18 тамыз – Шекарашылар күні. Отан күзетінде қырағылық танытып, жауапкершіліктің жүгін сезінетін қайсар азаматтардың кәсіби мерекелері еш ұмыт қалған емес. Осындай ел тыныштығына тыңғылықты қарайтын айбынды азаматтардың құрметіне орай ауданымыздағы «Батыр бабалар» мемориалында мерекелік іс-шара өтті.
Сарбаздардың құрметіне орай ұйымдастырылған салтанатты кешке «Алма-арасан» және «Қаскелең» шекара бөлімшелеріндегі Отан қорғаушы азаматтар мен олардың жұбайлары, балалары арнайы шақырылды. Қадірлі қонақтарға лайықты түрде құрмет көрсетіліп, ерлердің елеулі еңбектері өнеге ретінде көпшілікке насихатталды.
Мерекелік шарада алдымен Қарасай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Күлжан Дүйсенова құттықтау сөз сөйлеп, шекарашылардың міндетін жоғары бағалап, ыстық ықыласын білдірді. Одан кейін бөлім басшысы Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Рустам Атшабаровтың атынан «Алма-арасан», «Қаскелең» шекара бөлімшелерінің бірнеше жауынгеріне Алғыс хаттар табыс етті.
Сондай-ақ дәл осындай марапатқа Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасының жауынгерлік даярлық және әскерлер қызметі бөлімінің аға офицері, майор Мерген Мукушов та ие болды. Жауынгер азамат мұндай құрметке ерекше ризашылығын білдіріп, сарбаздарға деген жылы лебізін айтып, шекарашылар күнімен құттықтады.
Шара соңында ауданның өнерпаздары күзет міндетіндегі азаматтардың қызметі жайлы әсерлі көрініс қойып, рухты, жігерлі әндер орындады. Шекарашылар әуендерді қосыла шырқап, керемет көңіл-күйге бөленді.
Өз тілшіміз.