Биыл тамыз айының 30-ы күні еліміздің Ата заңының қабылданғанына 29 жыл толды. Еліміздегі басты мереке құрметіне орай ауданымыздың бірқатар азаматтары көп жылдық еңбектері үшін марапатталған еді. Солардың қатарында сот саласының ардагері Жангелді Байғожаев та бар.
Анығырақ айтқанда, аптаның дүйсенбісі күні аудан әкімі Жасұлан Естенов сот жүйесінде көптеген жылдар жемісті еңбек етіп, бүгінде саланың сыйлы ардагері болып отырған Жангелді Алтынбекұлымен кездесіп, мемлекеттің құқықтық негізін қалыптастырушы Конституция күнімен құттықтады. Сондай-ақ Жасұлан Тоққожаұлы мерекеге орай оған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамотасын табыс етіп, облыс басшысының жылы лебізін жеткізді.
Айта кетейік, Жангелді Байғожаев Қаскелең (қазіргі Қарасай) ауданының Стаханов ауылында дүниеге келген.
Алғашқы еңбек жолын Іле ауданының Ақши ауылындағы күрт өнеркәсіптік автомобиль жолдары учаскесінің ДЭСУ-298 жол жөндеушісі болып бастаған. Кейіннен С.М Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітіріп, Орал қаласының заңгерінің стажеры ретінде жұмысқа орналасқан. Одан кейін Оралда, Батыс Қазақстанда, Алматы облысының бірқатар аудандарында адвокаттар алқасының мүшесі, прокурор көмекшісі, аудандық сотының судьясы, төрағасы секілді лауазымдарда қызмет еткен.
Бүгінде ол зейнетке шығып, сот жүйесінің қалыптасуы мен дамуы жолында қалтқысыз еңбек еткен, бар саналы ғұмырын сот қызметіне арнаған сыйлы ардагер болып отыр.
Өз тілшіміз.