Қарасай ауданында биылғы оқу жылының алғашқы күндері жағымды жаңалықтарға толы болғаны белгілі. Алдымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қошмамбет пен Елтай ауылдарында жаңа мектеп қолданысқа берілсе, күні кеше Долан ауылында тағы бір білім шаңырағы ел игілігіне тарту етілді. Ал осы аптада «Өмірзақ» ықшам ауданында жергілікті бюджет есебінен бой көтерген үш қабатты мектеп ашылды.
Әйтейліктер көптен бері күткен Өмірзақ орта мектебінің салтанатты түрде ашылуы сәрсенбінің сәтінде өтті. Игі шараға аудан әкімі Жасұлан Естенов, Қарасай ауданының прокуроры Жәнібек Жақаев, сондай-ақ құрметті қонақ ретінде ел мақтанышы, Париж Олимпиадасының дзюдодан қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев арнайы қатысты.
Мектептің ашылу салтанатында алдымен аудан басшысы Жасұлан Тоққожаұлы сөз сөйлеп, мектеп ұжымын, ата-аналар мен ұстаздар қауымын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, мекеменің бой көтеруіне жауапты болған «Корпорация АҚ орда» ЖШС-нің директоры Ербол Манапов бастаған құрылысшыларға алғысын білдірді. Сондай-ақ аудан әкімі өз сөзінде аталмыш мектепте саналы ұрпақ тәрбиеленіп, мемлекеттің мақтанышы болатын балалар білім алатынына сенім білдірді.
Ізгі тілектің кезегі ел мерейін асырған Париж Олимпиадасының жүлдегері Ғұсман Даниярұлына да берілді. Дзюдошы оқушыларға деген ақ тілегін айтып, жарқын болашақ тіледі. Оның осындай жүрекжарды сөзінен кейін оған ерекше ілтипат көрсетілді. Ғұсман Қырғызбаевқа аудан кәсіпкерлерінің атынан шапан жабылып, сый-сияпат табыс етілді.
Ғимараттың ашылу сәтіне куәгер болған аудан прокуроры Жәнібек Оразбекұлы да құттықтау сөзін арнады. Одан бөлек «Өмірзақ» тұрғындарының атынан Жолдасбек Омарханұлы ізгі тілегін жеткізіп, алғысын айтты.
Шара соңында ғимаратты салған «Корпорация АҚ орда» ЖШС-нің директоры Ербол Манапов салтанатты түрде мекеменің кілтін мектеп ұжымына табыс етсе, Серғазы атамыз ақ батасын берді. Ал жаңа білім ошағының лентасын аудан әкімі Жасұлан Естенов пен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев қиып, мектептің ішін көпшілікпен аралап шықты.
Жаңадан ашылған мектеп үш ауысымдық мәселені шешуге үлкен септігін тигізбек. Өйткені осы уақытқа дейін мұндағы балалар көршілес Әйтей ауылындағы Б.Қосынов атындағы орта мектепке тасымалданып оқып келген. Бұл жайында аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева түсіндірді.
– «Өмірзақ» ықшам ауданынан жаңа білім ошағының ашылғаны осы жердегі тұрғындар үшін қуанышты жаңалыққа айналды. Алдағы уақытта балалар үйлерінің жанындағы мектепте оқитын болады. Бұл бір жағынан олардың өмірлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. 900 орынға арналған мектепке қазіргі уақытта 600-ге жуық бала қабылданды. Әлі де жалғасады. Жылдың соңына дейін өзінің қуаттылығына сай 1000-ға жуық оқушыны қабылданады. Келесі жылы 1-сыныпқа 300-дей баланы қабылдауды жоспарлап отырмыз, – деді аудандық білім бөлімінің басшысы.
Айта кетейік, 3 га аумақты алып жатқан Өмірзақ орта мектебі 900 оқушыға арналған. Үш қабатты. Іші толықтай заманауи үлгіде жабдықталған. Асханасы 150 балаға, ал акт-залы 200 адамға арналған. Екі спортзал және 42 кабинеті бар.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.