«Қазіргі заман көшінен қалмай, қайтсем де нанымды тауып жеймін» деген уайыммен таңнын атысы, күннің батысымен жол үстінде ары-бері жұмыс пен үйдің арасында жүрген адамдар көп. Сол жолда жаяу жүргіншілермен қатар жеңіл көліктер, әсіресе мопед жүргізушілері де көбейді. Бұл көлікті тізгіндеген адамдардың кейбірі күнделікті нан-суына ақша табу үшін жедел жеткізу қызметінде жұмыс істесе, енді бірі көлік кептелісінен шаршағандықтан, жұмысқа тез бару үшін қолданады. Бұдан бөлек тек қызық үшін ғана мопед жүргізетін жас балалар да бар. Әсіресе, кәмелеттік жасқа толмаған жас жеткіншектер, тек ауыл-аймақ ішінде ғана айдамақшы болып, бір-бірімен жарысады. Дәл осындай салғырт жүргізушілердің кесірінен жол-көлік оқиғасы жиілеп, тіпті адам шығыны болатын жағдай орын алып жатады. Осы күрделі мәселенің түйінін табу үшін Қарасай аудандық жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Ерлан Бекебаевтан ақпарат алдық.
Қазіргі таңда Қарасай ауданы бойынша соңғы жарты жылдықта осы мопед мәселесі бойынша тұрғындардан көптеген шағым түскен. Тіпті аудан арасында да бірнеше көлік оқиғалары тіркелді. Алғашқы кездерде мопед жүргізушілеріне және олардың ата-аналарына немесе заңды қамқоршыларына ескертулер айтылған. Сонымен қатар Қарасай ауданындағы барлық мектептер мен оқу орындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Алайда бұл ескертуді құлаққа аспаған мопед жүргізушілеріне қатаң түрде шара қолданылып, аудан қарамағындағы барлық ауылда кешкі рейд ұйымдастырылған. Нәтижесінде жарты жыл көлемінде 600-ден аса мотоцикл және мопедтер айыппұл тұрағына жеткізілген. Оның мекенжайы – Қаскелең қаласы, Абылай хан көшесі, 24/2.
«Осыдан бір ай бұрын Шамалған, Қайнар, Бекболат ауылдарына кешкі рейд жүргізіліп, шілде тамыз, айларында 140 мопед және мотоцикл айыппұл тұрағына қойылды. Оларды қайта алу үшін жүргізушінің ата-анасы немесе қамқоршы өкілі тиісті құжатпен келіп, айыппұл төлеу керек», – деді жергілікті полиция қызметінің бастығы.
Қазақстан Республикасының заңына сәйкес мопед жүргізушілеріне салынатын айыппұл көлемі 10 айлық есептік көрсеткіш болады.
Ескере кететіні, мопед жүргізушілері кәмелеттік жасқа толған тұлғалар болуы шарт. Сонымен қоса, арнайы көлік жүргізуші куәлігі мен «А» санаты болуы керек және арнайы қорғаныс киімдерін де ескеруі қажет. Сонымен қатар 50 текше/м жылдамдықтан аспайтын мопед жүргізушілерінде арнайы мемлекеттік нөмірлері болуы шарт. Егер осы ескертулерді мопед жүргізушілері елемесе, ата-аналарына 10 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынып, көліктері айыппұл тұрағына өткізіледі.
Ал жол-көлік оқиғасы туындаған жағдайда, адамның алған дене жарақатының мөлшеріне және көлікке келтірген зақым көлеміне байланысты заң бойынша айыппұл төлейді. Сонымен қатар дыбысы қатты шығатын мопедті жүргізушілер ел тыныштығын бұзғаны үшін де айыппұл төлейді.
Айта кетейік, жоғары атап өткендей, Қарасай аудандық жергілікті полиция қызметкерлері арнайы рейд жүргізіп, мопедтерді айыппұл тұрағына жеткізіп, ауыл-аймақтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізгеннің нәтижесінде шағым түсіруші адамдардың саны азайған
«Қарасай ауданы бойынша, әсіресе Қаскелең қаласында шағым түсірушілер азайғанымен қатар, мопед жүргізушілері де азайды, тіпті оларды сирек көретін болдық», – деді полиция майоры Ерлан Бекебаев.
Шұғыла ТЫНЫС.