Қарасай жерінде дәстүрлі түрде жыл сайын тамыз айында өтетін ауқымды шаралардың бірі – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері Дінмұхамед Қонаевтың жүлдесіне арналған республикалық спорттық турнир. Ұлы саясаткер дәл осы күздің соңғы айында өмірден өткендіктен, оны еске алып, есімін ұлықтайтын мұндай игі бастама ешқашан ұмыт қалған емес. Соның бір айқын дәлелі ретінде жақында «Гүлнар бақ» демалыс аумағында ұлттық ат спорты түрлерінен, сондай-ақ ерлер, әйелдер және ардагерлер арасындағы құмдағы волейболдан өткен республикалық турнирді айтуға болады.
Жарысқа келген спортсүйер қауымның қарасы қалың болды. Ашылу салтанатында құрметті қонақтар сөз алып, Димаш Ахметұлы жайлы орамды ойларын ортаға салды. Әсіресе, Қазақ-Британ техникалық университетінің проректоры Екатерина Смолякова ұлы тұлға жайлы және оның еңбектерін сөз етсе, ҚР Мәжіліс депутаты Дүйсен Тұрғанов мұндай игі шараның дәстүрлі түрде жалғасуы өте орынды екенін айтып, ұйымдастырудың басы-қасында жүретін генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаевтың іскерлік қасиетін жоғары бағалады. Қонақтардың басқа да тілектері айтылған соң, қаншама жыл қатарынан ұйымдастырылуына ұйытқы болып жүрген шара соңында Амангелді Смағұлұлы өзі де сөз алып, жиналған қауымға ризашылығын білдірді.
– Бұл жарыстар көрнекті мемлекет қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты еске алуға арналған. Оның біздің елімізге сіңірген еңбегі өте жоғары. Жарыстар үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Мұндай оқиғалар ұлттық бірегейлікті сақтау ісінде маңызды рөл атқарады. Біз әрқашан қанымызда бар және халқымызға жақын ат спортын дамытуға және насихаттауға өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Менің ойымша, іс-шараға келген қонақтардың саны мұны растайды. Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына, одан бөлек Қарасай ауданының әкімдігіне жарыстарды ұйымдастыруға көмектескені үшін рақмет айтқым келеді, – деді генерал-лейтенант А.Шабдарбаев.
Қонақтардың ықыластарынан соң, ұлттық ат спорты бойынша шабандоздар алдымен құнан бәйге бойынша жарыс жолына шықты. Тартысты өткен бұл бақталаста Жамбыл облысының «Бақторы» атты сайгүлігі бірінші келіп, 5 млн теңгенің жүлдесіне ие болса, дәл осы облысқа қарасты Қордай ауданының «Сарбаз» атты пырағы мәре сызығын екінші болып кесті. Оған 1,5 млн теңгенің сыйақысы бұйырды. Ал үздік үштіктен көршілес Жамбыл ауданының «Айкербезі» көрініп, 1 млн теңгені қанағат тұтты.
Көпшілік күткен «Аламан» бәйгенің жарысына келер болсақ, бұл жақта керісінше Жамбыл ауданының шабандозы Сержан Бақтыбай тізгіндеген «Шұғыла» атты тұлпар бәрінен бұрын келіп, бас жүлдеге тігілген автокөліктің иесі атанды. Екінші болып Жамбыл облысының «Шулат» деген сайгүлігі келді. Оған қаржылай 2,5 млн теңге берілді. Мәреге үшінші болып Іле ауданының намысын қорғаған Жанқойыловтар әулетінің шабандозы жетіп, 1 млн теңгенің жүлдесін жеңіп алды.
Спорттық шарада бәйгеден басқа, қыз қуу, жамбы ату, теңге ілу, қошқар көтеру сияқты басқа да бақ сынасатын жарыстар ұйымдастырылды. Аталған ұлттық ойындардың жеңімпаздарына да қаржылай жүлделер берілді.
Жоғарыда аталған ұлттық спорттан бөлек дәл осы күні ерлер, әйелдер және ардагерлер арасында құм үстінде волейболдан жарыс өткізілді. 43 команда қатысқан бұл шарада тек әуесқой спортшылар ғана бақтарын сынады. Нәтижесінде ерлер сынға түскен «А» және «Б» лигасы бойынша Алматы қаласының «Шекара» және «Номад» командаларының өкілдері басым болды. Ал әйелдер арасында Талғар ауданының аяулы арулары жеңіске жетсе, ардагерлердің арасында «Буревестник» командасы үздік атанды.
Барлық бәсекелер аяқталған соң, ұлт көсемі Дінмұхамед Қонаевтың рухына арналып 2000 адамға дастархан жайылды. Онда марқұмға Құран бағышталып, ақсақалдар бата беріп, мемлекет қайраткерінің қазақ жеріне жасаған жақсылығын сөз етті.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.