Дәстүрлі түрде жыл сайын Алматы облысында «Ауылым – алтын бесігім» атты аудан, қала мәдениет күні аясында ұйымдастырылатын байқау биыл да ұмыт қалған жоқ. Ұлт құндылығы ұлықталатын бағзы бастама былтыр қасиетті Қарасай жерінде бастау алса, осы жылы Хантәңірінің етегіндегі Райымбек пен Кеген аудандарында шымылдығын түрді. Осынау мәдениетіміз дәріптелетін игі іске Алматы облысының әкімдігі қолдау білдірсе, Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы өнер додасының лайықты өтуіне ұйытқы болып отыр.
Қонаев қаласы мен бірнеше аудандарды аралап келген байқаудың қазылар алқасы осы аптада арнайы Қарасай ауданына ат басын бұрды. Сәрсенбінің сәтінде аудандық Мәдениет үйінде «Киелі мекен – Қарасай» атты салтанатты шара өтіп, ауданымыздың тарихынан сыр шертетін құндылықтар мен өнерімен өлкені танымал еткен тарихи тұлғалардың есімдері насихатталды.
Құрметті қонақтарды Мәдениет үйінің кіреберісінде алдымен ақындар мен жыр-терме мектебінің тәлім алушылары күмбірлеген күймен қарсы алса, республикалық ақындар айтысының бас жүлде иегері Рауан Нұршабеков пен жас айтыскер Қасиет Амантай қазыларға арнау айтты.
Ал мерекелік шараның әлқиссасы Қарасай ауданының 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Туған жерді жырлаймыз» атты поэтикалық шерумен басталып, ауданның танымал тұлғалары таныстырылды. Одан кейін қазылар алқасы «Ғасырлар қойнауында» деп аталатын музейлер мен аудандық кітапхананың көрмесіне көңіл бөліп, құнды дерекке толы Қарасай жерінің тарихымен танысты.
Ұлттық ойындар мен салт-дәстүр де назардын тыс қалмады. Балуандар күрес түрлерінен әдіс көрсетсе, бес тас ойнайтын оқушылар шеберлік көрсетіп, асық атудан балалар мергендіктерін танытты.
Қарасай ауданы өнерлі өлке әрі қай салада болсын жан-жақты екенін осы шара барысында тағы көрсетті. Анығын айтқанда, ауылдық Мәдениет үйлерінің, «Арт спорт» бірегей жобасы бойынша үйірмелердің өнерлері және қолөнер шеберлерінің, суретшілердің туындылары, кәсіпкерлердің өнімдері көрме барысында таныстырылды. Келген меймандар қызыға да, тамсана да қарап, лайықты бағаларын беріп жатты.
Ал кештің сәні болған өнердің бірі ретінде «Арт спорт» бірегей жобасының 100 домбырашысы орындаған «Ерке сылқым» күйін айтуға болады. Одан бөлек «Мерей» вокалды-инструменталды ансамбльдің сүйемелдеуімен ым-ишара тілінде Азиза Гасанова «Первое утро столицы» әнін орындаса, «Замандастар» ВИА жерлесіміз, ақын Нұрсұлтан Әлімқұловтың сөзіне жазылған, Әсет Бесеуовтің «Алтыным» әнін жанды дауыста шырқады.
Бұл кеште ауыл әжелерінің ән салуымен «Үме» салты дәріптеліп, «Ауылдың көне дәмі» атты шеберлік сағаты көрсетілді. Одан бөлек Мәдениет үйінің вокал үйірмесінің әншілері попури ретінде Италияның бірнеше танымал әндерін айтып, келген қонақтар алдында өнерлерін ортаға салды.
Салтанатты шараның әсерлі сәттері концерттік бағдарлама ретінде Мәдениет үйінің үлкен залында жалғасты. Жиналған көрермен алдымен «Қарасай жастары» театры сахналаған «Аманат» қойылымын тамашалады. Спектакль барысында Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы сияқты Алаш арыстарының қазақ елі үшін күресіп, дара мемлекет қалыптасу жолындағы жанкештілігі көрсетілді. Келген көрермен әртістердің шеберлігіне тамсанып, ризашылықтарын қошеметпен білдірді.
Сонымен қатар, концерттік бағдарлама барысында аудан өнерпаздары ән салып, би биледі. Атап айтсақ, Хансұлтан, DARO сияқты эстраданың жарқын жұлдыздары ән айтса, былтыр аталмыш байқауда үздік атанған «Үшқоңыр» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің мүшелері әуезді әндерін әуелетіп, бірнеше күйді күмбірлетті. Ал «Грация», «Шаттық», «Кербез» сияқты би топтары бірлесе түрлі ұлттың биін билесе, «Тұмар» би тобы «Менің атым – Қожа» фильмінен этюдтық көрініс қойды. Бишілердің бұл өнері залдағы жиналған жұртті ерекше күйге бөледі.
Салтанатты шараның қорытындысы ретінде Т.Тұрысбектің сөзіне жазылған Е.Көшербаевтың «Қарасай елім» әні шырқалды. «Үшқоңыр» ФЭА мен аудан өнерпаздары орындаған әнге зал түрегеп тұрып Қарасай жеріне құрмет танытты.
Ал кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек сөз сөйлеп, алдымен аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлының ыстық ықыласын жеткізді. Сондай-ақ өнер мен мәдениетте жеткен жетістігімізді, ауданның тарихи тұлғалары жайлы сыр шертіп, келген қонақтарға алғысын білдірді.
– Ауданымызда өткізілетін мәдени іс-шаралар халықтың бірлігін арттырып, жастарымызға ұлт мәдениетін танытуға мүмкіндік береді. Осы саланың әрбір өкілі, шығармашыл адам – біздің қоғамымыздың байлығы.
Елдігіміздің басты нышаны – өнеріміз бен мәдениетімізді, ғасырлар бойы атадан балаға мұра болған асыл қазынамызды өскелең ұрпаққа жеткізу – бұл біздің парызымыз. Осы мерейлі күні шараның өтуіне атсалысқан өнерпаздарға шығармашылық шабыт, жаңа белестер мен табыстар тілеймін! Мәдениетіміз өркендей берсін, ал біз сол асыл мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, баға жетпес қазына ретінде сақтай берейік, – деп Бексұлтан Ақылбекұлы ізгі тілегін білдірді.
Ал Қарасай ауданының мәдениет күнін атап өту аясында атқарылған жұмыстарға қатысты облыстан келген меймандар жақсы пікірде болды. Алматы облыстық халық шығарма-шылығы орталығының басшысы Ануар Үмбеталиев өз сөзінде мәдениетімізді насихаттау жолында өнерпаз жандардың еңбегі жоғары екенін айтты. Соның ішінде «Үшқоңыр» ФЭА-ның өнеріне ерекше тоқталып, ұжымның еңбегін ерекше бағалады.
Сөз соңында «Ауылым – алтын бесігім» атты байқауға төрелік ететін қазылар алқасының төрағасы Төлеужан Ғұмаров Қарасай ауданының өнеріне жоғары баға беріп, дайындықтары конкурс шарттарына сай болғанын айтты. Қорытынды шара қараша айында өтетінін хабарлап, лайықты деңгейде әр ауданның еңбегі бағаланатынын жеткізді.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.