Жаңа оқу жылы қарсаңында дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл да «Қазақстан – 2050» Стратегиясында белгіленген балалардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі әлеуметтік саясатты іске асыру мақсатында жалғасын тауып, 1 тамыздан бастап 30 қыркүйекке дейін «Жақсылық жаса» ұранымен өткізілуде. Десе де 2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оқуға дайындық кезінде әлеуметтік осал топтағы отбасылардан шыққан балаларға қолдау және нақты көмек көрсету бағытында ұйымдастырылған игі бастамаға екі ай ғана емес, жыл бойы өткізуді тапсырған еді. Осыған сәйкес аталған акцияның негізгі уақыты екі ай болғанымен, оны қалаушылар жыл бойы демеушіліктерін көрсете алады.
Биыл аталған акция аясында Қарасай ауданында алғашқы күндерден бастап-ақ белсенді түрде халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жас ұрпақ бойына рухани адамгершілік дәндерін себуге бағытталған шаралар жүргізілуде. Қарасай ауданының білім бөлімінің бас маманы Гүлнара Бихожаеваның мәлемдеуінше, ағымдағы жылы акция барысында 471 балаға 6 439 535 теңге көлемінде көмек көрсетілген. Анығырақ айтқанда, балаларға мектепке қажетті киім-кешек, аяқ-киімдер, әр оқушыға керек дәптер, қаламсап, оқушы күнделігі, бояу және еңбек сабақтарына арналған құралдар, ауыз су құйып алатын ыдыс және тағы да басқа заттармен толтырылған сөмкелер табыс етілді.
Шараға атсалысып, мүмкіндігінше қол ұшын бергендердің қатарында жеке мецинаттардан бөлек, «Алатау», «Жібек жолы», «Мармара», «Зәмза» секілді сауда орталықтарының басшылықтары да бар.
Тағы бір айта кетерлігі, жоғарыда атап өткеннен бөлек осы аптаның бейсенбісі күні ауданда тағы да 50 қарасайлық балаға қолдау көрсетілді.
– Жаңа оқу жылында жақсы істің бастамасы саналған акцияға белсене қатысып жатқан барша жанға алғысымыз шексіз. Жақсылық жасау, мұқтаж жанға көмек қолын созу – адамдық борышымыз. Қайырымдылық – қазақтың қанына сінген асыл қасиет. Осы қасиетімізді ұрпаққа үлгі етіп, үнемі жалғастыра жүрейік. Сондықтан құрметті қауым, акция барысында үкіметтік емес ұйымдарды, кәсіпкерлерді және мемлекеттік органдарды, аудан халқын акцияға белсене қатысуға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы балаларына қолдау жасауға шақырамыз, – деді Гүлнара Нұртазақызы.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.