Қазан айының алтысы күні өтетін реферундумға шақыру жұмыстары Қарасай жерінде жалғасуда. Аптаның сейсенбісі күні ауданымызға облыстық мәслихат жанындағы бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Махаббат Бигелдиев бастаған республикалық штаб мүшелері арнайы келіп, бейбіт атомның не екенін және оны пайдаланудың қандай артықшылықтары бар екені туралы ақпарат берді.
Топ мүшелері алдымен Жібек жолы ауылдық округінде орналасқан «АзияАгроФуд» АҚ-на барып, оның ұжымымен кездесті. Айта кетейік, 560 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның құрамында 15,2 мың тонналық элеватор, ұн тарту зауыты, крахмал-меласса кешені, жем зауыты, сондай-ақ бір мезетте 40 мың тонна астықты сақтайтын қоймалары бар. Барлық цехтар мен өндіріс орындары Германияда, Швейцарияда, Италияда және АҚШ-та шығарылған ең жаңа, өнімділігі жоғары құрылғыларымен жабдықталған.
Кездесу барысында депутаттармен бірге арнайы келген ҚР Энергетика министрлігінің «Ядролық физика институты» бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Евгений Ермаков маман ретінде жиналған қызметкерлерге қарапайым тілмен Қазақстанға атом электр стансасының не үшін қажет екенін және оның энергиясы экологиялық таза екенін түсіндірді.
Оның айтуынша, дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың мәліметі бойынша қазір әлемде 415 ядролық энергетикалық реактор (ЯЭР) жұмыс істейді, (оның 307-і (74 %) қысым астындағы жеңіл су реакторлары), тағы 60 реактордың құрылысы жүріп жатыр. Атом электр стансаларының ең көп саны АҚШ-та (94), Францияда (56), Қытайда (56), Жапонияда (12), Ресейде (36) және Оңтүстік Кореяда (26) орналасқан. Олардың жұмыс істеу мерзімі 60, тіпті, 100 жылға дейін жетеді.
Жалпы елімізде тұрақты қуат көзін салу қажеттілігі туралы мәселе бұрындары да көтерілген. Ал бүгінде электр тапшылығы қатты біліне бастағанда, оның маңыздылығы артып отыр. Өйткені АЭС қазіргі уақытта электр қуатының жалғыз тұрақты көзі болып табылады және біздің елімізде байқалып отырған энергия тапшылығын ескере отырып, Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін тек атом электр стансасы ғана қамтамасыз етеді. Ал жел мен күн энергиясы, өкінішке орай, тұрақсыз. Анығырақ айтқанда, күн стансасының тиімділігі шамамен 20%, ал жел стансасы шамамен 35% құрайды. Бұл жерде бір айта кететіндігі, қаражат жағынан тиімділігі жоғары. Мәселен, бір АЭС салу шамамен 12 миллиард доллар. Алайда атом электр стансасына ұқсас қуат беретін күн стансасын салғымыз келсе, онда шамамен 30 миллиард доллар инвестиция тартуымыз керек немесе энергия қуаты бірдей жел стансасын салу үшін 60 мың гектар аумақ қажет болады. Оның үстіне АЭС-тың ең аз қызмет ету мерзімі 60 жыл, содан кейін оны тағы 20 жылға ұзартуға болады, яғни 80 жылға дейін оңай жұмыс істейді.
Атом электр стансасын пайдалану үшін қысымды сумен жұмыс істейтін ядролық реакторды орнату ұсынылады. Бұл реактордың түрі әлемдегі ең қауіпсіз болып табылады. Яғни АЭС еліміздегі уран мен көмірден қуат алатын стансаларға қарағанда адамның денсаулығына зиянсыз болады деген сөз. Анығырақ айтқанда, елімізде электр энергиясының 70 пайызға жуығы өткен ғасырдың ортасында салынған көмір стансалары арқылы өндіріледі, ал олар өте қатты ескірген. Бүгінде тозығы жетіп, жойылу алдында тұр. Әрине оларды жылда жөндеп, қалпына келтіру әрекеттері жасалуда, бірақ бұл стансалар бәрібір ұзақ қызмет етпейді. Мүмкін олар тағы 5-7 жыл ғана істеуі мүмкін.
Мұнан бөлек көмір стансасы электр энергиясының жақсы көзі болып көрінеді, бірақ соған қарамастан, ол қоршаған ортаға көптеген жағымсыз зиянды қалдықтарды шығарады, ауаға ауыр металдар және радиоактивті элементтер таратады. 60 жылдан астам жұмыс істеген көмір стансасы 300 мың тоннаға жуық қалдық шығарады. Оның ішінде шамамен 600 тоннасы ауаға ұшатын радиоактивті заттар. Өйткені көмір жерде жатқан қазбалы материал. Сондықтан онда радиоактивті элементтер бар. Бұл тұрғыда Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің шешімі жасыл энергия қатарына кірген АЭС әлде қайда қауіпсіз болып тұр.
Маманның тарапынан біраз маңызды ақпарат берілгенімен, кәсіпорын қызметкерлері көптеген сұрақтар қойды. Атап айтқанда, жиналғандардан: «АЭС-тің соңы Семей полигоны немесе Чернобль жарылысы секілді ақталса не болады?», «АЭС соншалықты жақсы болса, неге Германия секілді елдер одан бас тартқан?», «Неге АЭС-ті Ресей мемлекеті салуы керек?», «Бізде бұл салада жақсы мамандар жоқ қой. Ертең АЭС-ке кім жауапты болады?» деген сауалдар болды.
Оның бәріне маман жауап беріп, қауіпсіздікке келсек, бұған дейінгі АЭС-тер +1 және +2 деңгейіндегі алғашқы буынды стансалар болған еді. Оларда қазір қолданылатын қауіпсіздік жүйелері болмаған. Ал қазіргі елімізде салынайын деп жатқан станса соңғы 3-деңгейлі қауіпсіздік талабына сай болмақ. Олар да адам факторының әсері толығымен жойылғанын айтып өтті. Ал маманның айтуынша, біздегі АЭС-ты салатын құрылысшы мемлекет әлі де белгісіз. Қазір Ресей, Оңтүстік Корея, Франция және Қытай елі қарастырылып отыр. Әр мемлекеттің өз технологиясы мен талабы бар. Осы жерде АЭС-тің саяси жоба емес екенін ескеруіміз керек. Қай ел серіктес ретінде таңдалса да, тек АЭС-ты салумен айналысады, оны пайдаланбайды. Референдумда оң шешім қабылданған жағдайда қай ел АЭС салатынын мемлекет өзі комиссия құрып, сол 4 елдің ұсыныстарын қарап, тиісті бағасын беріп қана шешім қабылдайды.
Германия секілді Еуропаның бірқатар мемлекеттері АЭС саясат мәселесі жағынан бас тартқан. Бірақ қазірдің өзінде Германияда қуат көзінің тапшылығы қатты байқалып жатыр. Олар оның орнын жабу үшін көршілес Франциядан энергия сатып алып отыр. Қазір күн стансасын, жел энергиясын енгізуге тырысуда, бірақ ол әлі де олардың елін дағдарыстан шығармайды, себебі олар тұрақты қуат көздері емес. Ал мамандар мәселесі бойынша бүгінде еліміздегі жетекші жоғары оқу орындары ядролық салаға кадрлар даярлау ісіне белсенді атсалысып жатқандығын жеткізді. Шәкәрім, Назарбаев атындағы университеттері және басқа да жоғары оқу орындары Ұлттық ядролық орталықпен бірлесе отырып, болашақ мамандарды даярлауға кіріскен.
Маманнан жан-жақты әрі нақты жауаптарды алған мекеме қызметкерлері ақпаратты қорытып, ойланып, қазан айында референдумға барынша дайын болып баратындарын жеткізді.
Жалпы осы күні қатарында «Ақ жол» ҚДП Алматы облысы филиалының төрағасы Мейраш Шынасилова, «А.Рич» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Меруерт Молдашева, «Байтақ» жасылдар партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Садыков және «AMANAT» партиясы Қарасай аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов болған республикалық топ мүшелері Шамалған ауылдық округіндегі «Ushqonyr» спорт кешенінде спорт өкілдерімен, Қаскелең қаласындағы аудандық Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен және де Ұмтыл ауылдық округіндегі Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлерімен кездесіп, қажетті ақпаратпен бөлісіп, референдумға келіп, өздерінің ҚР азаматы ретінде ұстанымдарын көрсетулерін сұрады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.