«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында күні кеше Қарасай ауданына қарасты Қаскелең қаласы мен барлық ауылдық округте «Таза бейсенбі» деген атаумен эко-науқан өтті.
Шара барысында Іргелі ауылдық округінде орналасқан «Айдони» ЖШС-нің ұжымы өз ауласын тазартса, Іргелі ауылдық округі әкім аппаратының ұйымдастыруымен Д.Қонаев көшесінде жарық бағаналары мен жол белгілерін сырлау, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ әкімдік қызметкерлері ауыл орталығындағы үйлердің тұрғындарымен және коммерциялық нысандардың иелерімен тілдесіп, санитарлық тазалықты сақтау, аулаларды абаттандыру, сырлау, ауладағы шөптерді кесу қажеттігі туралы айтып, кемшіліктерді қысқа мерзімде түзету жайлы ескерту жасады.
Ал Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Дидар Нұрақынов Ж.Дүйсеков пен І.Жансүгіров көшелерінің қиылысында тұрғындар тарапынан тасталған тұрмыстық қалдықтар бойынша сол маңдағы халықпен және кәсіпкерлермен сөйлесті. Бұл кездесуге Жібек жолы ауылы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға жауапты «Жаныс» ЖК-нің басшысы және учаскелік полиция қызметкерлері шақырылды. Тұрғындарға және кәсіпкерлерге өздеріне тиесілі, одан бөлек іргелес жатқан аумақты таза ұстау керектігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде сол аумақты әкімдіктің қоғамдық жұмысшылары тұрмыстық қалдықтардан толығымен тазалады. Сенбі күні тұрғындар тарапынан сол аумақтың шөбін шабу, толық тазалау жоспарлануда. Жақын уақытта заңсыз қоқыс тастайтын тұрғындармен күресу мақсатында «Планета» сауда үйі мен Көксу азық-түлік дүкенінің иелері тарапынан бейнебақылау орнатылатын болады.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны басталғаннан бері Қарасай ауданының Жастар ресурстық орталығы да белсенді жұмыс атқарып келеді. 1 тамыз күні аталмыш ұйым Қаскелең қаласындағы Райымбек көшесінде «Жасыл ел» жасакшыларымен, Қаскелең қаласы әкім аппаратының қызметкерлерімен бірлесіп, тазалық жұмыстарын атқарды.
Дәл сол сияқты «Жасыл елдің» белсенділері Жамбыл, Ұмтыл, Әйтей ауылдық округтерінде игі іске атсалысып, ауыл ішіндегі күл-қоқыстарды тазартуға көмектесті.
Акцияға сонымен қатар жергілікті мекемелердің ішінде «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-нің ұжымы да үлес қосты. Олар «Таза бейсенбі» шарасына қатысып қана қоймай, аудан тұрғындарын тазалық сақтауға шақырды.
Жалпы алғанда «Таза бейсенбі» шарасы аясында 11 арнайы техника жұмылдырылып, 45 тонна қатты тұрмыстық қалдықтар арнайы қоқыс полигонына шығарылды.
Өз тілшіміз.