Аптаның алғашқы күні Қарасай ауданы әкімінің орынбасары лауазымына Ақылбек Бексұлтан тағайындалды. Ол әкім орынбасары қызметінде идеология мәселелері жөнінде жетекшілік ететін болады. Айта кетейік, Ақылбек Бексұлтан бұған дейін біраз жылдар Қарасай ауданында бірнеше жауапты лауазымдарда қызмет еткен.
Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов өзінің жаңа орынбасарын аудан активімен таныстырып, мемлекеттік қызметте тәжірибесі жетерлік маманды жаңа қызметті де абыройлы атқаратынына сенім білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.
Ақылбек Бексұлтан 1989 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ащысу ауылында дүниеге келген. Екі жоғары білімі бар. 2011 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «саясаттану», ал 2020 жылы Қонаев университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Алғашқы еңбек жолын 2012 жылы Қарасай ауданының ішкі саясат бөлімінде «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша бастап, кейіннен Еңбекшіқазақ ауданының ішкі саясат бөлімінің бас маманы болған.
2014 жылы Жамбыл ауданының ішкі саясат бөлімінің бас маманы және Жамбыл ауданының Шолаққарғалы ауылдық округінің бас маманы ретінде жұмыс істеген.
2015-2017 жылдары атқарған қызметі – Қарасай ауданының Жаңашамалған ауылдық округі әкімінің орынбасары.
2017 жылы Қарасай аудандық ұйымдастыру бөлімінің басшысы және Қарасай ауданының Үшқоңыр ауылдық округінің әкімі лауазымдарында қызмет еткен.
2018 жылы Кербұлақ аудандық білім бөлімінің басшысы қызметіне келсе, 2019 жылы Қаратал ауданы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалған.
2021 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазқайта жаңғыру» шаруашылық жүргізу құқығындағы Республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директорының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары болып жұмыс атқарды.
2021 жылдан осы уақытқа дейін Жамбыл ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымда қызмет етті.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.