2024 жыл тамыз айының 15-25 күндері аралығында Молдова елінің Кишинёв қаласында армрестлингтен жас-жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында 45-ші Әлем чемпионаты өтуде. Аталған байрақты бәсекеге Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан табылып, «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының сегіз спортшысы ел намысын қорғауға аттанды.
Егемендіктің туы желбіріп, Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғалы бері көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Әсіресе еліміздің дамуының ерекше белгілерін көрсетіп, өзгелерге танымал қылған бағыттардың қатарында спорт саласын ерекше атап өтуге болады. Біздің спортшыларымыз талай рет халықаралық ірі додаларда топ жарып, туымызды биікке көтеріп, ел мерейін асырды. Тіпті кейбір дамыған алпауыт елдердің өзі бірқатар спорт саласында Қазақстанның шаңына ілесе алмауда. Бүгінде елімізде спорттың әрбір түрі өзінше отау тігіп, қарқынды даму үстінде. Дене-бітімінде кемістігі бар жандар да үлкен спорттың қызығы мен шыжығынан қалыс қалмақ емес. Соның нәтижесі болар жылдан-жылға ешкімге дес бермес мықтылардың қатарына қосылып, үлкен спортта шекара жоқ екендігін дәлелдеп жүрген мүмкіндігі шектеулі спортшыларымыздың саны өсуде. Әсіресе осындай саңлақтарымен Қарасай жері ерекше мақтана алады. Бүгінде Қарасайдың мүмкіндігі шектеулі спортшылары тек өңірдің ғана емес, сондай-ақ Алматы облысының елдің атын түрлі халықаралық деңгейдегі байрақты бәсекелерде қорғап, абыройын асқақтатып, беделін өсіріп жүр. Соның дәлелі – ауданда орналасқан «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының спортшылары.
Аталған ұйымның майталмандары таяуда тағы бір жеңіске қол жеткізді. Анығырақ айтқанда, федерацияның 8 спортшысы жыл басын әртүрлі қала мен облыстарда ұйымдастырылған республикалық додаларға қатысып, жеңіске жетіп, Молдовада өткізілетін халықаралық турнирге жолдамаларын алды. Нәтижесінде 8 спортшы қазіргі уақытта Молдова елінің Кишинёв қаласында жас-жеткіншектер, жасөспірімдер, жастар және ересектер арасында өтіп жатқан армрестлингтен 45-ші әлем чемпионаты және пара-армрестлингтен 26-шы әлем чемпионатында бақ сынасуда. Аталған сайыс жайында толығырақ айта кетсек, ол тамыз айының 15-і басталып, 25-іне дейін жалғасатын болады. Қазірдің өзінде чемпионаттың бірнеше кезеңі өтіп кетті. Жылда дәстүрлі түрде өтетін жарысты Молдова Республикасының Армрестлинг ұлттық спорт федерациясы Кишинев қаласының әкімдігімен бірлесе отырып ұйымдастырған. Оған 60-тан астам елден 1500-дей спортшы, ресми тұлғалар қатысуда.
«Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясының жетекшісі Тәжіғали Ходжамұратовтың айтуынша, дүниежүзілік додаға қатысып жатқан барлық спортшылар оған бірнеше ай дайындалған, оның үстіне жарысқа жолдаманы ұтып алу үшін өз өнерлерін Алматы қаласында өткен үлкен чемпионатта көрсеткен.
– Жеңіс пен жеңіліс, қуаныш пен өкініш, сенім мен үміт қатар жүретін спорт әлемінде біздің спортшыларымыз біраз белестерді бағындырды. Жыл өткен сайын жақсы көрсеткіштеріміз де өсіп келеді. Әлемдік, халықаралық додаларда топ жарып, жеңіске жеткен спортшыларымыз көп. Молдова Республикасының астанасында өтіп жатқан чемпионат та сол жетістіктеріміздің бірі. Сайысқа қатысып отырған 13 спортшының 8-і – біздің қарасайлықтар.
Осы жерде Алматы облысының спорт және дене шынықтыру басқармасы және де Алматы облысы дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спортты дамыту дерекциясының демеушілік көрсеткендеріне алғысымды білдіргім келеді. Себебі біздің спортшыларға дұрыс деңгейде көңіл бөлсе, олардың жетістіктері еленіп жатса, олардың қуанышында шек болмас еді, – дейді Тәжіғали Әбдіжәмілұлы.
Айта кетейік, «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясы – 11 жылға жуық мүгедек жандарды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде мәртебесін көтеру мен белсенділігін қалыптастыру бағытында еңбек етіп келе жатқан маңыздылығы жоғары ұйым. Федерация бүгінде ауданымыздағы мүмкіндігі шектеулі спортшылардың спортпен тұрақты түрде айналысуына, әртүрлі чемпионаттар мен жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету бағытында көптеген жұмыстар атқарып отыр. Мұнда спортшылар қол күресі, суда жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, үстел теннисі, таэквондо, еркін және грек-рим күресі, шахмат, тоғызқұмалақ сияқты спорттық ойындардың 19 түрі бойынша жаттығып, шеберліктерін шыңдауда. Төккен тер, еткен еңбек өз жемісін беріп нәтижесін беріп, бүгінде Алматы облысындағы пара спортшылардың мықтылары Қарасай жерінен шығуда. «Жігер-М» мүшелері чемпионаттарда, турнирлерде, біріншілік пен көпшілік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, жекелеген спортшылар облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардан жоғарғы дәрежедегі жетістікпен оралуда.
Дүбірлі додада ел намысын қорғап жатқан спортшылар жайлы айтсақ…
1. Бисенбаев Жасұлан Балымжанұлы
Бисенбаев Жасұлан Қызылорда облысы Қазалы ауданы Әйтеке би кентінде дүниеге келген. Бес ағайындының бірі. Жасұланның жақындары – отбасылық құндылықты насихаттап, спорттық салаға жақын жандар. Олардың барлығы дерлік спорттың көптеген түрімен айналысып, саламатты өмір салтын ұстанған. Отбасы мүшелерін үлгі тұтып, соларға қарап өскен Жасұлан өзі де кішкентайынан спортпен шұғылдана бастаған. Тіпті мектепті тәмамдап, өзге ер азаматтар секілді әскер қатарына қосылып, ел алдындағы борышын атқарып жүрген кезінде де спортпен айналысуды тастамаған. Өкінішке орай әскери қызмет кезінде жарақаттанып, ауыр зақым алған. Салдарынан бойында жігері тасып тұрған азамат 3-топтағы мүгедек деп танылған.
Десе де өміріндегі жағымсыз өзгерістерге қарамастан, Жасұлан спортқа деген қызығушылығын жоғалтпай, керісінше тірек-қимыл зақымдалған адамдар арасында қандай спорт бар екенін қарастыра бастаған. Сөйтіп, 2019 жылы Қарасай ауданындағы «Жігер-М» мүгедек спортшылар федерациясын басқарып отырған Тәжіғали Ходжамұратовпен танысып, ұйымға қосылып, қол күресімен шұғылдана бастады.
Бүгінде Жасұланның жеткен жетістіктері жетерлік. Ол төрт рет Азия және бір рет Әлем чемпионатының жүлдегері атанып үлгерген.
2. Жанадилова Камила Қосбергенқызы
1992 жылы Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нүкіс қаласында туған. Кейіннен 2003 жылы Алматы қаласына қоныс аударған. Осында орта мектепті және жоғарғы оқу орның тәмамдаған Камила болашақ мамандығы ретінде ұстаздықты таңдап, 2014 жылы Қарасай ауданына қарасты Шамалған ауылындағы орта мектепке мұғаліп болып орналасқан. Сөйтіп, соңғы 10 жылда ол аталған білім ордасында балаларды оқытып, елдің ертеңін тәрбиелеуде өз үлесін қосып келеді.
2017 жылы Камила үлкен жол-көлік апатына тап болып, сол қолынан айырылып қалады. Денесіне ауыр зақым әкелген оқыс оқиғадан кейін біраз уақыт емделген. Бірақ соған қарамастан ұстаздық жолын тастамай, балаларға біліммен берумен қатар, өмірге деген сүйіспеншіліктің, қайсар мінезділіктің үлгісін көрсетіп келеді.
2022 жылдары Камила Тәжіғали ағамен танысып, ол оған федерацияға қосылып, қол күресімен айналысуды ұсынған. Өзін жан-жақты дамытуды ұнататын батыл жан ұсынысты қабыл алып, спортшылардың қатарына қосылған. Спортпен айналысқанына аз болса да ол бірден жақсы нәтижелер көрсетіп, сол жылы Қазақстанда өткен Әлем чемпионатында бірінші орынды иеленген. Сондай-ақ облыстық және республикалық жарыстарда бақ сынап, жеңімпаз атанған.
Ағымдағы жылы да жарыстарға қатысып, облыстық чемпионатта бірінші орынды, республикалық чемпионатта екінші орынды иеленген. Соның арқасында арнайы лицензияны ұтып алып, қазіргі уақытта Молдовада өтіп жатқан үлкен бәсекеде Қазақстанның намысын қорғауда.
3. Бұқарбаева Жұлдыз Орынбайқызы
39 жасар Жұлдыз – үш баланың анасы. Ол да өзгелер секілді спорт әлеміне Тәжіғали Ходжамұратовпен танысу арқылы келген. Анығырақ айтқанда, ол 2019 жылы федерация мүшелерінің қатарына қосылып, таэквандомен айналыса бастаған. Жаңа нәрсеге деген қызығушылығын және де жақсы жаттығулардың арқасында ұйымға қосылған жылы Қазақстанда таэквандодан өткен чемпионатқа қатысып, жүлделі екінші орынды иеленген. Жұлдыздың спорт әлеміндегі жолы осылайша бастау алған.
Кейіннен нақтырақ айтқанда, 2023 жылы жанындағы әріптестеріне қарап жүріп, қол күресіне деген қызығушылығы оянған. Сөйтіп, Тәжіғали ағамен сөйлесіп, спорттағы бағыттың армрестлингке ауыстырады. Жаттығуларын белсендетіп, осы жылы ұйымдастырылған Әлем чемпионатына қатысып, екінші орынды иеленеді.
Нәтижесінде чемпион атанып, Молдовадағы чемпионатқа жолдама ұтып алды.
4. Чербоков Никита Алексеевич
Никита Чербоков 1997 жылы Алматы облысы Қарасай ауданы, Қаскелең қаласында дүниеге келген. Спортқа алты жасынан қызығып, оның бірнеше түрімен шұғылданып көрген. Кейіннен федерацияға қосылып, қол күресіне ден қойған. Никита – спортқа бар күш-жігерін берген жандардың бірі. Ол екінші топ мүгедегі болғанына қарамастан, кәсіби спортты таңдап көптеген жетістіктерге қол жеткізген.
– «Денсаулығы жағынан мүмкіндігім шектеулі болғанымен спорттың арқасында ел көріп, жер көріп, көптеген адамдармен танысуға үлкен мүмкіндік алдым. Сондықтан алдағы уақытта да осы беттен қайтпай, әрі қарай да кәсіпқойлығымды жетілдіретін боламын» – дейді жас спортшы.
Осы уақытқа біраз жақсы нәтижелерге қол жеткізген Никита облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Қазақстанның екі дүркін чемпионы. Өткен жылы Тараз қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
5. Тергеусизова Балғын Жанболатқызы
Балғын Тергеусизова 1990 жылы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Сегіз ағайындының ішіндегі екінші қыз. Кейіннен Қарасай жеріне қоныс аударып, бүгінде Жандосов ауылдық округіне қарасты Шалқар ауылының тұрғыны. Екі қызды тәрбиелеп, аналық міндетімен қатар кәсіби спортты қатар алып жүрген қайсар жан. Тәжіғали Ходжамұратовтың арқасында ауданның пара спортшылар қатарына қосылып, көптеген додалардың жеңімпазы атанған. Өзгелермен бірге былтыр елімізде өткен әлем чемпионатына қатысып, жеңіске жеткен.
6. Боранбаева Марал Сұлтанбайқызы
Жетісу (бұрынғы Алматы) облысындағы Жаркент қаласында дүниеге келген. 2018 жылдан бері кәсіби спортқа келіп, жеңіл атлетикамен айналысқан. Кейіннен 2022 жылы қосымша қол күресіне ден қойған.
2023 жылы Әлем чемпионатында бақ сынап, 1 орынды иеленген. Еліміздің екі дүркін күміс жүлдегері.
7. Айдана Ермекбаева
Қаскелең қаласының тұрғыны. Екінші топ мүгедегі. Асфендияров атындағы Қазақ Медициналық университетінің студенті.
8. Нұралиев Азамат
36 жастағы Азамат Нұралиев Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарғалы ауылында дүниеге келген. Бүгінде қалың жұртшылық үміт артып отырған спортшылардың қатарындағы дарынды спортшы.
Жас жігіттің өмірін қатты өзгерткен оқыс жағдай 2014 жылы орын алған. Анығырақ айтқанда, үйіндегі жылы оттегі балоны жарылып, денесіне ауыр зақым келіп, екі аяғынан айырылып қалған.
Осы жағдайдан кейін қатты күйзеліске түсіп, үйнен шықпай қойған Азамат қасындағы әйелі мен мен балаларының қолдауын арқасында, қайта жігерленіп, өмірге деген талпынысы пайда болған. Жастайынан спортқа қызыққандықтан, аяғына протез салынғаннан кейін өзіне ыңғайлы спортты іздей бастаған.
Сөйтіп жүріп, Тәжіғали Ходжамұратовты кездестірген. Ол оны: «Сен мықты спортшысың» деп өзіне шақырған. Алдымен Азамат жүзумен айналысып, Қазақстан чемпионы атанған. Содан кейін 2019 жылы қол күреске келіп, армрестлингтен Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алған. Ал 2020 жылдары Азия чемпионы атанған.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.