Денсаулықтың қадірін әдетте адам ауырғанда ғана біледі. Аманатқа берілген дүниеге қиянат жасамау әр адамның өз қолында. Дей тұрғанмен адам денсаулығына қоршаған ортаның да әсері бар екені анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне жүгінетін болсақ, адам денсаулығының 40 пайызы экологияға, 40 пайызы өзінің өмір дағдысына, ал 18-20 пайызы ғана медициналық көмекке тәуелді екен. Сондықтан да денсаулығына бей-жай қарамайтын жандар үнемі ең жақсы медициналық қызмет көрсететін орталықтарды іздері анық.
Қазіргі таңда Қарасай ауданының аумағында клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасымен қатар «Жанұя», «Достар Мед» және «ID Senim R» секілді медициналық мекемелер тұрғындарға қызмет көрсетуде. Аталған орталықтардың бәрінің де жеке көрсетер қызметі, пайдасы бар.
Ендеше олардың тарихына қысқаша тоқталып өтейік.
1. Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасы
Қарасай ауданының орталық ауруханасы 1974 жылы қолданысқа берілген. Қазіргі уақытта оның жалпы аумағы – 35032 шаршы метр. Аты айтып отырғандай-ақ көпбейінді аурухана болғандықтан, бұл көрсетілген шаршы аумақтың ішінде жеке емхана, балалар бөлімі, перзентхана және сауықтыру орталығы да бар. Дәлірек айтсақ, балаларды қарау бөлімінің ғимараты 1932,8 шаршы метрді құрайды. Ал, перзентхананың нысаны 7 233,25 шаршы метрді, сауықтыру орталығының аумағы 3570,4 шаршы метрді құрайды. Ал емхана ғимаратының аумағы 2054,7 шаршы метр.
Бүгінгі таңда сауықтыру бөлімінде 287 919 адам тіркеуде тұр. Соның ішінде бір жасқа дейінгі бүлдіршіндер саны 6573, ал 14 жасқа толмаған балалар саны 105 361. Сондай-ақ жалпы есепте 148 727 әйел адам тіркелген. Осыншама тіркелген тұрғынға аурухана тарапынан ең жоғарғы медициналық көмектер көрсетіліп отыр. Мұнда әр науқас дер кезінде өзіне керек емді алып, дәрігердің көмегіне жүгіне алады. Олай дейтініміз осы Қарасай клиникалық көпбейінді орталық аудандық ауруханасында қазіргі уақытта жоғары білімді 466 дәрігер қызмет етеді. 1343 орташа және кіші медициналық қызметкерлер бар. Ал басқа жұмысшылардың саны 345-ке жетіп отыр.
Аурухананың халыққа қызмет көрсету сапасы жақсы болғандықтан, тіркелген тұрғындар саны осындай көрсеткішті көрсетіп отырғаны мәлім.
2. «Жанұя» медициналық орталығы
«Жанұя» медициналық қызмет көрсету орталығы қазіргі уақытта Қарасай ауданындағы ең тиімді, әрі танымал медициналық орталықтардың бірі болып танылады. Айта кетерлігі, бұл мекеме алғашында, яғни 2012 жылдың 9 мамырында Жұмабек Бирмузин атындағы медицина орталығы болып ашылған. Кейіннен атауы «Жанұя» деп ауыстырылып, бүгінде халыққа қызмет көрсетіп келеді. Орталыққа мұндай атау берілгендігінің де өзіндік бір себебі бар.
Анығырақ айтсақ, медициналық мекеме алғашқы үш жылда тек ақылы қызмет көрсеткен. Алайда емделуге келгендердің ішінде бедеулікпен айқасып жүрген науқастардың саны көбейген. Осыны байқаған мекеме басшылығы бауыры бүтін отбасылардың саны көп болсын деген ниетпен Жұмабек Бирмузин атындағы медициналық орталықты «Жанұя» деп өзгерткен екен. Сол уақыттан бері бедеулікті емдеп, көптеген отбасыға сәбилі болу бақытын сыйлап келе жатқан үлкен орталыққа айналған.
Мекеме 2015 жылдан бастап арнайы сақтандыру компаниялармен байланыс орната бастады. Бүгінде олар еркін түрде 8 сақтандыру компанияларымен қызметтес.
Аталған орталықтың қазіргі басшысының айтуынша, алғашында орталықта үш қана қызметкер жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 120-ға жеткен. Яғни мұнда терапевт, хирург, акушер-гинеколог, эндокринолог, дерматолог, офтальмолог, ЛОР, эндоскопист, алерголог, гематолог, гастроэнтеролог, УЗИ дәрігері, лаборанттар, орта буын және кіші буын медициналык кызметкерлері сынды адамдар халыққа қызмет етіп отыр. Сонымен қатар, медициналық орталықта флюорокабинет, лаборатория, рентген кабинет, эндоскопия кабинеті, кундізгі стационар, тәулік бойы жұмыс істейтін стационар қызметтері де бар. Қазіргі уақытта Қарасай ауданы бойынша орталықтың үш филиалы жұмыс істеп тұр. Олар Кемертоған ауылында, Қаскелең қаласында және SDU оқу орталығында орналасқан. Осы филиалдардың ішіндегі SDU оқу орталығындағыда 4500-дей адам тіркелген екен.
«Жанұя» медициналық орталықтың тағы бір ерекшелігі – шетелдік дәрігерлермен де бірлесіп жұмыс істеуі. Бүгінгі таңда Үнді елінен арнайы дәрігерлер келіп, барлық науқастарды үлгергенінше қарап жатқан көрінеді. Одан бөлек Қытай халық республикасының Пусан қаласындағы медициналық орталықпен де тығыз байланыста жұмыс істеуде. Мекеменің қазіргі басшысының айтуынша, шетелдің дәрігерлерімен тікелей онлайн жұмыс жасауда.
– «Қажет жағдайларда бізде тапсырылған анализдердің нәтижесін шетелдегі дәрігерлерге жібереміз, содан кейін осы орталықта орналасқан арнайы теледидар арқылы онлайн байланысқа шығып, науқастың қандай ауруы бар, медициналық көмектің қай түрін көрсететінімізді талқылаймыз. Осылайша бізде тіркелген адамдарға, бізге емделуге келген әрбір адамдарға осындай ерекше ықыласпен көмек көрсетеміз», – деді «Жанұя» орталығының басшысы.
3. «Достар Мед» медициналық орталығы
«Достар Мед» орталығы 2004 жылы ашылған. Қарасай ауданындағы ең алғашқы медициналық мекеме болғанымен, алғашында мұнда көрсетілетін барлық қызмет түрі ақылы болған. Кейіннен арнайы сақтандыру компанияларымен қызмет жасау барысында, халыққа қызмет көрсету сапасы жеңілдетілген. Орталық ашылып, өз жұмысын қарқынды жүргізе бастаған сәтте 3200 адам тіркелген. Ал қазіргі уақытта сапалы қызметтің нәтижесінде 16 583 адам тіркеліп, арнайы медициналық сақтандыру қызметін алып отыр. Аталған мекемеде 122 қызметкер жұмыс істейді, соның ішінде 46-сы дәрігерлер. Ал қалған 14 қызметкер жоғары медициналық көмекте, 27-сі кіші медициналық қызметте, 49-ы орталық медициналық қызметте жұмыс істейді. Сонымен қатар бұл мекемеде арнайы емдік дене шынықтыру кабинеті де бар.
Бұған қоса биылғы жылы орталық өздеріне арнайы жедел жәрдем көлігін сатып алған. Яғни, тіркеуде тұрған тұрғындарға қызмет көрсету үшін осындай жағдайлар жасалып отыр.
Медициналық орталықтың қызметінің сапасы жоғары болғандықтан, қазіргі уақытта Алмалыбақ ауылында екінші филиалы ашылды. Деректерге сүйенсек, дәл қазір ол онда 4000-ға жуық адам тіркелген. Бір айта кетерлігі, мұнда Қаскелең қаласы мен Алмалыбақ, Әйтей, Шамалған, Бекболат және Үштерек ауылының тұрғындары тіркелген. Сондай-ақ Жамбыл ауданының Қарғалы аулынын адамдары да келіп тіркелуде.
«Достар Мед-те» педиатр, невропатолог, кардиолог, эндокринолог, маммолог, онколог және тағы да басқа сынды жетекші дәрігерлердің барлығы қызмет көрсетеді. Айта кету керек, бұл мекемеде адамдарға жақсы дәрежедегі жағдай жасау мақсатында қазіргі уақытта жедел саты қызметі іске қосылуда. Оған қоса мекеме атауы «Алат-С» – «Достар Мед» медицина орталығы болып өзгертілген.
4. «ID Senim R» медицина орталығы
«ID Senim R» медицина орталығы ауданымызда 2013 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда мұнда 27700 адам тіркелген. Аталған мекеменің филиалдары Қаскелең қаласында, Көлащы және Іргелі ауылдық округтерінде орналасқан. Ақпараттарға сүйенсек, бұл орталықта барлық дәрігерлік қызметтер көрсетіледі. Яғни, бұл медициналық орталықта оңалту бөлімі, физиокабинет, массаж, ЛФК, рентген, маммолог, офтальмолог, отоларинголог, хирург, уролог, УЗИ, стоматолог, акушер-гинеколог, ФГДС, гастроэнтеролог, кардиолог, психолог, онколог, эндокринолог, невропатолог, пульмонолог, аллерголог, гематолог, аудиометрия, солевая шахта, күндізгі сауықтыру орталығы, вакцинация, лаборатория және дәріхана секілді барлық қызметтер енгізілген деген сөз.
Медициналық мекемелер жайлы емделушілер не дейді?
1. Қаскелең қаласының тұрғындары және Қарасай ауданаралық көпсалалы аурухананың тіркелушілері
– Осыдан бірнеше жыл бұрын менің өт жолыма күрделі ота жасалған. Бір емес, екі ота сәтті өтті. Қазіргі уақытта «пышаққа түспеген» адам секілді дін аман жүргенім осы дәрігерлердің біліктілігінің арқасы, сол үшін де алғысым шексіз, – деді Қаскелең қаласының тұрғыны.
Дәл осындай пікірін тағы бір қаскелеңдік білдірді.
– Менің сіңілім жүрек ауруы бойынша осы ауруханада емделіп жатыр. Бүгінде беті бері қарап сауығып келеді. Жанын аман сақтап қалған ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз, – деп өз ризашылығын білдірді.
2. Қаскелең қаласының тұрғыны
– Мен бұл «ID Senim R» медицина орталығында тіркеуде тұрғаныма бірнеше жыл болды. Маған дәрігерлердің қызмет көрсету сапасы ұнайды. Бірақ бір кемшілігі арнайы талонмен жұмыс істеген соң, жиі кезек күтуге тура келеді. Кейде адам көп болмаса, кезегіміз тез жетеді. Сонымен қатар ішінде адам саны аз, шулы емес. Кез келген уақытта медбике қыздарға көмек сұрап келсек, бірден көңіл бөліп, сырқатымызды емдеуге тырысады. Сондықтан да осы орталыққа көп алғысымды айтамын, – деді «ID Senim R» медицина орталығын емделушісі.
3. Кемертоған ауылының тұрғыны
– Қазіргі уақытта жаның қиналса, жақсы дәрігер табу өте қиын. Мен Қарасай ауданының барлық тұрғындарына осы «Жанұя» орталығына келіп емделуді ұсынар едім. Себебі дәрігерлердің қызмет көрсетуі, жұмыс сапасы, бәрі ұнайды. Тіпті қазіргі уақытта Үнді елінен арнайы дәрігерлерді шақырып, бізді тексертіп жатыр. Үнді дәрігеріне қабылдаудан өту барысында шет тілін түсінбеген адамдарға арнайы аудармашы қызметін деп ұсынып отыр, сол үшін де алғысымыз шексіз, – деп пікірін білдірді «Жанұя» орталығындағы ем қабылдаушы.
Жоғарыда атап өткен медициналық орталықтардың әрқайсысының сапасы мен қызмет көрсету деңгейі әртүрлі. Алайда Қарасай ауданының тұрғындарының барлығына да медициналық көмек көрсету бағыты ұнайды. Сондай-ақ бұл аталған орталықтардың жұмыс істеу барысы, халыққа қызмет көрсету деңгейі жоғары болғанының нәтижесінде өз аумақтарын үлкейтіп, жалпы аудан бойынша бірнеше филиалдар ашып отыр. Сол үшін де тұрғындардың сауалына сүйене келе, барлық медициналық орталықтарға және дәрігерлерге үлкен рақмет айтпақшымыз. Алайда ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуді ұмытпаған жөн.
Шұғыла ТЫНЫС.