Жақында Павлодар облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында Кереку жерінің танымал ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сазгер Асығат Тұрғанбектің 50 жас мерейтойының құрметіне, сондай-ақ ол жетекшілік ететін «Желдірме» ақындар мектебінің 20 жылдығына орай «Ұстаздық еткен жалықпас» атты республикалық оқушылар айтысы өтті.
Сүбелі сөздің иесі атанған жас айтыскерлердің өнеріне Мемлекеттік сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Ғалым Жайлыбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жарқынбек Амантай, белгілі ақын, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бейбіт Бөжен, «Алтын домбыра» иегері, ақын Аспанбек Шұғатай және елімізге белгілі ақын Қуанышбек Шарманов қазылық етті.
Орамды ойларын ұйқаспен жеткізу үшін бұл айтысқа еліміздің әр өңірінен ең үздік деген 7-11 сынып аралығынан 12 оқушы қатысты. Олардың сөз жарысы өте тартысты өтті. Бәрі де өнерлерімен көпшілікті тәнті еткенімен, қазылар алқасының көңілінен шығып, жүйріктердің арасынан жерлесіміз, Б.Қосынов атындағы орта мектептің оқушысы Рауан Нұршабеков бас жүлдені жеңіп алды. Осылайша ол қалың көрерменнің қошеметіне ие болып, айтыстың жеңімпазына берілетін 300 мың теңгелік сертификатың иесі атанды. Ал айтыстың 1-орыны Астанадан келген ару Айғаным Мақсұтқанға бұйырса, 2-орынға Қостанай облысының ақыны Нұрислам Рағат пен Павлодар облысының намысын қорғаған Мейіржан Баршынбай лайық деп танылды. 3-орынның жүлдесі үш ақынға берілді. Олар – Алматы қаласының ақыны Ерасыл Сейітжан, қызылордалық Еламан Кенжеш және Ақмола облысынан келген Сәттібек Серікболатұлы.
Айта кетейік, осы айтыста топ жарып, бас жүлдені иеленген қарасайлық жас ақын Рауан Нұршабеков аудандағы жыршы-термешілер мен ақындар орталығында білім алады. Ал мұндағы «Айтыс» мектебінің жетекшісі – айтыскер ақын Аяулым Дүйсекенова. Бұл орталық 2023 жылы облыс әкімінің қолдауымен ашылған болатын. Мұнда өнерге ынтасы бар оқушылар тегін білім алады.
Өз тілшіміз.