Ел әлеуетінің біркелкі дамып, тұрмыс-тіршілікте берекенің орнауы үшін қабылданған дұрыс шешімдердің бірі – кәсіп бастау. Осы бағытта еңбек етемін деген табанды азаматтардың бастамасына мемлекет тарапынан қолдау болып жататыны белгілі. Соның арқасында кәсібінің көкжиегін кеңейтіп, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отырған еңбекқор азаматтарымыз жетерлік. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді, керісінше мемлекеттен қолдау таппай, өз кәсібін бар білгенімен дамытып отырған жандар да жоқ емес. Солардың бірі – Үштерек ауылының тұрғыны Бауыржан Болысхан. Жақында кәсіпкердің сүйікті ісін өз көзімізбен көріп, танысып қайттық.
Бауыржан Болысхан Әйтей ауылдық округіне қарасты Үштерек ауылында жиһаз жасаумен және оны сатумен айналысуда. Оның бұл кәсіпті бастағанына 10 жыл уақыт болған.
Кейіпкеріміз бұл салаға келмес бұрын басқа қызметте жұмыс істеген. Бұл жайында әңгімелесу барысында айтып, кеңінен тоқталды.
«Мен кезінде жүк көлік жүргізушісі болып істегенмін. Кейін мүлде жұмыссыз қалған уақытта осындай жиһаз жасайтын компанияға қызметке орналастым. Сол жерде жиһаз дайындауды және оны сатуды жақсы меңгердім. Уақыт өте келе осы сала сұранысқа ие екеніне көзім жетіп, өзімнің жеке кәсібімді бастап кеттім», – деді ол.
Осындай қарапайым жұмысшыдан үлкен кәсіпкер деңгейіне дейін жеткен азамат бүгінде 30-ға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. 23 қызметкері жиһазды құрастыру бөлімінде жұмыс істесе, жетеуі осы тауарды халыққа сатумен және жарнамалаумен айналысады. Қазіргі таңда бұл кәсіптің екі бағыттағы тұтынушылары бар. Біріншісі үлкен қалалардағы сауда үйлеріне көтерме бағада беретін болса, екіншісі жеке сатып алушылар. Сондай-ақ бұл кәсіптің өзі секілді кәсіптерден айырмашылығы – Қазақстанның барлық қалаларына, тіпті ат аяғы бармайтын алыс ауылды мекендерге де жеткізіп беруі.
Көзбен көріп, құлақпен естіген соң мұндай дәуірі жүріп тұрған кәсіптің де ақсайтын тұстары бар екенін білдік. Нақтырақ айтсақ, осы кәсіпті жоғары деңгейге дамыту үшін мемлекет тарапынан қаржылай көмек керек. Алайда Бауыржан Болысханның айтуынша, үкімет тарапынан үміт жоқ.
«Мен алғаш осы кәсіпті бастаған кезде микроқаржы ұйымнан айлыққа дейін 60 мың теңге көлемінде қарызға ақша алдым. Бұл кәсіп болған соң, бірден сауда болмайды. Сол 60 мың теңгені уақытынан кешіктіріп төлегендіктен, менің несие тарихым бұзылды. Соның салдарынан мемлекеттен кәсіпкерлерді қолдау деген жобаларға қатысу үшін өтініш тастаған кезімде 10 жыл бұрынғы алынған 60 мың теңгенің кесірінен маған көмек берілмеді. Мен бірнеше рет барып бәрін түсіндіргеніммен, құжаттарым сол күйі қабылданбады. Сонда менің түсінгенім, мемлекет менің бұрынғы тарихыммен қазіргі болашағымды жасап қойған», – деп кәсіпкер мемлекетке деген наразылығын білдірді.
Бауыржан мырзаның казіргі таңда саудасы жақсы жүріп отырғанымен, кезінде біраз қарызға батқаны белгілі болды. Оны ол еш бүкпесіз жасырмай айтты. Нақты айтқанда, 2021 жылы үш ай ішінде 1500-ға жуық тапсырыс қабылдап, 286 млн теңгеге сауда жасаған. Бұл осы саладағы кәсіпкерлердің ешқайсысы көрсетпеген ең жоғары нәтиже болыпты. Алайда соның 25 млн теңгесі шығынға кетіп, кейіннен талмай еңбек еткеннің арқасында барлық қарыздарын жапқан.
Кейіпкеріміздің кәсіп саласында жол болмаған тағы бір кезеңі осыдан екі жыл бұрын орын алған. Оның айтуынша, 2022 жылы «Айс Мұратова» деген лақап атпен танымал болған блогер қызға 15 млн теңгеге жиһаз жасап беруге келісіп, алданып қалған. Қазіргі уақытта сол шығынды әлі төлеп келеді.
Сонымен қатар, кәсіпкер азамат өзі секілді жиһазбен айналысатын жандарға бәсекелес ретінде қарамайтынын да айтты. Яғни, жиһазды тек жасап, оны сатумен ғана емес, осы салаға қызыққан кәсіпкерлерге де бағыт беріп отырады. Тек кәсіпкерді бір қынжылтатыны – «Кәсіп бастасаңдар, қолдаймыз» деген мемлекеттің шындыққа жанаспайтын сөзі. Оның айтуынша, дәл өзі сияқты істеймін, еңбек етемін деп талпынып тұрған азаматтарды қолдаудың орнына олардың үміт отын сөндіреді.
Өз ісін жақсы көретін, еңбекке құштар Бауыржан Болысханның жұмысы ел игілігі жолында лайықты бағасын алады деген сенімдеміз. Оның табандылығы, іскерлігі әлі де жемісті болары сөзсіз. Ал оның бұл бастамасын мемлекет тарапы назардан тыс қалдырмайды деген ойдамыз.
Шұғыла Тыныс.