Қарасай ауданында жыл өткен сайын халық саны көбейіп келеді. Мұның өзі шешімін тапқан мәселелердің орнына жаңа көкейкесті сұрақтардың туындауына әкелуде. Анығырақ айтқанда, тұрғындар саны артқан сайын халыққа қажет мектеп, аурухана секілді әлеуметтік мекемелер мен ұйымдардың жетіспеушілігі пайда болуда. Осы ретте ауданымызда медициналық қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту үшін кешенді шаралар қабылдануда. Нақтырақ айтсақ, ағымдағы жылы ауданға қарасты Райымбек және Әйтей ауылдық округтерінде 50 келушіге арналған жаңа дәрігерлік амбулаториялардың құрылыс жұмыстары басталды.
Райымбек округіндегі медициналық мекемеге келетін болсақ, ол Абай ауылындағы №2 орта мектептің қасында салынуда. Жалпы аумағы – 927,00 шаршы метр.
Заманауи талаптарға сай, екі қабаттан тұратын ғимараттың құрылысын «Бауыр Құрылыс Компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Қазіргі таңда ғимараттың ең астыңғы қабаты, яғни жер төлесі салынып, негізгі бірінші қабаттың іргетасы құйылып, қабырғалары тұрғызылуда. Жұмыстардың бастапқы кезеңіне 25 құрылысшы тартылған. Алдағы уақытта тағы да жұмыскерлер тобы қосылатын болады.
Алматы облысының құрылыс басқармасының тапсырысымен жүзеге асып жатқан құрылыс жұмыстарына бюджеттен 649,6 млн. теңге қаржы қарастырылған.
– Біз дәрігерлік амбулатория құрылысын шілде айында бастап кеткен едік. Арнайы кестеге байланысты жұмыстар жүруде. Бастапқы кезде нысанды ағымдағы жылдың соныңда пайдалануға беруді жоспарлап отырғанбыз. Алайда алғашқы жобаны қайта жөндеу жұмыстарына байланысты құрылыс уақытша тоқтап қалғандықтан, нысанды келер жылы ғана аяқтаймыз. Дегенмен осы жылы бітіруге тырысып жатырмыз. Құрылысқа 25 адам тартылған. Техникаларымыз жеткілікті, қажетті материалдар алынған.
Қазір жоспарға сай келе жатырмыз. Ғимарат тұрғызылғаннан кейін айналасына абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ кіреберіске арбадағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға кіруі үшін бірінші қабаттың залына апаратын тұтқалары бар пандус қоямыз, – деді құрылыс учаскесінің бастығы Вячеслав Шутов.
Жалпы құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы. Нысанның ауданы, биіктігі және ішкі безендірілуі тапсырыс берушімен келісілгендей және жобалық тапсырмаға сәйкес.
Айта кетейік, бүгінде аудан бойынша 1 аудандық көпсалалы аурухана, 3 алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығы, 19 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік пункті, 3 медициналық пункті және жеке меншік нысанындағы 5 денсаулық сақтау ұйымдары қызмет көрсетеді. Аталған салада 466 дәрігер, 1340 медбике және 712 техникалық қызметкер жұмыс істейді.
Бұған қоса медицина саласын дамыту мақсатында жоғарыда айтып өткендей амбулаториялардан бөлек Қайнар ауылында 50 келушіге арналған дәрігерлік мекеменің құрылысына жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, облыстық бюджеттік комиссияның қарауына жіберілген. Мұнан бөлек тағы 7 медициналық мекемелерінің жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.