Жергілікті халықты тазалық сақтауға шақыратын «Таза Қазақстан» акциясы Қарасай ауданында әлі жалғасуда. Күні кеше «Таза бейсенбі» деген атаумен аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің ұйымдастыруымен Шамалған ауылында елді мекенмен аттас өзеннің жағалауы тазартылды.
Аталмыш эко-науқанға Қарасай ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, ауылдық округ әкімінің аппараттары, аудандық мансап орталығы, музейлер, «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-і аудандық филиалы ұжым болып, жалпы алғанда 75 адам акцияға өз үлестерін қосты.
Эко-жұмысқа бір арнайы техника жұмылдырылды. Осылайша бірлесе атқарылған істің нәтижесінде 6 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар арнайы қоқыс полигонына шығарылды.