Жақында Алматы қаласында ҚР Парламенті Сенатының шахматтан «Senat Open» деп аталатын ашық кубоктің жартылай финалы өтті. Ақыл-ойдың жүйрігі сыналатын бұл ойынның іріктеу кезеңі бұған дейін барлық өңірде ұйымдастырылған болатын. Парламент Сенаты қолдау білдірген «Senat Open» турнирінің мегаполисте өтуіне «Қазақстан шахмат» федерациясы ұйытқы болды.
Спорттық шараны өткізудегі басты мақсат – ұрпақтар сабақтастығын дәріптей отырып, шахмат ойынын кеңінен насихаттау. Сондай-ақ биыл мәслихат институтының құрылғанына 30 жыл толуы да басты себепке айналды.
Жарысқа барлық облыс пен республикалық маңызы бар қала мәслихаттарының депутаттары, әр өңірдегі қоғамдық кеңестің мүшелері, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.
Турнирдің жартылай финалдық кезеңіне қатысушылар негізінен Шығыс өңірін қамтыды. Оның ішінде Алматы қаласы мен Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында өткен іріктеу кезеңінің жеңімпаздары бар. Шара алдында «Қазақстан шахмат» федерациясының президенті Тимур Турлов бейнебайланыс арқылы сынға түскен қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, сәттілік тіледі.
Спортшылар бас қосқан бұл жарыста Астанада өтетін ақтық сайысқа 25 шахматшы жолдама алса, соның алтауы Алматы облысынан екенін ерекше айтуға болады. Атап айтар болсақ, Қарасай ауданынан – Жұмабай Боранбаев, Амандулла Әбдімұратов, Айтқазы Абылайханов, Райымбек ауданынан – Шапағат Әділбек, Ұйғыр ауданынан – Рамиль Исмайлов, Талғар ауданынан – Долқынжан Розиев.
Жоғарыда аталған шахматшылардың арасынан қарасайлықтардың ерекше дараланып тұрғанын да байқауға болады. Соның ішінде астын сызып тұрып айтатын аудан азаматтарының бірі – аталмыш турнирде БАҚ өкілі санаты бойынша газетіміздің штаттан тыс тілшісі, тұрақты оқырманы, ардагер Амандулла Әбдімұратов (суретте оң жақтан санағанда екінші тұр). Алпысты алқымдаған шахматшы Қарасай жерінің ғана емес, Алматы облысының намысын қорғап, ала тақтадағы айласын сәтті көрсете білді. Ол да басқалар сияқты 100-ден астам шахматшының арасынын үздік нәтиже көрсетіп, оза шапқан жеңімпаздардың қатарынан табылды.
Ұйымдастырушылардың ресми мәліметіне сүйенсек, Астана қаласында өтетін финалда Парламент депутаттары мен БАҚ өкілдерін қосқанда 200-ге жуық қатысушы сынға түседі. Оның ішінде жоғарыда біз атап өткен жерлестеріміз де бар. Алайда олардың қатысу не қатыспауы, айналып келгенде, қаржылай қолдауға байланысты. Осы ретте ауданның ғана емес, облыстың абыройын арттыратын шахматшыларға демеушілік көрсетем дейтін жомарт жандар табылса, нұр үстіне нұр болар еді, деп айтқымыз келеді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.