Газетіміздің өткен санында «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының 8 спортшысы Молдова елінде армрестлингтен Әлем чемпионатында бақтарын сынап жатқандары туралы жазған едік. Жақында аталмыш біріншілік өз мәресіне жетті. Дүниежүзілік додада жерлестеріміз өздерінің жоғары шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігерін көрсетіп, жеңіспен оралды. Спортшыларымыз Қазақстанның қоржынына 3 алтын, 5 күміс, 1 қола медаль салды.
Саңлақтарымыздың осындай жетістікке жетіп, жеңімпаз атануына қысқаша тоқталар болсақ. Ағымдағы жылдың наурыз айының үші мен жетісі аралағында Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында армрестлингтен жас жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар және ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында Қазақстан Республикасы чемпионаты өткен болатын. Еліміздің түкпір-түкпірінен кіл мықты да білекті спортшылары бақ сынасқан дүбірлі додаға біздің ауданымыздың «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының майталмандары да қатысқан еді. Тартысты өткен сайыста ұйымнан 48 спортшы бәсекеге түсіп, 28-і жеңіс тұғырынан көрініп, Қазақстанның чемпионы атанып, Азия және Әлем чемпионаттар мен кубок ойындарына қатысуға мүмкіндік беретін жолдаманы ұтып алды. Осы жетістіктің арқасында олар Молдова Республикасында ұйымдастырылған жас-жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында өтіп жатқан армрестлингтен 45-ші әлем чемпионаты және пара-армрестлингтен 26-шы әлем чемпионатына жол тартты.
Жылда дәстүрлі түрде өтетін сайыс жайында айтатын болсақ, ол тамыз айының 15-і мен 25-і күндері аралығында Молдованың астанасы – Кишинёв қаласында Республиканың Армрестлинг ұлттық спорт федерациясы Кишинев қаласының әкімдігімен бірлесе отырып ұйымдастырылды. Оған 61 мемлекеттен 1500-ге жуық спортшы қатысты. Ал Қазақстанның намысын қорғау үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ облыс және басқа да қалалардан 150 спортшы барды. Олардың қатарында «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының 8 спортшысы болды.
Жалпы біздің елімізде жақсы нәтижелер көрсететін спорттардың бірі армрестлинг болғандықтан, жарыстың алғашқы күні-ақ қазақстандық қол күрестің шеберлері 56 медаль, атап айтқанда, 18 алтын, 18 күміс және 20 қола жеңіп алды. Он күн бойы жалғасқан чемпионат нәтижесінде 150 спортшы 82 алтын, 92 күміс және 82 қола, жалпы 256 медальды еліміздің қоржынына салып, тағы бір мәрте өздерінің мықты екендерін дәлелдеді. Ал біздің қарасайлық 8 спортшы 3 алтын, 5 күміс, 1 қола медаль ұтып алды.
Анығырақ айтқанда, құрама сапында ел намысын қорғаған Қазақстан чемпионы, 10 жылға жуық ұстаздық жолында еңбек етіп келе жатқан Камила Жанадилова, екі қызды тәрбиелеп, аналық міндетімен қатар кәсіби спортты қатар алып жүрген Қазақстан чемпионы Балғын Тергеусизова және С.Асфендияров атындағы Қазақ Медициналық университетінің студенті, жас спортшы Айдана Ермекбаева лайықты өнер көрсетіп, жеңіске жетті. Үшеуі де алтын медаль алды. Бір айта кетерлігі, Камила мен Балғын өз титулдарын қорғап, екінші мәрте чемпион болды. Ал Айдана Ермекбаева болса, жарыста сол қолымен күресіп, алтын, оң қолымен күш сынасып, күміс, жалпы екі медальді жеңіп алды.
Ал Марал Боранбаева, Жұлдыз Бұқарбаева мен Азамат Нұралиев күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл жерде де Марал Боранбаева екі қолымен күресіп, екі күміс медаль иеленді. Ал 27 жасар Никита Чербоков қола жүлдегері атанды. Осылайша қарасайлық майталмандар тағы бір мәрте Алматы облысы бойынша кіл мықты екенін дәлелдей алды.
«Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының жетекшісі Тәжіғали Ходжамұратовтың айтуынша, чемпионат барысында барлық спортшы тамаша ойын көрсете білді.
– Жалпы Қазақстанда өткен чемпионатта 48 спортшымыз қатысып, 28-і әлемдік жарысқа жолдама алған болатын. Алайда қаржылай қолдау болмағандықтан, 8-і ғана әлем чемпионатына бара алды. Оған біз мамыр айынан дайындала бастадық. Жаттығулармен қатар категорияны растайтын түрлі медициналық тексерістерден өттік. Сөйтіп, диеталар, жаттығулар, тексерістерден өткеннен кейін Молдова еліне аттандық. Бұл жерде айта кеткім келетіні, 8 спортшының төртеуіне Алматы облысы дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спортты дамыту дерекциясы демеушілік көрсетіп, жолдарына кететін шығынды жауып берді. Ал біреуінің жол қаражатының жартысын жергілікті әкімдік көтерді. Қалған спортшылар ақшаны өз қалталарынан шығарды. Десе де осының бәрі ақталды.
Әрине, сайыс оңай болған жоқ. Қарсыластарымыз өте мықты болды. Барлығының да жарысқа тыңғылықты дайындалғандары көрініп тұрды. Дегенмен жақсы дайындық, өжеттілік пен табандылық біздің үздік атануымызға септігін тигізді. Оның үстіне арамызда спортпен айналысқандарына аз болғандар медальмен қатар өзге елдегі үлкен чемпионатқа қатысу арқылы жақсы тәжірибе де жинақтай алды. Чемпионат барысында біраз қызықты жайттар да орын алды. Мәселен, біздің алтынды ұтып алған Айдана қызымызды финалға бір жеңіс пен бір жеңілісі бар деп шығара жаздады. Ал ол болса бір ғана сайысқа шығып, оны жеңіспен аяқтаған болатын. Сол жерде біз бірден апелляцияға беріп жүріп, қате кеткенін дәлелдеп, екінші кезеннің жеңімпазы ретінде жазып қойған Грузия мемлекетінің спортшысымен қол күрестірдік. Нәтижесінде Айдана жеңіске жетіп, финалға жеңіліссіз жетті. Ал финалдың қорытындысын өздеріңіз білесіздер, – деді Тәжіғали Әбдіжәмілұлы.
Жерлестеріміздің жетістіктері назардан тыс қалмады. 25-і күні кешқұрым Алматы әуежайына қонған жарыс жеңімпаздары мінген ұшақты Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері бастаған қарасайлық ағайындар мен туыстары ерекше қуанышпен, құшақ-құшақ гүлдермен және де шағын концерттік бағдарламамен қарсы алды. Лайықты жеңістерімен құттықтап, оларға ауданның және облыстың ғана емес, сондай-ақ елдің намысын қорғап келгендері үшін ризашылықтарын білдірді.
Қазіргі уақытта спортшылар демалуда алайда аз уақыттан кейін олар қайтадан жаттығуларына кірісетін болады. Себебі федерацияның жоспары бойынша келер жылға деген жоспар көп болып отыр.
– Жақында Талғар қаласында Қазақстан чемпионаты өтетін болады. Сондай-ақ қыркүйек айында Алматы қаласында ересектер мен жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан ҚР чемпионаты болады. Оған тамыз айында өткен жарыстарда іріктеуден өткен 8 жасөспірім және 8 ересек спортшы қатысатын болады. Қазір дайындық жүруде. Бір өкініштісі, ағымдағы жылдың қазан айында Мумбайда Азия кубогы, сондай-ақ Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында өтетін халықаралық дүбірлі додаға қаржылай қолдаудың жоқтығынан қатыса алмайтын болдық. Әйтпесе 28 спортшымыз ол жақта да жақсы нәтиже көрсете алатын еді. Бұдан бөлек тағы бір алға қойған мақсатымыз – келер жылы елімізде өтетін ҚР спартакиадасында Алматы облысы құрама командасының қатарында қарасайлық спортшыларды көбейту.
Жалпы біздің барлық спортшымыз биыл жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Әрине, ұйымға жақсы қолдау білдіріп, демеушілік көрсетілсе, ал әкімдік тарапынан жеңістеріміз бағаланып жатса, біз бұдан да үлкен жетістіктер көрсететін едік. Қазіргі уақытта бізде спорттың басқа түрлерінен дайындалатын ғимарат та, жағдайы төмен спортшыларымызды жаттығуларға тасымалдайтын автокөлік те жоқ. Оның үстіне спорт жаттығулармен қатар дұрыс диета мен қосымша биологиялық қоспалар мен дәрумендер қажет етеді. Ал бізде қаржылай қиындықтарға байланысты спортшыларымызды ондаймен тұрақты түрде қамтамасыз ете алмаймыз. Осының өзінде өткен 2023 жылдың қорытындысы бойынша пара ойындардан келген жеңістердің 60-70 %-ы қарасайлық спортшылардың жетістіктері, – дейді «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының жетекшісі.
Қазіргі уақытта федерацияда 400-ге спортшы жаттығуда. Ал оның ішіндегі 250-ден астамы – тұрақты түрде жаттығып, түрлі деңгейдегі сайыстарға қатысып жүргендер. 11 жылға жуық істеп келе жатқан ұйымның елімізде көп насихатталмайтын спорт түрлерін дамытуға күш салып келеді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарды спортқа тартудан бөлек қоғамның толыққанды мүшесі ретінде мәртебесін көтеру мен белсенділігін қалыптастыру бағытында еңбек етуде. Пара спортшылар бүгінде мұнда қол күресі, суда жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, үстел теннисі, тхаэквондо, еркін және грек-рим күресі, шахмат, тоғызқұмалақ сияқты спорттық ойындардың 19 түрі бойынша жаттығуда.
Осы уақыттың ішінде федерация спортшылары көптеген тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Ауданнан бастап халықаралық чемпионаттар, турнирлер, біріншілік пен көпшілік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, жекелеген спортшылар облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан жоғарғы дәрежедегі жетістіктерге жетті.
Сөз соныңда Тәжіғали Ходжамұратов федерация құрылғалы бері қолдау көрсетіп, кейінен тіпті, жаттығуды өткізу үшін тегін зал берген Қаскелеңдегі «Дельфин» спорт кешенінің директоры Алмас Жұмабаев, Қарасай аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Абзал Жұмабаев және оның орынбасары Жарасхан Айымқұлов, сондай-ақ әр уақытта спортшыларды тегін сумен қамтамасыз етіп отырған сусындар мен азық-түлік шығарытын «RG Brands» компаниясының басшығына алғысын айтты. Сонымен қатар алдағы уақытта жеңіл атлетикадан өтетін чемпионатқа спортшыларға жаттығумен көмектесіп жүрген Қаскелеңдегі В.Белинский атындағы орта мектептің дене шынықтыру мұғалімі Виктор Пакке үлкен ризашылығын білдірді.
Тағдыр теперішіне қарамай, он екі мүшесі сау замандастарымен өздерін тең ұстап, үлкен әлемдік додада жеңімпаз атанған спортшыларымыз бен оларды дайындауға бар күшін жұмсаған жаттықтырушылар құрамын жетістіктерімен құттықтаймыз! Алдағы дүбірлі додаларда табысты өнер көрсетіп, жарқын жеңістерге жетулеріне тілекшіміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.