Өңірде Республика күні қарсаңында «Менің елім – менің Туым» акциясы бастау алды. Бұл бастаманы «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты ұйымдастырып отыр.
Акция аясында облыс бойынша 500-ге жуық мемлекеттік ту орнатылады деп жоспарлануда. Қазіргі уақытта 100-ден астам азамат көк байрақты өз балкондарына іліп, бастаманы қолдап үлгерді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияға қатысушылар саны күн сайын артып келеді. Аталған акцияның басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерге деген құрметті күшейтіп, тұрғындардың патриоттық рухын көтеру. Сонымен қатар, акция арқылы қоғамда бірлік пен ынтымақты нығайту көзделіп отыр.
💬 «Алдағы уақытта облыс аумағында 500-ге жуық мемлекеттік туды көпқабатты тұрғын үйлердің балкондары мен қоғамдық орындарға ілуді жоспарлап отырмыз. Бүгінде Қонаев қаласының өзінде 30-ға жуық ту ілінді. Оның өзі қала тұрғындар тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Бұл тек жай ғана акция емес, бұл – елімізге деген сүйіспеншілігіміз бен патриоттық рухымыздың жарқын көрінісі. Әрбір ілінген ту арқылы біз халықтың бірлігін нығайтып, ортақ құндылықтарды дәріптеуді мақсат етеміз. Барша азаматтарды осы акцияны қолдауға шақырамын», – деді облыстық «Жастар рухы» жастар қанатының мүшесі Мират Әшімбаев.
Айта кету керек, акция 25 қазанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында кез келген азамат мемлекеттік туды балконына немесе өз үйінің алдына іліп, акцияға қатыса алады.