Мемлекеттік мәселеге, қоғам талқысындағы тақырыптарға жастардың үн қосуы өте орынды. Өйткені «Ел ертеңі – жастар» деп ұрандатуға сай болу үшін оларды қазірден бастап елдің болашағы үшін жасалып жатқан бастамалардан хабардар ету қажет. Солардың бірі – қоғамның ойы ортаға салынатын Қазақстанда Атом электр стансасын салу бойынша референдумның өтуі.
Дәл осы тақырып өткен аптада «Жарқын болашақ» атты ауданымыздағы жастардың форумында сөз болды. Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығындағы жиынға ауданның аға буын өкілі ретінде «Ардагерлер» ұйымының төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық мәслихат депутаты Бекжан Сүнбеков және Шамалған ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Жолдасбеков арнайы шақырылды. Сонымен қатар бұл басқосуға қарасайлық белсенді жастар да қатысты.
Дөңгелек үстел басында өткен жиында тақырыптың аясында маңызды ақпараттар айтылып, жастардың пікірі тыңдалды. Алдымен Қарасай аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жарқынай Садуова форумның мақсатын түсіндіріп, құрметті қонақтарға сөз кезегін ұсынды.
АЭС салудың ұтымды тұстарын бірінші болып Шамалған ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Бейбітұлы әңгімеледі. Әкім болып тағайындалғанына көп өтпесе де ауылдың ахуалымен жақын таныс. Оның айтуынша, ауыл ішінде электр қуатының жетпеуі ең өзекті мәселеге айналған. Сондықтан елімізге АЭС арқылы энергияның тапшылығын жоюға болады. Осы ретте округ әкімі жастарды референдумға шақырып, елдің болашағы үшін дұрыс таңдауға кеңес берді.
Жиында ағалық ақылын айтқан Сағат Ұлтарақұлы алдымен сөз басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауына қысқаша тоқталып, Мемлекет басшысының айтқан бастамаларына оң көзқарасын білдірді. Соның ішінде АЭС салуға қатысты ойын ортаға салып, оның еліміз үшін пайдалы жақтарын түсіндірді.
Ал аудандық мәслихат депутаты Бекжан Сүнбеков спортшы ретінде әлемнің бірнеше елдерін аралағанда сол мемлекеттерде даму барысы қарқынды екенін айтты. Өйткені көптеген елде энергия жағынан мәселе жоқ. Сондықтан өндіріс орындарының, зауыттардың жұмысы тоқтамайды. Осы ретте ол елге АЭС-тің қажет екенін айтып, алайда таңдау халықтың өзінде екенін жеткізді. Сол себепті референдумға қатысуды үндеп, жастарды белсенді болуға шақырды.
Форум барысында жоғарыда атап өткендей жан-жақты пікірлер ортаға салынды. Жастар қауымы тың ақпараттардан хабардар болып, референдумның маңыздылығы жайлы ой түйді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.