Цифрлы технологиялар жаһандық тұрғыда дамудың негізгі факторларының біріне айналған. Ол ел экономикасының болмысын түбегейлі өзгертіп, еңбек өнімділігінің артуы мен өмір сапасының жақсаруына зор ықпал етіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қазіргі уақытта барлық мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерге цифрландыруды кеңінен қолданысқа енгізу белсенді түрде жүргізіліп, ауқымды жобалар іске асырылуда.
Осы ретте 2022 жылғы 14 шілдедегі «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы шеңберінде азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу (АХАТ) жөніндегі функция 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік корпорацияға берілген еді. Десе де мұндай өзгеріс аудандық және қалалық бөлімдердің қызметіне әсері етпейді. Яғни азаматтардың өміріндегі аса маңызды оқиғаларды ресми түрде рәсімдеу, сәби дүниеге келгеннен өмірінің соңына дейінгі актілерді хаттап, тарихи құжаттарды түзетіп отыратын аудандағы АХАТ бөлімдері бүгінде бұрынғыдай өз қызметтерін көрсетіп келеді.
Қарасай аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Айым Темірбекованың айтуынша, қазіргі уақытта аудандық АХАТ бөлімі «Неке және отбасы туралы» кодекске сәйкес тууды, қайтыс болу, неке (ерлі-зайыптылықты) қию және бұзу процесін жүргізеді. Сонымен қатар аты-жөнді ауыстырғанда, ата-ана атанғанда, бала асырап алған кезде азаматтық хал акті жазбаларын түзетіп, қалпына келтіреді және жояды. Сол сияқты бастапқы және қайталама куәліктерді, электрондық нысандағы немесе қағаз жеткізгіштегі анықтамаларды береді. Одан бөлек, азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу кітаптары мен куәлік бланкілерінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша жұмыс атқарады.
– Өзгерістерге сәйкес, бөлімдегі қызмет көрсету регламенттері, оларды қарау т әртібі мен мерзімдері өзгеріссіз қалады. Жас жұбайлар бұрынғыдай АХАТ арқылы некеге тұруға өтініш бере алады. Одан бөлек, өтінімдерді egov.kz немесе kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы да онлайн беруге болады. Өтініш неке қию күнінен 15 күн бұрын берілуі керек. Осы уақыт аралығында ол қаралып, телефон нөміріне 1414 нөмірінен жауабы жазылған хабарлама түрінде жіберіледі. Бұл жерде бір айта кететіндігі, егер де өтініш бергендер белгіленген күні АХАТ бөліміне келмесе, онда олардың өтініштері жойылады. Белгіленген күні болашақ ерлі-зайыптылар тіркеуші органға жеке басын куәландыратын құжаттармен бірге келуі керек.
Әрбір жеке тұлғаның деректері туралы ақпарат отбасылық құпия және ол заңмен қорғалады.
Сонымен қатар қазіргі уақытта туу туралы куәлікті алудың жолы жеңілдеген. Проактивті қызмет арқылы ауруханада жатып-ақ бірден туу туралы куәлікті толтыруға болады. Яғни ендігі кезекте ата-аналар проактивті қызмет көрсету құралдары бойынша 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарлама жіберу арқылы немесе kaspi.kz мобильді қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне өтіп, баланың туу туралы куәлігін рәсімдей алады. Ол дегеніміз бала өмірге келе салысымен анасына құттықтау смс келеді, сол жерде баланың есімін қойып қарапайым сұрақтарға жауап беруі қажет. Міне сол смс арқылы құжат рәсімделе бастайды. Өкіншке орай, бұл туралы әлі күнге дейін көбі білмейді.
Тарифтерге келетін болсақ, АХАТ-та тегін және ақылы қызметтер бар. Мәселен, заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, некені тіркеу құны – 3864 теңге, өзара келісім бойынша некені бұзу – 7728 теңге, өзгерістер енгізу үшін – 1932 теңге болып белгіленді. Өзге әлеуметтік қызметтер ақысыз жүзеге асырылады. Тууды тіркеу сияқты әлеуметтік маңызды қызметтер тегін қалады, – деді Айым Чоканқызы.
Қарасай аудандық азаматтық хал актілері тіркеу бөлімінде соңғы 10 айдың ішінде аудан бойынша туу туралы 6014 актілік жазбалар тіркеліп, елтаңбалы куәліктер берілген сондай-ақ 1670 қайтыс болу туралы актілік жазба тіркелген. Аудандық АХАТ бөлімінде Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына қарағанда ажырасу мәселесі әлдеқайда төмен. Анығырақ айтсақ, 10 айдың ішінде бөлімде 1557 адам некелерін қиса, неке бұзу жайлы тек 188 іс қаралған.
– Иә, еліміздегі соңғы өзгерістерге байланысты кәмелет жасқа толмаған балалары бар ерлі-зайыптыларды ажырастыру жұмысын ауданымыздағы Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жүргізеді. Осыған байланысты болар, біздің бөлімде неке бұзу жайлы істер көп емес. Бәлкім бұл АХАТ-та ортақ балалары жоқ немесе балалары кәмелет жастан асқандар, дүние мүлікке даулары жоқ жұптар өзара келісімімен неке бұзатындардың ісін қарайтынға да байланысты шығар. Негізінен бізде ажырасқысы келетіндердің көбі – үлкен буындағы кісілер.
Ал ажырасудың себебі – өзара түсініспеушілік. Бірін-бірі тыңдай алмауы және әр нәрсе үшін сөзге келісіп қалуы секілді нәрселердің бәрі ерлі-зайыптылар арасында ұрыс-керіс, жанжал тудырады, ақыры ажырасуға алып келеді. Құжаттарды толтыру кезінде ерлі-зайыптылардың жазатын себептері де осы. Ажырасқысы келетін жастар сирек кездеседі.
Десе де біздегі көрсеткіш жақсы болғанымен, облысымыздың көрсеткіші күрделі екені мәлім. Бұл қазір елімізде үлкен мәселеге айналып бара жатқан жайт, – деді бөлім басшысы.
Айта кетейік, АХАТ қызметтерін тек қана тіркеуші органның қызметкерлері көрсете алады. ХҚКО операторларын қоса алғанда, Мемлекеттік корпорацияның басқа қызметкерлері АХАТ ақпараттық жүйесіне кіре алмайды. Сондықтан мұнда қызмет алған тұрғындардың жеке өмір, жеке отбасылық өмірі мен отбасылық құпиясы заңның қорғауында болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.