Бүгінде Қазақстан дамыған тәуелсіз мемлекет ретінде орнықты, дүниежүзінде өзінің лайықты орнын алды. Мұндай іргелі істер 1995 жылы тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституциямызға негізделген саяси тұрақтылықтың және экономиканың әлеуетті болуының арқасында мүмкін болып отыр.
Күні кеше ауданымызда аталған маңызды сәтті атап өту мақсатында орталық Мәдениет үйінде «Елдігімнің айбынын асқақтатқан Ата Заң» атты салтанатты кеш ұйымдастырылды.
Мерекелік шараның шымылдығы Алаш зиялыларының қазақ еліне қатысты заңдардың өзгерістері туралы айтқан сөздері көрсетілген «Алаш ұлдары» атты шағын қойылыммен ашылды. Әрі қарай сахнаға «Қалбибі» өнер студиясының кішкентай әншілері шығып, «Елім менің» әнін шырқады. Мұнан соң Туымыз көкке көтеріліп, Мемлекеттік Гимн орындалды.
Алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Жасұлан Естеновке берілді. Ол көпшілікті мерекемен құттықтап, қабылданған Конституцияның мән-маңызын тарқатып айтты.
Сонымен қатар аудан басшысы айтулы күнге орай заң саласында еңбек етіп жүрген аудан белсенділерін Алғыс хатпен марапаттап, атқарып жатқан қызметтері үшін ризашылығын білдірді.
Салтанатты шараның соңы Мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасып, Нұрдаулет Жуасбектің орындауындағы рухты әнмен тәмамдалды.
Шұғыла ТЫНЫС.