Кейінгі кездері ауданымыздың орталығы – Қаскелең қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс көбейіп, оның уақытылы жиналмауы қордаланып бара жатқан мәселеге айналған еді. Әсіресе соңғы айларда тұрғындардың шағымы тіпті жиілеп кетті. Бұл осы уақытқа дейін қаладағы қоқысты шығарумен бір ғана компанияның айналысуына байланысты болды.
Жағдай күрделеніп, тұрғындар тарапынан наразылықтың көбеюіне байланысты аудандық әкімдік мәселені жан-жақты қарастырып, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы қаланы үш аймаққа бөліп, қатты қалдықтарды шығаратын өзге мекемелерді жұмысқа тарту туралы шешім қабылдады. Соған сәйкес, тамыз айының 14-і күні компаниялар арасында конкурс жарияланған. Нәтижесінде «Тазалық», «ЖАДЕ» және «Eco City Ltd» деп аталатын ЖШС-тері жеңімпаз атанып, үш аймаққа жауапты болып белгіленген. Бәріне ортақ тариф 1 адамға – 470 теңге.
Газетіміздің осы нөмірінде аталған компаниялар жайлы толығырақ айтып өтетін боламыз.
«Тазалық» ЖШС
Жұмысын 2014 жылы бастаған «Тазалық» ЖШС осы уақытқа дейін Қаскелең қаласында қоқыс шығаратын жалғыз мекеме болатын. Компанияның директоры Болат Туғанбаевтың айтуынша, олар Қаскелеңге ең алғаш келгенде мұнда қоқыс мәселесі өте күрделі болған. Қаланың әр жерінде қоқыс үйінділері жиналып, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен ешкім айналыспаған. Мекеме жағдайды өз қолына алып, бір жылдың ішінде қаланы ретке келтіріп, тазалық жұмыстарын қолға алған. Сонымен қатар, халықтың ыңғайлылығы үшін Қарасай ауданына «Алсеко» бірыңғай төлем жүйесін енгізген. Сол уақыттан бүгінге дейін компания жасалған келісім-шарт бойынша өз міндетін атқаруда.
Ал соңғы кездері қоқыс жинау жұмыстары бойынша туындайтын қиындықтардың өзіндік себептері бар. Анығырақ айтқанда, кейінгі жылдары Қаскелең қаласында тұрғындар саны күрт өсіп, қоқыс жинайтын мекеме біреу ғана болғандықтан қызмет көрсету жағынан үлгермеушілік пайда болған. Сондай-ақ арасында техника да бұзылып жатады. Оны жөндеу жұмыстары біраз уақытты алады. Бұған қоса мекемемен шарт жасасқан тұрғындардың тек 20-25 пайызы ғана тұрақты түрде төлем жасап отырған. Ал бұл қаражат техниканы жөндеп, қызметкерлердің жалақысын төлеп отыруға, сондай-ақ қоқыс полигонының ақшасын жауып тұруға жеткіліксіз. Осының бәрі айналып келгенде жұмысты қатты тежейтін көрінеді.
– Кейінгі кездері аталған себептермен жұмысымыз біраз тоқтап қалған еді. Алайда жаңа конкурс жарияланып, аймақтар бөлініп берілгеннен кейін қайта қалыпқа келіп, аяқталмай қалған жоспарды орындап тастадық. Енді жаңа өзгерістер бойынша «Тазалық» ЖШС Абылайхан көшесінен бастап төменгі трассаға дейін, Наурызбай батыр көшесінен Шалқар ауылына дейінгі үйлерге қызмет көрсетеміз. Жұмыс аумағы азайғандықтан қазіргі уақытта қоқыс жинауға 5 арнайы көлік бөлдік. Жұмысшылар санына келетін болсақ, жүргізуші, тиеуші және де өзгелерді санағанда 30 адам қызмет етуде.
Қазіргі уақытта жұмысымыз қалпына келді. Қоқыс кестеге сай жиналуда, – деді Болат Туғанбаев.
«Eco City Ltd» ЖШС
Қатты қалдықтарды жинау және тасымалдау компаниясы өз жұмысын 2015 жыл бастап, Алматы қаласына қарасты Медеу ауданының тұрғындарына қызмет көрсетуде. Жұмыс аясын кеңейту мақсатында 2024 жылы тамыз айында Қарасай ауданының әкімдігі өткізген конкурсқа қатысып, жеңімпаз ретінде Қаскелең қаласының бір аумағын алған.
– Біз Қаскелең қаласындағы Абылайхан көшесінен бастап «Сәукеле» ықшам ауданының оңтүстік жағына дейін, сондай-ақ Райымбек көшесінен жоғарғы трасса жаққа дейін орналасқан үйлерге қызмет көрсетеміз. 1-ші қыркүйекте ресми түрде жұмысқа кірістік. Қазіргі уақытта өз бөлігімізде тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Қоқыс жинау кестесі әр көшеде әртүрлі болады. Нақты уақыты белгіленгенде тұрғындарға қосымша ақпарат ретінде хабарлаймыз. Қаладағы қоқысты жинауға қазіргі уақытта 3 арнайы техника бөлдік, ал автопаркімізде 10 көлік бар. Сондықтан егер көлік бұзылып қалса, тез алмастыра аламыз.
Осы жерде тұрғындарға айта кетерім, қоқысты кестеге сәйкес қана шығаруларын сұраймыз. Мәселен, егер көшедегі белгіленген қоқыс жинау күні сәрсенбі болса, дүйсенбі емес, сейсенбі емес, сол күні ғана аулаға шығарып қоюларын және де басқа жаққа апарып тастамауларын сұраймыз. Мұндай әрекеттер қаланың көркін және де біздің жұмысымыздың сапасы нашар екенін көрсетеді. Ал біз өз тарапымыздан кестеден ауытқымай, уақытында жинайтын боламыз.
Сондай-ақ төлемді де уақытылы жасауларын сұраймыз. Егер кешіксе біздің жұмысымызды қатты тежеледі, – деді ЖШС директоры Алисұлтан Исаев.
«ЖАДЕ» ЖШС
Компания 2008 жылы құрылған. 2015 жылдан бастап Қарасай ауданындағы Ұмтыл, Жамбыл, Жандосов ауылдарында, сондай-ақ Қаскелеңдегі «Алтын ауыл» және «Қарлығаш» ықшам аудандарындағы үйлерге қызмет көрсетуде. Конкурстың нәтижесі бойынша «ЖАДЕ» ЖШС Қаскелеңнің шығыс жағына жауапты.
Нақтырақ айтқанда, Наурызбай батыр ескерткішінен Райымбек көшесінің шығыс жағына дейінгі шекаралар. Оңтүстік шетінен «Алматы-Бішкек» тас жолына және де «Алматы-Жандосов» тас жолының солтүстік шетіне дейінгі үйлердің қоқыстарын жинайтын болады.
– Басында біз Қаскелеңдегі «Алтын ауыл» және «Қарлығаш» ықшам аудандарындағы үйлердің қоқысын жинайтынбыз. Алайда үш бөлікке бөлінгеннен кейін, ол жақтан бас тартуға тура келді. Қазіргі жұмыстарға бес техника мен 20 адам бөлдік.
Техниканың бұзылуына немесе қоқысты уақытында жинауға қатысты мәселе жоқ. Тек халық тарапынан төленетін ақы уақытылы болмай отыр. Бүгінде келісімшарт жасалған тұрғындардың 50 пайызға жетер жетпесі ғана төлем жасауда. Бұл техниканы тексерістен өтікізіп, уақытылы жөндеуге, жұмысшылардың жалақысын және қоқыс полигонының ақысын төлеп отыруға жеткіліксіз. Мәселен, біз айына қоқыс полигонына 1,7-1,8 млн.теңге төлейміз. Бұл – үлкен мәселе.
Бірақ алдағы уақытта тұрғындармен келісімге келеміз деп отырмыз. Қалай болғанда да қала тазалығы бәрімізге ортақ мәселеге ғой, – деді «ЖАДЕ» компаниясының директоры Дамира Ислямова.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.