Жаздың жадыраған күндері аяқталып, ең қарбалас маусымда есігімізге аяқ тіреді. Бірнеше күндерден кейін 2024-2025 оқу жылы басталады. Осы ретте биыл ауданымызда мектепке тарыдай болып кіретін бүлдіршіндер саны аз емес екенін анықтадық. Оған қатысты мәліметті Қарасай аудандық білім бөлімі растап, ресми түрде ақпарат берді.
Биылғы жылы жоспарға сәйкес 8349 баланы бірінші сыныпқа қабылдау керек болса, пайыздық көрсеткішпен алған соның 95 пайызы ғана орындалған. Яғни, биылғы оқу жылына 8000 оқушы қабылданған. Ал, өткен жылы бірінші сыныпқа 8110 оқушы барған екен.
Жалпы алып қарасақ, оқу жылындағы сапа мен білімнің жақсы болғанының нәтижесінде жылдан жылға оқушылар саны көбейіп келеді.
Ресми ақпаратқа сүйенсек Қарасай ауданындағы жалпы білім беру ошақтарындағы ұстаздардың саны – 6365. Оның ішінде жаңа оқу жылында байқау арқылы 551 мұғалім жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар жалпы мұғалімдерге арналған «Үздік педагог» деген байқау ұйымдастырылғаны бәрімізге аян. Ұстаздар бақ сынайтын бұл шараның маңызы зор. Себебі бұл байқау арқылы үздіктердің ішіндегі ең үздігі сұрыпталып, еңбегі бағаланады. Конкурстың шарттары мен ережелерін барлық мұғалім қолданатын kundelik.kz сайтында жарияланған. Онымен қоса ұстаздарды ынталандыру үшін жүлдері қоры – үш млн теңге екені белгіленген.
Дәл осындай «Үздік педагог» бағдарламасымен Қарасай ауданы бойынша алты мұғалім жұмысқа қабылданған. Оның тізімі де бізге мәлім болды. Атап айтар болсақ, Алмалыбақ ауылындағы орта-мектеп-гимназияға Кенжеайым Алмаханова, Жаңатұрмыс орта мектепке Ақмарал Рахман, Ә.Байсалбаев атындағы орта мектепке Нұргүл Махатова, ал М.Ғабдуллин атындағы орта мектепке Нурила Суранова, Н.Әлімқұлов атындағы орта мектепке Разия Капбарова, Жармұхамбет ауылындағы орта мектепке Ақжарқын Джумадуллаева сынды «Үздік мұғалім» жобасының жеңімпаздары қызметкер орналасқан.
Қарасай аудандық бөлімінің берген ақпараттарына сүйене келе, өткен оқу жылы табысты болған. Білім сапасы 62,9 пайызды құраған. Бұл дегеніміз 2020-2023 оқу жылымен салыстырғанда 3,9%-ға артып отыр.
Сонымен қатар биылғы оқу жылына 248 946 оқулық сатып алынған. Яғни, әрбір оқушы жеке-жеке кітаппен қамтамасыз етіледі.
Жоғарыда келтірілген мәліметтер арқылы аудандағы білім саласына қатысты біраз ақпараттан хабардар болдық. Атқарылған жұмыс жаман емес. Күтілетін нәтижеге де зор үміт артамыз.
Десе де барлық мәселе түгел дерлік шешілді деп кесіп айтуға ертерек. Алда салқын қоңыр күз күтіп тұр, одан кейін қақаған қыстың аязын да ұмытпағанымыз жөн. Дәл осындай қолайсыз ауа-райы кезінде балалардың білім алуына жағдай жасалу керек. Осы тұста Қарасай ауданы бойынша мектептерді қысқы мезгілге дайындау, жылыту маусымы қалай жүріп жатқанына да назар салдық. Оған қатысты аудандық білім бөлімі нақты ақпаратын жеткізді.
Биылғы оқу жылының жылыту маусымына дайындық жоспарға сай басталып кеткен. Нақтылай кетсек, Қарасай ауданындағы барлық мектеп пен балабақшаларды жылыту маусымына дайындық паспорты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөліміне толық өткізілген. Соның нәтижесінде 53 мектеп және 9 балабақша газбен жылытылады. Сондай-ақ Исаев ауылындағы бастауыш мектебіне биылғы жылы газ қосылған. Ал ауданымыздағы тағы бір мектеп сұйық отынмен жылытылмақ.
Қорыта айтқанда, оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай ескерілген. Ресми мәлімдемеге сүйенсек, олқылықтар байқалмайды. Ендеше оқу жылы ойдағыдай өтіп, табысты жыл боларына сенім артамыз.
Шұғыла ТЫНЫС.