Дамыған заманда білім мен біліктілік сынға түсетін уақыт. Сондықтан бүгінде білім саласы ерекше көңіл бөлуді және мемлекеттің қолдауын қажет ететін ең үлкен саланың бірі болып отыр. Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір Үндеуінде білім саласын дамытуға айрықша назар аударып, еліміздегі білім мен ғылым жастардың қолында екендігін және интеллектуалды ұлтты қалыптастыру қажеттілігі туралы үнемі айтып келеді. Осы ретте соңғы жылдары аталған салаға көптеген тың өзгерістер енгізілуде. Бұл бастамалар білім беру қызметіне жаңаша серпінмен қарауды, әрі қол жеткен табыстарды бағалай отырып, болашақ мамандардың шығармашылық қабілетін дамытуды, оқытушы іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруға бағытталған.
Еліміздегі өзге аймақтар секілді біздің Қарасай ауданында да білім саласындағы қордаланған мәселелерге көп көңіл бөлініп келеді. Қолға алынған тірлік аз емес, сондай-ақ алға қойылған міндеттер де жетерлік. Осыған орай біз аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаевамен кездесіп, аудандағы білім жүйесінде болып жатқан өзгерістер мен атқарылып жатқан жұмыстар айналасында әңгіме өрбіттік.
– Әсел Әблеқызы, өткен және ағымдағы жылы ауданымыз оқу жылында көптеген жетістіктерге қол жеткізген еді. Осы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз. Жалпы бүгінде Қарасай ауданының білім саласы қандай дәрежеде?
– Иә, жылда біздің саламызға жақсы көңіл бөлінудің арқасында біраз өзгерістер орын алып, дамып келеді. Білім сапасы былтырғы жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға артып отыр. Ал білім мекемелерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 58-ге жетті.
Оқушыларымыздың да жеткен жетістіктері аз емес. Мәселен, биыл тұңғыш рет ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер олимпиадасы өткізілді. Республикалық кезеңде ауданымыздың алты оқушысы жүлделі орындарға ие болып, Қарасай ауданы командалық есепте І орынды иеленді. Сондай-ақ Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Алмалыбақ ауылындағы орта мектеп-гимназиясы республикадағы үздік мектептердің қатарынан табылып, жақсы нәтижелер көрсеткені үшін «Ең үздік ауыл мектебі-2024» номинициясына ие болды.
Сонымен қатар біздің мектептердің оқушылары облыстық жалпы білім беретін пәндер олимпиадалары бойынша командалық есепте ІІ орын, «Дарын», «Зерде» ғылыми жобалар конкурсында ІІ орын, «Алтын сақа» олимпиадасында командалық есепте «Бас жүлде», облыстық «Ұлттық мектеп лигасы» қорытындысы бойынша командалық есепте І орынды иеленді. Одан бөлек те білімгерлеріміз көптеген білім, мәдени және спорттық сайыстарға қатысып, жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, ауданымыздың абыройын көтерді.
Жалпы білім алушылардың бұл табыстары мен жетістіктерінің артында олардың талпынысы мен ұстаздардың қажырлы еңбегі, төзімі мен мейірімі жатыр. Осы оқу жылында да көптеген жеңістер мен жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын.
– Өзіңіз айтып өткендей соңғы жылдары білім саласына көп көңіл бөлініп, біраз өзгерістер енгізілуде. Биылғы жылы да білім саласында біраз жаңашылдықтар орын алуда. Аталған өзгерістер білім жүйесін қаншалықты жетілдіруде?
– Дұрыс айтасыз. Елімізде қазіргі уақытта білім саласын дамыту бірінші кезекке қойылды. Президентіміз де осыған ерекше назар аударып, жаңарту уақыты келгендігін әрдайым айтып жүр. Енгізіліп жатқан өзгерістер жетерлік. Мәселен, қазіргі уақытта оқушыларға әлеуметтік көмектің саны артты. Атап айтсақ, 1-4 сынып оқушыларына тегін ыстық тамақтың ұйымдастырылып, оқушылардың мектеп формасын сатып алуға бір реттік көмек көрсетілуде. Сондай-ақ әр білім мекемесінде оқушыларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру үшін бейнебақылау камералары облыстық жедел басқару орталығына қосылып, дабыл түймелері орнатылған.
Бұған қоса биыл «Біртұтас тәрбие» бағдарлама аясындағы «Балалар кітапханасы» жобасы, «Тарихқа құрмет», «Тоғыз айға тоғыз іс-шара», «Жеткіншектің жеті жарғысы», «Экологиялық мониторинг», «Оқуға құштар», «Еңбегі адал жас өрен» секілді ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар мектептегі оқушыларға жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруге, тәрбие саласын күйшейтуге, елінің тағдыры үшін жауапкершілік сезімі бар ұрпақ тәрбиелеуде маңызы болады деп ойлаймын.
– Жалпы сапалы білім беру қызметінде ұстаздың кәсіптік деңгейі маңызды рөл атқаратыны белгілі. Осы ретте туындап отырған сұрақ биылғы жылы ауданымызда қанша мұғалім аттестациялаудан өтті? Арасында тапсыра алмай қалғандар болды ма?
– Бүгінгі күні мұғалімнің біліктілігін арттыруды жалпықоғамдық мәселе ретінде қарастыру қажет деп айтуға болады. Себебі, кәсіби біліктілігі оның іс әрекетінің тиімді болуының теориялық және жалпы әдіснамалық негізі болып табылады. Осы ретте біздің ұстаздарымыз жылда әртүрлі курстарға қатысып, білімін арттырып қана қоймай, сондай-ақ жетекшілік, бағыт берушілік, ұйымдастырушылық, түзетушілік әрекеттерді атқаруды үйренеді. Осы жиған-терген білімін арнайы аттестациялаудан өткенде дәлелдеп отырады.
2024 жылы ауданымыздан 1932 педагог аттестациядан өту үшін сұраныс берген болатын. Оның 1791 түрлі санатта аттестаттаудан өтті. Анығырақ айтқанда, педагог-зерттеуші санатынан – 394, педагог-сарапшы санатынан – 341, педагог-модератор санатынан – 1021 ұстаз өтті. Мұнан бөлек 15 мектеп директоры және 20 мектеп директорының орынбасары аттестаттаудан өтуге сұраныс білдірді.
Өкінішке орай, аттестациядан өту үшін шекті балл жинай алмаған және екінші рет тестілеуге тіркелмеген немесе отбасылық, денсаулық жағдайына байланысты тестілеуге бармаған ұстаздар да болды. Қазіргі таңда әдістемелік орталық мамандары педагогтерге әдістемелік көмек көрсетіп, жұмыстарды жалғастыруда.
– Ұстаздармен қатар жыл да мектеп директорларына да қойылатын талаптар қатаңдатылып барады. Министрліктің соңғы енгізген өзгерістерінде орнында біраз жыл отырып қалған директорларды ротациялау жұмыстары белсенді түрде басталған еді. Біздің ауданымызда мұндай жұмыстар қалай жүргізілуде?
– Жалпы кез келген директор мектепке алғаш келгенде әр әріптесімен әртүрлі қарым-қатынас қалыптастырады. Ол жақсы да және теріс те көзқарасты ой болуы мүмкін. Бұл – адами фактор. Сондықтан бір басшы ұзақ жылдар сол қызметінде отырса, осы фактор ұжым мен директордың қарым-қатынасына кері әсер етпей қоймайды. Сағат бөлу, тағы да басқа көптеген мәселелерге келгенде әділетсіздіктер болып жатуы әбден мүмкін. Сондықтан басшының мерзіммен ауысып тұрғаны орынды. Ол жаңа мектепке барғанда өзі де іздене бастайды, мұғалімді де қозғайды. Сол арқылы процеске жан бітеді.
Бүгінде біздің ауданда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беретін мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу ҚР Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы № 559 бұйрығына сәйкес жүзеге асуда.
Мәселен, ауданымыз бойынша 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында Қаскелең қаласындағы төрт білім беру мекемесінің бірінші басшылары ротациядан өтті. Сондай-ақ Шамалған ауылындағы екі білім ордасының бірінші басшыларына жоғарыда аталған қағидаға сәйкес ротация жүргізілді.
– Енді мектептердің жағдайына келсек. Бүгінде ауданымыздағы білім мекемелерінің жай-күйі қандай?
– Ауданымызда қазіргі таңда 58 білім мекемесі бар. Оның төртеуі мектеп-гимназия, үшеуі ұлттық жоба аясында салынып қолданысқа берілген «жайлы мектептер», екі бастауыш мектеп және 49 жалпы білім беретін орта мектеп. Жылда қажеттілікке сәйкес мектептерімізге ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Қазіргі уақытта аудан мектептерінің жылу жүйелері де реттелуде.
Жыл сайын ауданымызда бала саны өсуде. Білім сапасын көтеру мақсатында аудандық білім бөлімі үнемі мониторинг жүргізіп отырады. Оның арқасында сапасын төмен көрсеткен мектептерге білім бөлімінің қызметкерлері тарапынан әдістемелік күн, әдістемелік десант ұйымдастырылады. Жұмысқа қабылданған мұғалімдер үшін семинар-тренингтер, семинар-практикумдар, тәжірибелік алаңдар өткізіледі. Осының нәтижесінде ұстаздарымыз облыстық байқауларда жүлделі орындармен оралуда.
Сонымен қатар, өткен оқу жылында аудандық білім бөлімі SDU университеті, Абай атындағы ҚазҰПУ,Ұлттық құндылықтар академиясы, «Адам және қоғам» бірлестігі, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білім институтымен, Алматы қаласы, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, Алматы қаласындағы 185 мектеп-гимназия, «IT loop» жекеменшік мектебімен меморандумға отырды. Бұл мекемелермен жүргізілген жұмыстар ауданымыздағы мектептердің әлеуетін арттырып, педагогтердің тәжірибе алмасуына үлкен септігін тигізуде.
– Өзіңіз білетіндей біздің ауданымызда үш ауысымда білім беру мәселесі әлі де күрделі. Бұл мәселе қалай шешілуде? Осы жылы салынып жатқан мектептер үш ауысымдылықты толықтай жояды ма?
– Қарасай ауданында 2023 жылға дейін 12 мектеп үш ауысымда жұмыс істеген еді. Осы мәселені шешу мақсатында ауданымызда мектептердің құрылыс жұмыстары белсендеді. Нақтырақ айтқанда, 2023 жылы Қаскелең қаласында 1500 орындық мектеп, Жармұхамбет ауылында 600 орындық мектеп, Алмалыбақ ауылындағы мектеп-гимназия, Л.Толстой және А.Байтұрсынұлы атындағы орта мектептерде 600 орындық жапсаржай құрылысы, Жармұхамбет ауылында 600 орындық мектеп құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді.
Ал, биылғы жылдың қаңтар айында Үштерек ауылында 600 орындық мектептің құрылысы аяқталды. Бұл аудан бойынша үш ауысымды мектептердің санын 12-ден 6-ға азайтты.
Бұған қоса Мемлекет басшысымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы үш ауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын қабылдауды тапсырған болатын. Осы тұста жоба аясында ауданымызда Қошмамбет, Елтай, Долан ауылдарында жалпы 1200 орынға арналған 3 мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, «Өмірзақ» ықшам ауданында 900 орынға арналған мектеп құрылысы аяқталды. Әлі де аудан бойынша 5 мектептің құрылысы жүргізіліп, 2 мектеп салу жоспарлануда.
Осы жұмыстардың арқасында қазіргі таңда үш ауысымды мектептер саны 4-ке дейін қысқарып, 2025 жылға дейін үш ауысымды мектептердің мәселесі түбегейлі шешімін табатын болады.
– Жоғарыда айтып өткеніміздей, ауданымызда биыл біраз мектеп ашылды және де тағы да білім ордалары салынуда. Осы ретте туындайтын сұрақ, ауданымызда кадр жетіспеушілігі орын алған жоқ па?
– Биылғы оқу жылында ауданымызда 6245 педагог жұмыс істейді. Оның 495 магистр ғылыми дәрежесі бар ұстаз, 5489 жоғары білімді және 270 арнаулы кәсіптік білімі бар мұғалімдер. Қазіргі уақытта педагогтерді жұмысқа қабылдау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 21 ақпандағы №57 бұйрығы негізінде жүзеге асады. Яғни әрбір мектеп мұғалімдерді жұмысқа «enbek.kz» электронды биржасына, ҰББДҚ бос орынға конкурс жариялау арқылы қабылдайды.
Бүгінгі таңда кадр тапшылығы орыс сыныптарындағы бастауыш, математика, география, тарих сияқты пәндерде ғана бар. Бұл мәселені білім мекемелері Жоғарғы оқу орындарындағы бос жұмыс орындар жәрмеңкесіне барып шешуде.
– Елімізде оқу-ағарту министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірлесуімен, «eGov mobile» мобильді қосымшасында «Әлеуметтік әмиян» арқылы мектептерде тегін тамақтандыру бойынша пилоттық жобасы іске қосылған болатын. Осы ретте жаңа оқу жылы басталғалы білім ордаларынла тамақтандыру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр? Қанша қарасайлық оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілуде? Оның сапасы қалай қадағаланады?
– Иә, бүгінде ауданымыздағы барлық мектептерде бастауыш және әлеуметтік осал санатына жататын басқа да сыныптардың оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Анығырақ айтқанда, биылғы жылы білім беру ұйымдарында жалпы ыстық тамақ ішетін бала саны – 44503. Оның ішінде ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысы (өзерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 08 тамыздағы №544 қаулысы) бойыншы 1-4 сыныптар толығымен, 5-11 сыныптарда әлеуметтік осал топтағы оқушылар.
Ауданымыздағы бес мектепте 2345 оқушыға буфеттік тамақтандыру ұйымдастырылған. Сонымен қатар аталған санаттағы оқушыларға жазғы сауықтыру лагеріне жолдама да қарастырылған.
Сапаны қадағалау мәселесіне келетін болсақ, мектептегі тамақтанудың сапасы білім бөлімі тарапынан құрылыған комиссия мүшелерімен, сондай-ақ әр білім мекемесіндегі бракераждық комиссия тарапынан қадағаланып, тексеріліп отырады.
Айта кететіні, тегін тамақтануға бөлінетін қаржы жергілікті бюджеттің есебінен қарастырылған.
– Бүгінде әлеуметтік осал топтан шыққан балаларға жағдай жасау маңызды болып отыр. Осы ретте біздің мектептерде оқушылар үшін қандай әлеуметтік көмектер бар? Мәселен, аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қандай жеңілдіктер қарастырылған?
– Жалпы мемлекет тарапынан ондай отбасынан шыққан балалар үшін біраз жеңілдіктер қарастырылған. Ол мектептерге де қатысты. Жоғарыда айтып өткен ыстық тамақпен қамтамасыз етуден бөлек ҚР Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысы (өзерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 8 тамыздағы №544 қаулысы) негізінде 258 жекелеген санаттағы мектеп оқушыларына мектеп формасын алу үшін 2024-2025 оқу жылында 12 696 баланың ата-анасының есеп шотына (бала басына 43 407 теңгеден) аударылды. Өткен оқу жылында Жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен 10495 оқушының ата-анасының есеп шотына мектеп формасына арналған жалпы 425 млн 791 мың теңге қаражат аударылған болатын.
Бұдан бөлек білім бөлімі мен мектеп басшылығы тарапынан жылда әртүрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып отырады. Жомарт жанды азаматтарымыздың арқасында көптеген оқушыларға киім, оқу құралдары алынады.
– Оқу жүйесіне енгізілген өзгерістерге келсек. Таяуда мектептерге «Цифрлы ұстаз» және «Жасанды интеллект» деген жаңашылдықтар енгізілген еді. Осы жайлы толығырақ айтып өтесіз бе?
– Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» ҚР Президентінің 2021 жылғы 13 қыркүйектегі №659 Қаулысын орындау шеңберінде ҚР Үкіметі бастамасымен оқу процесін цифр-ландыру аясында тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар үшін «Цифрлық ұстаз» жобасы іске асырылуда. Жоба тұрмысы төмен отбасылардан шыққан үлгерімі төмен 8-11 сынып білім алушыларына қосымша қашықтан сабақтар ұйымдастыруға, ұсынылған 6 негізгі пәннен (алгебра, геометрия, химия, физика, биология, Қазақстан тарихы) 2 таңдалған пән бойынша білімдегі олқылықтарды толықтыруға және бітіру емтихандарына дайындалуға көмек көрсетуге бағытталған. Қосымша сабақтар негізгі пәндер бойынша білімдерінде олқылықтары, күрделі және көлемді тақырыптарды меңгеруде қиындықтары бар, ТТО-дан шыққан үлгерімі төмен білім алушылар үшін өткізіледі.
Аталған жобаны жүзеге асыру 2024-2025 оқу жылының қыркүйегіне жоспарланған болатын. ТТО-дан шыққан үлгерімі төмен білім алушыларды академиялық қолдау қызметін ұйымдастыру келесі нысандарда қарастырылған: цифрлық білім беру ресурстары қолданылатын қосымша сабақтар және кеңес беру сабақтары. Үлгерімі төмен білім алушыларда қиындық туғызатын күрделі және көлемді тақырыптарды түсіндіру мақсатында айына бір рет оффлайн форматта кеңес беру сабақтары өткізіліп отырады.
Биылғы тамыз кеңесінің басты тақырыбы «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім» болған. Бұл жаңашылдықтың басты мақсаты – білім саласына жасанды интеллект технологияларының озық үлгілерін енгізу. Жасанды интеллект технологияларын білімге сауатты енгізу оқытудың тиімділігін қамтамасыз етеді, ал бұл өз кезегінде білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бүгінде мектептерде ұстаздарымыз жасанды интеллекті қолдану арқылы ашық сабақтар өткізуде. Бұл әрине жаңадан енгізіліп жатқан өзгеріс болғандықтан, мұғалімдердің өздері де осы бағытта білімдерін жетілдіруді бастады. Ұстаздар жаңашылдықты толықтай меңгеріп алғаннан кейін алдағы уақытта сабақтарда қолдануға көшуіміз мүмкін.
Себебі қазіргі қоғамда цифрлық ресурстарды пайдалану – заман талабына айналған.
– Әңгімеміздің соныңда балабақшалар жайында сөз қозғасақ. Бүгінде мектепке дейінгі мекемелерде қандай өзгерістер орын алуда?
– Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балалардың қатысуын электронды түрде табелдеу жүйесі енгізілуде. QR-код немесе Face ID жүйесі (биометриялық аутентификация жүйесі) арқылы тіркелу, табельдеу процесін және жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша мектепке дейінгі ұйымдарда көрсетілген қызметтер актілерін қалыптастыруды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Бұл жаңашылдық ата-аналар мен балабақша арасындағы байланыс пен сенімді нығайтуға, сонымен қатар балалардың қатысу көрсеткіштерін әділ және ашық жүргізуге бағытталған.
– Уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рақмет!
Әңгімелескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.