Осы аптаның алғашқы күнінен бастап Қарасай ауданына қарасты Қаратөбе мен Еңбекші ауылдарынан Алматы маңына қарай қатынайтын жаңа маршруттар ашылды. Қоғамдық көліктердің іске қосылғаны аталған қос елді мекеннің тұрғындары үшін қуанышты жаңалыққа айналды. Өйткені жергілікті халық талайдан бері ұсыныс тастап, автобустардың жүруіне қатысты өтініштерін білдірген болатын.
Маршруттар жайлы айтатын болсақ, №237 көлік «Қаратөбе – «Барлық» базары» арасында қатынаса, №257 автобус «Еңбекші – Қалқаман» бағытында жүреді. Автобустарда «ONAY» төлем жүйесі орнатылған. Яғни, жол ақысы 120 теңге.
Әр бағытқа бес автобустан бөлінгендіктен, сондай-ақ арақашықтыққа байланысты жүріс аралықтары 20-40 минутты құрайды. Жаңа көлік құралдары Алматы қаласының қалалық мобильділік басқармасы арқылы субсидияланады. Ал қоғамдық көліктердің барлығы «Қаскелең автобус паркі» ЖШС-нің балансында тұрғандықтан, олардың сапасына, қызмет көрсетілуіне және қамтамасыз етілуіне аталмыш компания жауапты. Оның басшысы Дәулет Жандыбаевтың сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта «Yutong» маркалы 10 автобус жолаушыларға қызмет көрсетеді. Алдағы 1-2 айдың көлемінде бұл қоғамдық көліктер жаңартылады.
Маршруттардың елді мекен мен Алматы арасындағы аялдамалары келесідей: №237 автобус Қаратөбеден шығып, Елтай, Мерей, Көлді, Береке, Рахат ауылдарының маңайынан өтіп, «Алматы-Бішкек» тасжолы арқылы «Барлық» базарына қарай бет алады. Ал №257 автобус болса, Еңбекші ауылынан қозғалысын бастап, Құмарал ауылы арқылы Шамалған ауылына кіріп, одан шығып Қаскелеңге қарай жүреді, яғни жолдан Шалқар ауылынан да өтеді. Қаскелең қаласына кіргенде Қарасай батыр көшесі арқылы (кері бағытта бірден Абылайхан көшесіне түседі) Абылайхан көшесіне түсіп, SDU-дан ары «Алматы-Бішкек» тасжолымен №7 Алматы қалалық емханаға қарай жүреді. Айта кетейік, екі маршруттың кері бағытты да осы жолдарды қамтиды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.