Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Жандосов ауылдық округінде іргетасы жаңадан қаланған әкімдік ғимараты пайдалануға берілді. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысып, округ тұрғындарына мерекелік ақ тілегін білдірді.
Шараның алғы сөзі аудан басшысына беріліп, ол округ тұрғындарын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен және де округтегі осы жақсы оқиғамен құттықтап, оның құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания басшысына алғысын білдірді.
– Құрметті тұрғындар баршаңызды еліміздің Тәуелсіздік күні тұсында округ әкімдігінің жаңа ғимаратының ашылуымен құттықтаймын. Бүгінгі қуаныштарыңызды екі еселеп, алдағы уақытта жоспарға сай округтеріңізде мәдениет үйі, аурухана, мектеп бой көтеріп, балаларға арналған демалыс және ойын алаңдары ашылатындығын да айтып өткім келеді, – деді Жандарбек Ермекұлы.
Аудан әкімінен кейін «Компания Бауыр Құрылыс» ЖШС-нің басшысы Мұрат Талғатұлы сөйлеп Жандосов округінің тұрғындарының қуанышына ортақ екенін айта отырып, округ әкімі Мерхат Ахметовке ғимараттын символикалық кілтін табыс етті. Мұнан кейін аудан басшысы көптеген жылдар бойы мемлекеттік қызметте істеген Қыдыргелді Медеуов және округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Молдағали Бейісбаевпен бірге жаңа нысанның лентасын қиып, ғимараттың ішімен танысып шықты.
Айта кетейік, бұл нысанның құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, оны «Компания Бауыр Құрылыс» ЖШС жүргізген еді. Ғимарат әкімшілік ғимаратқа қойылатын стандарттар мен талаптарға сәйкес салынған, оның ішінде мәжіліс залы, мамандар отыратын және де өзіне-өзі қызмет көрсетуге арналған кабинеттер бар. Сонымен қатар, жаңа нысанның аймағында көлік қоятын тұрақ, балаларға арналған ойын алаңы да орналасқан. Аудан әкімінің айтуынша, келесі жылы әкімдіктің алдына кішігірім мерекелерді өткізуге арналған сахна да қойылып, әкімдікке жаңа көлік табыс етілетін болады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.