Ауылдағы ағайынның табысын арттыруды көздейтін елдегі тиімді бағдарламаның бірі – «Ауыл аманаты» жобасы. Ел Президентінің пәрменімен іске асырылып жатқан бұл бастама қазіргі таңда әр өңірде өз нәтижесін беруде.
Бағдарламаның шапағатын көрушілердің арасында Алматы облысының кәсіпкерлері де бар. Ресми дерекке сүйенсек, аталған жобаның аясында облыс бойынша 720-дан астам тұрғынға шағын несие берілген. Бұл жөнінде өткен айда «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ-ның мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру департаментінің директоры Диас Шаяхметов мәлімдеген болатын.
Ауылдың әлеуетін көтеруді мақсат еткен жобаның тиімді екенін түсініп, бағдарлама аясында қаржылай қолдауға ие болған кәсіпкерлердің қатарын қарасайлықтар да толықтыруда. Еңбекші ауылының тұрғыны Амангелді Көжебаев – сол аталған кәсіпкерлердің бірі.
Кәсіптің тізгінін ұстаған азамат осы уақытқа дейін өз күшімен шағын кондитерке иелік етіп, жұмысын жүйелі жүргізіп келген. Енді, міне «Ауыл аманаты» жобасы оның бұл сүйікті ісін ілгерілетуге септігін тигізуде. Еңбекшіде еңбек ететін азамат бағдарламаның арқасында 8 млн теңге көлемінде қаражат алып, бизнесін түбегейлі дамытуға мүмкіндік алып отыр. Алдымен жұмысшы санын арттырып, тәтті өнімдерін молынан дайындауға кірісіп кеткен.
Амангелді ағамыз әу баста кондитерлік цехты өз үйінің ауласында шағын түрде ашқан. Кейін дамытуды мақсат етіп жүргенде жоғарыда аталған бағдарлама оның ойын жүзеге асыруға жақсы мүмкіндік сыйлады десек болады. Қолға алған қаражаттың көмегімен өндіріс орнын кеңейтіп, кәсібіне қажет құралдарды тапсырыспен шетелден алдыртқан.
Кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаражат алу үшін арнайы бизнес-жоспар құрған. Одан кейін 2-3 ай көлемінде талап етілетін тиісті құжаттарын жинап, бақ сынаған. Бұл жайында Амангелді Байымбетұлы кездесу барысында толық түсіндірді.
– Бағдарламаға қатысуға көп уақыт кеткенімен өз нәтижесін берді. Қолыма алған 8 млн теңге өте жақсы көмек болды. Оған үлкен пеш, кондитерлік арнайы үстелдер, тоңазытқыш сияқты ең керекті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Мұның бәрі менің бизнес-жоспарымда көрсетілді. Жалпы мемлекет тарапынан осындай мүмкіндіктің болып жатқаны мені қуантады. Сондықтан алғысым шексіз, – деп Амангелді ағамыз шынайы ықыласын білдірді.
Ауылдық кәсіпкер бүгінгі таңда кәсібінің көкжиегін кеңейтумен қатар ауыл адамдарын жұмыспен қамтып, едәуір көмегін көрсетуде. Кондитердің аумағы кеңейіп, өндіріс қарқыны арта түскендіктен жұмысшылар саны да өскен. Алғашында мұнда төрт адам қызмет етсе, қазір олардың қатарына тағы алты маман қосылған.
– Жұмысшыларды алғанда 2-3 ай сынақ мерзім уақытын беремін, яғни осы сала бойынша толық үйретіп, қабілеттерін байқаймын. Егер кәсіптің төңірегі ұнап, ары қарай қызметті жалғастырамын десе, ресми түрде құжатпен жұмысқа қабылдаймын. Бұл әлі басы болғандықтан жұмысшылар қазір өз пайызын алып отыр. Егер алдағы уақытта үлкен деңгейде дамитын болсақ, олар да көп табысқа ие болады, – дейді кәсіпкер.
Амангелді Байымбетұлы келешекте кондитерді одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Мемлекет ұсынған несиені аз уақытта өтеп тастап, басқа да мүмкіндіктерді қарастыра отырып, халыққа тигізіп жатқан пайдасын одан әрі арттыруды көздеуде. Сәйкесінше жұмысшы санын 30-40-қа көбейтіп, ауылдастарына жағдай жасауды ойластыруда.
Ауылдық кәсіпкер өз бизнесін жан-жақты түсіндіру кезінде «Ауыл аманаты» жобасы жайлы әріптестеріне де үн қатты. Қарасайлық азамат мемлекет ұсынған бағдарламаның тиімді тұстарын сөз етіп, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауға шақырды.
Айта кетейік, бағдарлама жылдық 2,5% сыйақы мөлшерлемесі бойынша 5 жылға дейінгі мерзімге шағын несие беруді көздейді, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін шағын несие мерзімі – 7 жылға дейін. Шағын несиенің ең жоғары сомасы – 2,5 мың АЕК (2024 жылы – 9,2 млн теңге), ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту үшін – 8 мың АЕК (2024 жылы – 29,5 млн теңге). Сондай-ақ тағы бір ескеретін жайт, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар әр өңірде сенім білдірілген өкіл болып табылады. Аталған мекеме бағдарлама қатысушыларының неғұрлым жеңілдетілген шағын несиелерге қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Несие талаптары келесідей:
1) несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс;
2) басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек;
3) мемлекеттік кірістер органдарында берешек болмауы тиіс;
4) кепілмен қамтамасыз ету;
5) зейнет жасына жетпеген;
6) ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайдың (жер телімі, қораның) болуы қажет.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.