Жалпы кез келген мемлекеттің дамуы және де экономикалық тұрақтылығы халқының жағдайына байланысты. Сондықтан болар әркезде барлық елде адамдарды жұмыспен қамту бағытына ерекше назар аударылып отырады. Бұл Қазақстанға да байланысты. Десе де елімізде жұмыссыздық мәселесі күрделеніп барады.
Ресми деректерге сүйенсек, ағымдағы жылдың екінші тоқсанында Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген елдегі жұмыссыздық деңгейі (олар табыс әкелетін кәсібі/жұмысы болмаған, оны белсенді түрде іздеген және жұмыс істеуге дайын болған. басталған), 4,7%-ды құрады. Анығырақ айтқанда, 2024 жылдың шілде айының соңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 338,7 мың жұмыссыз тіркелген. Олардың үлесі жұмыс күшінің 3,5 % пайызын құраған. 15-34 жас аралығындағы жастар арасында жұмыссыздық деңгейі 3,2 %-ға жетті. Сонымен қатар 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында 180,2 мың адамға 39 млрд теңге көлемінде жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақы төленген. Бұл 2023 жылдың соңғы алты айындағы көрсеткіштен 1,6 есеге жоғары.
Мәселен, АҚШ-та, тербеліс дәлізі кеңірек 3,9-7,4%, басқа дамушы елдерде жұмыссыздық деңгейі тұрақты түрде 10%-дан асуы мүмкін. Иә, басқа елдерге қарап біздің статистика жаман емес секілді, алайда бұл ресми деректер елдегі жұмыссыздықтың шынайы бейнесін толық көрсетіп бере алмайды. Өйткені қазақстандық жұмыссыз азаматтардың көбі мансап орталықтарында немесе «Электронды үкімет» порталы арқылы ресми тіркелмейді. Көбі өз бетінше жалдамалы жұмысқа жегіледі немесе таныс-тамырлары арқылы жұмыс табылғанша, еш жерге тіркелместен жүре беретіні бәрімізге айтпаса да анық.
Мұндай мәселе Қазақстанның өзге өңірлеріндей біздің Қарасай ауданында да бар. Әрине, аудандағы жағдай күрделі емес, дегенмен де жұмыс іздеп жүргендердің ішінде бірнеше жыл бойы тұрақты қызмет таппағандар жетерлік. Алматы облысының еңбек мобильдігі орталығының филиалы Қарасай ауданы бойынша мансап орталығының жоспарына сәйкес ағымдағы жылы ауданда 11628 азаматты (оның 9498 азаматы тұрақты және 2130 азаматты уақытша) жұмыспен қамту мақсат етілген. Бүгінгі таңда 6185 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 3815 азамат тұрақты және 2370 азамат уақытша жұмысқа жіберілді.
Жалпы аталмыш орталық тарапынан адамдарды жұмысқа тарту мақсатында жылына бірнеше рет «бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі ұйымдастырылып отырады. Жыл басынан бері 6 рет «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өткізіліп, оған 125 ірі кәсіпорындар мен жеке шаруашылық серіктестіктері қатысып, 600-ге бос жұмыс орындарына сұраныстар ұсынылған. Оның нәтижесінде 950 жұмыссыз азамат тұрақты жұмыс орындарына орналасуға ниетті екендігін айтып, 130 жолдама алған.
Мұнан бөлек мемлекеттік бағдарламар аясында да азаматтар арнайы оқу курстары мен жұмыстарға орналастыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» бойынша кәсіби оқыту, қайта даярлау курстарына 65 адам жіберілген.
«Жастар тәжірибесіне» – 53 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша – 49 адам, «Ұрпақтар келісім шартты» жобасы аясында – 5 адам, «Әлеуметтік жұмыс орны» бойынша – 62 адам, «Ақылы қоғамдық жұмыс» орындарына 1312 адам жіберілген. Бұған қоса зейнеткерлік жасқа жақындағандар үшін жасалған «Күміс жас» жобасына бойынша – 121 адам жұмысқа орналастырылған.
Бұдан бөлек тұрғындарды кәсіппен айналасып, өзгелерді жұмыспен қамтуға тарту мақсатында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грантттар берілуде. Мәселен, әлеуметтік осал топқа жататын 35 азаматқа 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қайтарымсыз грант берілген. Ол қаражатты алғандар бүгінде жеке кәсіпкерлікпен айналысып, уақытында есептерін тапсыруда. Бұл бағыттағы жоспардың орындалуы 100% құрайды. Сондай-ақ «Бастау Бизнес» курсы бойынша 656 азамат оқуын сәтті аяқтап, өз істерін бастау үшін алғашқы қадамдарын жасауда. Мұнан бөлек жастарға шағын несие беру бойынша, 2024 жылы жастар арасынан 64 азаматқа 320 млн теңге көлемінде кредит беру жоспарланған.
Мұнан бөлек мансап орталығында қазіргі уақытта 198 мүгедектігі бар азаматтар жүгінген. Оның 31-і тұрақты жұмысқа орналастырылып, 17-сі квота бойынша орналастырылатын болады. Қалғандары жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламарға қатысуда, жетеуі грант иегері атанған.
Орталыққа пробация қызметі есебінде тұрған 28 азамат жүгініп, төртеуі қоғамдық жұмысқа, 24-і тұрақты жұмысқа жіберілген.
Сонымен қатар жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысына 3030 отбасыдан өтініштер түсіп, 1098 отбасыға жәрдемақы тағайындалды. Қалған 1082 отбасыға жәрдемақы тағайындаудан бас тартылды. Анығырақ айтқанда, оның ішінде 156 отбасының табыстары кедейшілік шегінен асып кетуіне орай, 343 отбасының өз өтініші бойынша, АӘК тағайындау үшін жалған ақпарат немесе сенімсіз құжаттарды ұсыну себебімен 23 отбасы, еңбекке қабілетті адамның белсенді шараларға қатысудан бас тартуы 161 отбасы, табыс көзін жасыру 140 отбасы, АӘК алушылардың 2 азаматы қайтыс болды деп жарияланған, жергілікті учаскелік комиссия АӘК мұқтаж еместігін мәлімдегеніне байланысты 257 отбасыға жәрдемақы тағайындалмады.
Жалпы жоғарыда айтылып өткен бағдарламаларға қарап-ақ мемлекет тарапынан қажетті шаралар атқарылып жатқандығын көруге болады. Мәселені шешу үшін ұлттық бағдарламалар жүзеге асып, кәсіпкерлікті де дамытуға көңіл бөлініп жатыр. Оның нәтижесінде 2023 жылы жұмыссыздық пен инфляция жөнінен ЕАЭО елдерінің ішінде көш бастаған Қазақстанның ағымдағы жылы көрсеткіші қанағаттандырарлықтай болып тұр. Десе де елімізде, оның ішінде Қарасай ауданында да халықты жұмысқа орналастыру бойынша әлі де толықтыру жұмыстары керек екені анық.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.