Аптаның алғашқы күні аудан әкімдігінде талайдан бері баспанасын аңсап жүрген жандар шаттыққа кенелді. Жаңа қоныс иелері пәтер кілттерін қолдарына алып, қуаныштарын еселей түсті. Бұл жолғы баспана бақытана бөленген жандар – «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтар» санатына жататын 20 отбасы.
Қарасайлықтардың қуанышты жаңалығына аудан басшысы Жасұлан Естенов те куә болды. Аудан әкімі пәтер кілтін табыстау рәсіміне арнайы қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Бұл қуанышты жағдай – 20 отбасының көптен бері армандаған күні. Баспаналарыңыз құтты болсын, құрметті қарасайлықтар! Осы шаңырақта тек той болып, қуанышты жағдайлар орын алсын. Әрбір үйдің іргесі берік, керегесі кең болсын. Ауданымызда осындай жақсы жаңалықтардың легі жалғаса берсін, – деп тілегін білдірді аудан әкімі Ж.Естенов.
Қуаныш иелері өздері күткен осы бір сәтті ерекше қабылдап, аудан басшысы бастаған әкімдіктің ұжымына алғыстарын білдірді. Ризашылығын жеткізгендердің қатарында зейнеткер Жазықбала Асқанбаева да бар.
– Пәтер иелерін шын жүректен құттықтаймын! Осы сәтті 12 жыл күткен едік. Осынша уақыт кезекте тұрып, бүгін сәті түскеніне өте қуаныштымыз. Халықтың жағдайын ойлайтын Президенттен бастап аудан әкіміне дейін жұмыстары үшін ризашылығымды білдіремін. Ауданымыз әрдайым биіктен көрініп, дами берсін, – деді жаңа қоныс иесі Жазықбала әжеміз.
Айта кету керек, бұл тұрғын үйлер баспанаға мұқтаж жандарға аудан орталығы – Қаскелең қаласында орналасқан «Қарлығаш» тұрғын үй кешенінен, сондай-ақ сатып алу құқығынсыз жалға беріледі.
Яғни Үкіметтің «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттен 20 пәтер сатып алынды.
Бұл пәтер кілттері тұрғын үй кезегіне сәйкес келесі санаттар бойынша бекітілді: «І және ІІ топтардағы мүгедектігі бар адамдар», «толық емес отбасы» және «жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер». Олардың тізімі газетіміздің осы санындағы 4-бетінде орналасқан.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.