Бүгінгі күні көненің көзін көрген қарттар қатары арамызда аз емес екенінің өзі – үлкен қуаныш. Халқымыздың қазынасы атанған шоқша сақалды ақсақалдар мен самайларын әжім басқан ақ жаулықты аналардың өткен өмір жолдары өнегеден тұратынын тарих тарауларынан да жақсы білеміз. Олардың жүріп өткен жолдары алдыңғы буын аталарымыз бен апаларымыздың артынан ерген жас ұрпағы үшін тәрбиенің таптырмас тағлымы мен ғұмырлық ғибраты болып табылады. Сондықтан да болар олардың мәртебесі шоқтығы биік болып, жоғары тұрады.
Осыдан екі жыл бұрын аудандық ардагерлер ұйымының алқалы жиынына кездесіп қалғаным бар. Олардың бұл басқосуларында маңызды мәселелер тізбегі баршылық-ақ екен. Оның бәрі бүге-шігесіне дейін әңгіме арқауы болып жатты. Одан кейінгі мәселенің ұшы тыл ардагерлерінің өміріне тірелді. Әрине, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары сиреп қалғаны айтпаса да түсінікті жайт еді. Көзі тірі бірлі-жарымының өзі төсек тартып жатқаны қабырғаңды қайыстырып-ақ жібереді. Сонда көпшілік алдында 80 жастың сеңгіріне шығып отырған, Жібек жолы ауылдық округінің ардагерлер ұйымының төрағасы, ұзын бойлы еңсесін әлі де тік ұстайтын, арықтау келген, ашаңдау жүзінен мейірім шуағы төгілген Базаркелді Анисов мінберге көтеріліп, салмақты да сабырлы кейпімен сөзін бастап кетті.
– Біз соғыстан соң туған ұрпақтармыз. Халықтың, қоғамның, жас ұрпақтың алдында менің замандастарымның, үзеңгілестерімнің парызы мен қарызы әлі өтеліп болған жоқ. Соғыстан кейін біз бейбіт күннің берекесін арттыруға, ел дәулетін молайтуға білегімізді түріп тастап, белсене атсалысқан адамдармыз. Тоғысқан екі ғасырдың куәгерлеріміз. Тылдың сол кезеңдегі тынысы қандай болғанын білмейтіндер әлі баршылық, – деп әңгімесінің тізгінін әріден ширата бастады.
Ол кісінің ой-толғаммен қозғаған әңгімесі мәнділігімен, маңыздылығымен жұрт назарын бірден аударып әкетті. Расында да соғыстан соң туған ұрпақтардың көтерер жүгі жеңіл-желпі болмағанын ешкім ешқашан да жоққа шығара алмайды. Буыны бекімей, қанаты қатаймай жатып ат жалын ерте тартып мінген Базаркелдінің халық шаруашылығы жұмыстарын қалпына келтіру мақсатында аянып қалған жері жоқ. Небәрі 17 жастағы бота тірсек бозбаланың қазандай қайнап жатқан шаруашылық жұмыстарынан қол үзбей қомақты үлесін қосқанын оның қатарластары әлі күнге дейін ауыздарынан тастамай айтып келеді. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген қағида бекер айтылмаса керек.
Шындығында да, Базаркелді қарияның қолымен ұстап, көзімен көрген бейнеттері шаш етектен келетін шаруаның жиынтығы десе де болады. Ол кездегі колхоз бен совхоздың жұмыстары таңның атысынан, күннің батысына дейін саябыр тауып көрген емес. Қыстың қыраулы күндерінде мал қыстауларының азығы мен керек-жарағын апару, көктемнің алғашқы күндерінен егіс даласының қызу жұмыстары басталады. Ал, жадыраған жаз айы келгенде шілденің шыжыған ыстығында қоғамдық малдың қамы үшін шөп шабу науқаны басталады. Күзгі маусым жиын-терін жұмыстарының бір-бірімен жалғасып, жанталасып жататын уақыты. Осы бір еңбек додасының бел ортасында Базаркелді жүрді.
Мұның былай болатын жөні де бар еді. Қазақтағы «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген тағлымы мол тәмсіл сөз қалай дәл тауып айтылған. Ес білген шағынан ата-анасының алдынан қия өтпеген Базаркелді ол екеуінің айтқан ақыл-кеңесін құлағына құйып алып, табандылығымен тап-тұйнақтай етіп орындап отыруды өзіне басты ұстанымына айналдырды. Одан өмірінде жаңылып көрген жері жоқ. Қайта есейген сайын қара жұмыстың қандайына болмасын тереңдеп қанығып, шымырдай болып шыңдала түсті. Оның осы қасиеті айналасындағыларға айтарлықтай сабақ алатындай өнеге жолы болды.
Жаңа ғана Базаркелді Анисовтың әке-шешесін тілімізге тиек етіп өткен едік. Жарықтықтар жарық дүниені жалпығынан басып жүрген кездерінде дүйім жұртқа белгілі адамдар болыпты. Мәселен, әкесі Кенжебек Қаратаев өте малсақ жан атанып, төрт түлік малды өсіруде алдына жан салмапты. Адал еңбегі оны абырой асқарына шығарып, атақ-даңқы да алысқа кетіпті. Қатарынан екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты. Содан өмірінің соңына дейін мал бағумен өтіпті. Артында айқын ізі қалыпты. Әкесінің бұл ерен еңбегі артында қалған асыл тұяғы үшін ауыз толтырып айтып жүретін үлкен мақтаныш.
Ал, аяулы анасы Кәбен Қаратаева болса, колхоз жұмысының қара нары болған екен. Колхоз жұмысы бірінен кейін бірімен сабақтасып жататын сан-салалы жұмыс қой! Соның бәріне ақ тер, көк тер болып үлгеріп жүрген. Осындайда қазақ поэзиясының аймаңдай ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Қырықыншы жылдар» деген өлеңіндегі мына бір шумақ ойға оралмай қоймайды:
Аңыздардан тере жүріп масақты,
Рас, рас көзімізден жас ақты.
Бірақ со бір дауыл жылдар, от жылдар,
Бәрімізден бір-бір батыр жасапты, – дегені тағдырмен тайталасып өткен жайсаң жандардың жарқын бейнесін көз алдыңа әкеледі.
Өз кейіпкеріміз туралы әңгімеміздің кіріспесінде біраз жайлардың басын қайырып тастаған едік. Енді соны одан әрі жалғастыра түсейік. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін әр жұмыстың басын бір шалған Базаркелді бұдан кейін мал шаруашылығында табанды түрде еңбек етуге бекем бел буды. Жылқышының құтты құрығын қолына алды. Жал құйрығы желпілдеген жылқы малын бағудан еңбегі жеміссіз болмайды. Жібек жалды құлындар алудан да алда болды. Тұяғы бүтін тұлпарларды өсіруде топ бастаған жылқышы болып, шаруашылықтың бетке ұстар майталманы атанды.
Өмірлік кәсібі осымен ғана шектеліп қалмады. Жеті жылдан кейін сауда саласына қарай бет бұрды. Жұмысшылардың сауда кооперативінде 31 жыл табан аудармай еңбек еткен. Мұның 24 жылында малшыларға қызмет көрсететін көшпелі автодүкенді ұстады. Кейін жоғарыда аталған сауда мекемесі бастығының орынбасары, одан соң бастығы да болды. Пайғамбарлық жасқа жетер шағында төрт жылдай Алматы облыстық әкімдігінің шаруашылық басқармасында қызмет атқарды. Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де қол қусырып қарап жатпады.
2016 жылдан бері Жібек жолы ауылдық округінің және ауыл жұртшылығының қолдауымен осы ауылдағы ардагерлер ұйымының төрағасы болып сайланды. Жауапкершілігі зор бұл жұмысты Базаркелді Анисов ақсақал лайықты ар-ұятымен, жас ұрпаққа деген ұлағатымен, халықтың өзіне артқан сенімімен атқарып, жақсы істің жанашыры болып келеді. Халыққа сыйлы, абыройлы қария. Ауданда да, облыста да беделінің беріктігін нық ұстауда. Ол ауылға қатысты проблемалардың, халықтың әлеуметтік жағдайына байланысты өзекті мәселелердің оңды шешімін табуына айтарлықтай ықпалын тигізіп жүр. Олары өзінше бір әңгімеге татырлық. Айта берсе, аяқтала қоймайды.
82 жастағы Базаркелді Анисовты аудан жұртшылығы баяғыдан бері жаппай Бажат ата деп атап кеткен. Бұл оған деген халықтың орынды құрметі сияқты. Сол Бажат атамыздың адал еңбегінің арқасында арқалап жүрген марапаттары мен алғыстары да өзінше бір төбе. «Сауда саласының үздік қызметкері», Мәскеуде 1991 жылы өткен соңғы Бүкілодақтық кәсіподақтар съезінің делегаты, Алматы облысының «Құрметті ардагері», Қарасай ауданының «Құрметті азаматы». Төрт баласының тілеуін тілеп жүрген Базаркелді қарияның алдағы өмірден де күтері көп. Біз қадірлі қарияның сол армандарына аман-есен жеткеніне тілеулеспіз…
Қанат ТӘКЕБАЕВ,
Алматы облысының Құрметті азаматы,
ардагер-журналист.