Соңғы уақытта Қаскелең қаласы бойынша қоқыстың уақтылы жиналмай жатқаны анық байқалады. Тұрмыстық қалдықтардың бей-берекет шашылғанына күні бүгінге дейін тұрғындар шағымын айтудан жалықпай келеді. Бәрінің талап ететіні – тазалықты сақтау.
Көпті алаңдатқан мәселенің өзекті екенін ескере келе, мән-жайды анықтауға тырыстық. Қарасай аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Салават Қазиевті әңгімеге тартып, қаскелеңдіктердің наразылығын жеткіздік.
Қоқыстың жиналуын жіті қадағалайтын аталған бөлім басшысының мәліметіне сүйенсек, осы уақытқа дейін Қаскелең қаласының тазалығына бір ғана компания жауапты болған. Қаланың аумағы үлкен болғандықтан, қызмет көрсететін мекеме уақтылы жинап үлгермеген.
– Қаскелең қаласында қоқыс жинаумен бір ғана компания айналысатынын және оның үлгермей жатқынын ескере келе, жақында біздің бөлім тарапынан қатты тұрмыстық қалдықтар нарығына басқа да мекемелерді тарту мақсатында конкурс ұйымдастырылды. Оның нәтижесі осы аптада белгілі болды. Атап айтар болсақ, «Тазалық» «Жаде», «Eco city» деп аталатын үш компания жеңімпаз атанды. Енді олар Қаскелең қаласын шығыс, оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс аумақтары бойынша қоқыстарды жинайды, – деп түсіндірді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Салават Бейсенбекұлы.
Тазалыққа жауапты үш компания ағымдағы жылдың 19 тамызынан бастап қызметтеріне кіріседі. Мекемелердің жұмыс сапасы Қарасай аудандық әкімдігі тарапынан қадағаланады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.