күткен мәселелерді де айтып өтті.
Бұл мәселе туралы Әмина Абдраманова, Тұрғанбек Оразалиев, Илимдар Камилов және кеңес төрағасы Жанат Исағұлов ой-пікірлерін білдірді, жұмысты одан әрі ширата түсуге шақырды.
Жиынды кеңес төрағасы Жанат Молдағұлұлы қорытындылап, әртүрлі себеппен отырысқа қатыспай жүрген мүшелерді тәртіпке шақыру қажет екенін атап айтты.
Отырыста қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Берікбай ҚАДЫҚОВ.