Қарасай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында атқарылатын жұмыстар осы аптада да ұмыт қалмады. Аптаның бейсенбісі аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ұйымдастыруымен қала мен ауылдық округтің әкімдік қызметкерлерінің, жергілікті тұрғындардың, сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасақтарының қатысуымен кезекті эко-науқан өтті. Бұл жолы Қарасай ауданында орналасқан Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіштің маңында және ауданымызда орналасқан ауылды аймақтардың біраз жерлерінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Мәселен, Қошмамбет ауылындағы «StreetWorkOut» алаңы, Жандосов ауылының Қонаев көшесі бойындағы жаяу жүргінші жолдары және Шамалған, Бірінші Май ауылдық округтеріндегі тұрғын үй аулалары, автобус аялдамалары, қоғамдық орындар, саябақтар, қоқыс жәшіктері, тас жолдарының бойы және арық жүйелері қоқыстардан тазартылды. Бұл жолғы эко-бастаманың негізгі мақсаты – тазалықты сақтау болып табылатын акция барысында ескерткіш маңын тазарту және абаттандыру, жастарды тарихты қадірлей білуге, ұмытпауға, керісінше ұлықтауға үйрету.
Акция аясындағы осы аптадағы тазалық жұмыстарға 237 адам өз үлестерін қосып, нәтижесінде 4,5 тонна қоқыс қалдықтары шығарылды.
Өз тілшіміз.