Елімізде жыл сайын жаңа оқу жылы басталар алдында әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасы балаларына қолдау көрсету мақсатында дәстүрге айналған «Мектепке жол» республикалық акциясы бастау алады. Биыл да бұл игілікті іс «Жақсылық жаса» ұранымен өз жалғасын табуда. Игі шара еліміздің барлық өңірінде ағымдағы жылдың 1 тамызы мен 30 қыркүйек аралығында өтеді.
Аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша оқушылардың мектепке бармауының алдын алуды мақсат еткен акция ауданымызда он бес жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
Акция аясында мектеп жасындағы балаларды білім ұйымдарына арналған оқу құралдарымен қамту, әсіресе күн көрісі төмен отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі іс-шаралар ұйымдастырылатын болады.
Қарасай аудандық білім бөлімінің мәлімдеуінше, «Мектепке жол» 2023-2024 оқу жылында аталған бастама аясында 2000-ға жуық оқушы демеушілердің көмегімен мектепке дайындалған.
Науқанға кез келген адам қатыса алады: еріктілер, кәсіпкерлер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар және т.б. Қатысушылар мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсете алады немесе керісінше көмекке шақыра алады.
Айта кетейік, көмек алу үшін азаматтар білім беру ұйымдарына (мектепке) өтініш пен жоғарыда аталған санатына жататындығы туралы дәлелдейтін құжаттарын тапсырады.
Акция 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейін, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.