Жалпы көп жағдайда адамдардың сана сезімінде зейнет жасқа келу өмірдің тоқтап қалуымен бірдей. Десе де бүгінде заман ағымына сай өмірін үйіндегі бала-шағасымен өткізіп отырған қарияларымыз үшін күндерін қызықты әрі белсенді өткізудің көптеген амалдары бар. Соның бірі – еліміздің барлық аймақтарында ашылып жатқан Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы. Аталған мекеменің негізгі мақсаты – зейнет жасындағы адамдарды әлеуметтендіру, оларды белсенді мәдени-шығармашылық, спорттық және іскерлік өмірге тарту, олардың физикалық және психологиялық саулығына ықпал ету арқылы өмір сүру ұзақтығын арттыру.
Ағымдағы жылдың 17 мамырында Қаскелең қаласында да осындай бір тамаша орталық өз есігін қарасайлық зейнеткерлерге айқара ашқан еді. Қарасай ауданының «Жанұя» отбасын қолдау орталығы мен «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қорының бірлесуімен жұмысын бастаған бұл мекеме бүгінде ауданның қарт жастағы тұрғындарына жақсы көңіл-күй сыйлап, олардың бос уақыттарын пайдалы өткізулеріне қолғабыс етуде. Осы ретте біраз күннен кейін елімізде аталып өтетін Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай аталмыш орталық жайында кеңірек айтып, оқырмандарымызға таныстырып өтуді жөн көрдік.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры және де аталған мекеменің ашылуына мұрындық болған Мадина Саутбекованың айтуынша, ауданымызда осындай мекемені ашу туралы идея оның ойында бұрыннан жүрген. Алайда қаражаттың жоқтығына байланысты бұл бастаманы жүзеге асыруды бірнеше жылдарға тоқтатуға тура келген.
– Жалпы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығын Қаскелеңде ашу жайлы ой маған әжем қайтыс болғаннан кейін жалғызсырап қалған атама қарап жүрген кезде келген еді. Жыл өткен сайын достары азайып, қасындағы сырласатын жұбының жоқтығы, үйден шығып баратын жерінің аздығы ол кісінің денсаулығына да сана-сезіміне де кері әсер етіп жатқанын жақсы түсінетінмін. Сөйтіп атамның жағдайына қарайласып жүрген кезде осындай орталық ашу туралы ойыма келді. Бірақ ол уақытта ондай мүмкіндігім жоқ еді.
Біраз жыл өткен соң ауданымызда осал топтағы аналарға қолдау көрсететін «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қорын аштым. Біраз уақыт әртүрлі әлеуметтік бағытта жобаларды іске асырумен айналыстым. Десе де оның бәрі өзімнің қаражатымнан болғандықтан үлкен жобаны бастау мүмкін емес еді. Қормен айналысып жүріп, кейіннен «Жанұя» отбасын қолдау орталығына директорлық лауазымға орналастым. Оның көмегімен біраз жақсы жобаларды жүзеге асыра бастадық. Сол кезде ойымда бұрыннан жүрген зейнеткерлерге арналған жақсы бастаманы іске асыруда қолға алдым.
Сөйтіп, биыл 17 мамырда Қаскелең қаласында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы мен «AZAMATSHA KZ» қайырымдылық қорының бірлесуімен ауданымыздағы алғашқы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды, – деді Мадина Маратқызы.
Уақыт өткен сайын келушілер саны да ақырындап артуда. Өйткені мұнда зейнеткерлер өздерімен тіл табыса алатын ортаны табуда. Бәрі өздерінің қатарластары, тек ер адамдардың қатары аз екен. Орталықта ата-әжелердің бос уақытын ұйымдастыратындай жақсы жағдай жасалған. Әсіресе мұнда келушілердің көңілінен шығатыны – фитнес-орталығы. Онда емдік денешынықтыру сауықтыру бағдарламасы негізге алынған. Барлық жаттығулар Қазақстанның кикбоксинг федерациясының мүшесі, талай жыл спорт саласында жүрген маман, жаттықтырушы Медина Горбачеваның өзі ойлап тапқан жеке бағдарламасы арқылы жүргізіледі. Ол алдымен жаттығысы келген әр ардагермен жеке сөйлесіп, оның жағдайын, қан қысымының деңгейін, созылмалы аурулардың болуын және дәрігерлер ұсынған шектеулерді ескере отырып, жағдайға сәйкес жаттығулар жасатады.
– Менің сауықтыру бағдарламам тек денсаулықты жақсартуға бағытталған. Бұл жаттығулар қан айналым жүйесін ретке келтіріп, зейнеткерлерді сергек сезінуге көмектеседі. Оның үстіне қатысушылардың бәрі зейнет жасындағылар болғандықтан, әр жаттығуды ойластыра отырып беруге тура келеді. Жаттығулар аптасына екі рет. Айналысып жүрген бөлмеміз шағын. Сондықтан, бір сабаққа 6-7 адам ғана қатыса алады. Бүгіннің өзінде бірнеше тобым бар, тағы 15 зейнеткер кезекте тұр. Келгісі келетіндер көп, бірақ бөлме кішкентай. Менің сабақтарыма қатысқысы келетіндер жетерлік. Әсіресе әжелеріміз көп. Алғаш келгенде біреуінің тізесі, біреуінің белі, біреуінің аяғы ауырса, бірнеше сабақтан соң жағдайлары жақсарып жатыр. Әсіресе басында жай көрейін деп келгендер 3-4 сабақтан кейін жақсы нәтижелерді көріп, кейіннен қалмай қатыса бастағандар саны артып барады, – деді Медина Горбачева.
– Алғаш келгенімізде жаттығуларды көріп біраз қорыққан едік. Алайда 2-3 реттен соң өзімізді жақсырақ сезіне бастадық. Таңертең басымыздың ауырғанын, қан қысымымыздың біресе жоғарылап, біресе төмендеуін, тіземіздің, беліміздің сырқатын, артроз, артрит деген ауруларымызды ақырындап ұмыта бастадық. Сондықтан әр сабаққа уақытылы келіп, өткізіп алмауға тырысамыз. Әсіресе бізге әрқашан жақсы жігер беріп отыратын жаттықтырушымыз Мединаның арқасында әр сабақтарымыз қызықты болып өтеді.
Шыныменде мұнда бізге өте жақсы, өте көп әсер алудамыз, денсаулығымызға, көңіл күйімізге… Осы зейнетке шыққан адамдардың арасында араласып, бір-бірімізбен бөлісіп, қатысып жүргенімізге қуаныштымыз, – деді фитнес-орталығының қатысушылары.
Бұдан бөлек мекемеде бос уақытты қызықты ұйымдастыруға бағытталған үстел ойындары бар. Онда ардагерлер дойбы, шахмат, нарды, тоғызқұмалақ ойнай алады. Сондай-ақ есте сақтау қабілетін жақсарту және ми белсенділігін арттыру үшін компьютерлік курстар, жанға жағымды, әдемі нәрсе жасау үшін тігін курстары ойластырылған. Әр үйірмені жеке мамандар жүргізеді. Оған қоса мұнда қариялармен жұмыс жасайтын психолог маманы да бар.
Орталыққа келушілердің бірі – зейнеткер, Қаскелең қаласының тұрғыны Мейрамкүл Секерқызы. Ол орталық жайлы әлеуметтік желіден біліпті.
– Аталған мекеменің ашылуы жайында инстаграм парақшасынан байқаған едім. Келіп, орталықты көріп, курстардың кестесімен танысып, ұнаған соң келуді шештім. Кейіннен шынында өзіммен қатарластармен әңгімелесіп, қызықты курстарға қатыса бастаған соң, орталық екінші үйім секілді болып кетті. Мамандар да ілтипатты, мәдениетті. Жалпы, орталық ұнады. Бұрын үйде немерелерімді бағып отыратынмын, ал қазір уақытымды өзіме бөлетін болдым. Бүгіндегі бар үйірмелер қатарына волейбол, баскетбол ойнайтын, жүзумен айналысуға арналған бассейн болса дейміз. Әрине бұл ғимараттың шағын болғандығынан мүмкін емес екенін түсінеміз. Десе де осындай жақсы бастаманы іске асырған Мадинамызға еліміздің жомарт азаматтары да қолдау көрсетіп, орталықты кеңейтуге көмек берсе деген тілегіміз бар. Өйткені, шындығында да бұл орталық бізге үлкен мүмкіндік беріп отыр, – деді зейнеткер.
Барлық қызмет тегін көрсетілетін орталыққа Қарасай ауданының зейнетке шыққан кез келген тұрғыны келе алады. Курстарға қатысу үшін ешқандай құжаттар тапсыруға міндетті емес.
– Жоғарыда айтып өткенімдей, ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық көрсетіп, оларды қоғамның белсенді өміріне тарту – біздің міндетіміз. Бүгінде орталықтың жұмысы ақырындап алға басып келеді. Бір-бірінен естіп, келіп жатқандар саны да өсуде. Әрине, біз өз тарапымыздан олардың өздерін ыңғайлы сезінулері үшін барлық жағдайды жасауға тырысудамыз. Дегенмен қазіргі ғимараттымыздың шағын болуына байланысты ойымызда болған біраз дүниені жүзеге асыра алмай отырмыз. Қазірдің өзінде бізде, гантельдер, жүгіру жолы және тағы да басқа жаттығуға арналған құралдар бар, алайда айтып өткенімдей оны қоятын жер жоқ. Біздің тараптан үлкенірек ғимарат іздестіру жұмыстары жүргізілуде, алайда ол да қаражатқа байланысты болып отыр. Бүгінде бізге үлкен көмек болып отырғаны – орталықта сабақ беріп жүрген мамандардың жалақысын ауданымыздағы Мансап орталығынан берілуі. Бұл – үлкен жеңілдік.
Әрине, алдағы уақытта қолдау тауып немесе қаражат жағы шешіліп жатса, орталықтың жағдайын одан әрі жақсартатын боламыз. Қазір осы бағытта жұмыс істеудеміз, – деді сөз соңында «Жанұя» отбасын қолдау орталығының директоры.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.