«Үйлену оңай, үй болу қиын». Ертеден айтылып келе жатқан осы мақалдың бүгінде өзектілігі күн санап артып барады. Себебі соңғы жылдары еліміздегі саяси және әлеуметтік түйіткілді мәселелердің қатарына ажырасулардың жиілегені де қосылды.
Қазіргі уақытта ел арасында: «Кеше үйленіп еді ғой, бір жылға толмай ажырасып кетіпті», «Екеуі бір-бірімен тіл табыса алмай ажырасып кетіпті», «Екеуі де тым жас болып отау құрып, қате шешім жасады» деген сөздерді жиі естіліп жататыны жасырын емес. Бұл мәселенің күрделенгені соншалықты 2023 жылы Қазақстан ажырасу бойынша әлемдік рейтингте 114 елдің тізімінде 16-шы орынға, ТМД көлемінде 6-шы орынға шыққан. Ал Орталық Азияда көш бастады. Бұл, расымен дабыл қағатын жағдай.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева еліміздегі ажырасулардың негізгі себептерін атап өткен еді. Жүргізілген зерттеулер бойынша ажырасқан жұптардың 61% – ішімдік пен нашақорлықтың салдарынан екі жаққа кеткендер. Одан кейінгі орында отбасындағы зорлық-зомбылық себебі тұр. Бұл – сауалнамаға қатысқандардың 51%-ның таңдауы. Ерінің не күйеуінің көзге шөп салуынан екі бөлек кеткендердің үлесі – 47%, ал ойынқұмарлықтың кесірінен отбасының шырқы бұзылғандардың саны – 38%. Тек 20%-ы ғана ортада бала болмағаннан айрылысқан.
Тақырыбымызды кеңінен талқылау үшін осы бір өзектілігі артып отырған ажырасу мәселесімен күнделікті бетпе-бет келіп отыратын Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанар Беймбетовамен жақында әңгімелескен едік. Бүгінде Алматы облысындағы жағдай қандай деңгейде екенін білуге тырыстық.
– Жанар Адайбекқызы, өзіңіз білетіндей соңғы жылдары еліміздегі ажырасу мәселесі көңіл көншітерлік емес екені бәріне мәлім. Статистиканың өзі жағдайдың қаншалықты күрделеніп бара жатқандығын көрсетіп отыр. Осы ретте алғаш қояр сұрағым, бүгінде Алматы облысындағы жағдай қандай? Ажырасу мәселесі біздің облысымызда да күрделі ме?
– Иә, күрделі. Қазақстан ТМД бойынша көш бастап тұрса, біздің облыс Қазақстан бойынша алғашқы орында тұр. Өңірімізде некелерін бұзып жатқан ерлі-зайыптылардың саны жылдан-жылға өсіп барады. Анығырақ айтқанда, биылдың өзінде біздің сотқа 2268 іс түсіп, оның 1591-і қаралып, 1048 бойынша ажырасу туралы шешім шыққан. 505 іс екі тараптың татуласуларына байланысты қараусыз қалдырылған. Ал төрт арыз талап-арыздан бас тартумен қысқартылса, тоғызы басқа себептермен азайған.
Кейбірі берген арызын қайтарып алып, жұбымен ұрсысып қалған кезде, қайта келіп тапсырып жатады. Мұндай жағдайлар жиі болып тұрады. Жалпы осы аталған мәліметке қарап-ақ біздің сот арқылы өтетін істердің 80%-ы ажырасумен аяқталып жатқанын түсінуге болады. Оның үстіне біз ювеналды сот болғандықтан, бізде тек кәмелет жасқа толмаған балалары бар отбасылардың істері ғана қаралады. Ал балалары жоқ немесе балалары кәмелет жасқа толған ерлі-зайыптылардың арызы АХАЖ-да немесе аудандық сот арқылы шешіліп отырады. Яғни жоғарыда айтылған сандар бұл тек ювеналды соттың көрсеткіші, ал өзге құзырлы мекемелерге одан да көп арыздар түсіп жатуы мүмкін.
– Ажырасуды абырой көретіндер де бар. Заман өзгерсе де бұл адамдардың ойында қалыптасқан түсінік. Дегенмен соған қарамастан кейбір ерлі-зайыптылардың ештеңеден тайсалмай, осы қадамға барып жатқанының себеп-салдары неде деп ойлайсыз?
– Жалпы жолдары екіге айырылған ерлі-зайыптылардың саны қаншылықты көп болса, олардың некелерін бұзуына түрткі болатын себеп те соншалықты көп. Отбасылардың ойран болуына көбінесе белең алған тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік жағдайдың қиындауы, жұбайлардың бірінің есірткіге, ішімдікке, құмар ойындарға тәуелді болып кетуі, сондай-ақ ортада опасыздық орын алуы себеп болады. Одан бөлек ене мен келіннің арасындағы түсініспеушілік, өзге туысқандардың жаңа отбасының өміріне араласуы да ерлі-зайыптылардың ажырасуына әкеледі.
Жоғарыда айтып өткендерімнен бөлек тағы бір себеп – заңдағы жауапкершіліктің төмендігі. Нақтырақ айтқанда, бүгінде біздің елімізде баж салығы (мемлекеттік органдар тарапынан керсетілетін белгілі бір қызмет үшін төлететін қаражат) өте төмен, шамамен 1108 теңгенің көлеміндей. Сондықтан кез келген азамат отбасында кішігірім кикілжің орын алса, 1108 теңгесін төлеп, бізге арыздана алады. Кейіннен өзара татуласып, арыздарын қайтарып алып жатады. Ал біз арыз түскеннен кейін ол істі қарауға міндеттіміз. Осы ретте бүгінде судьялар тарапынан төленетін баждың құнын 40-50 мың теңгеге дейін көтеру туралы ұсыныс жасайық деп отырмыз. Бұл алдағы уақытта болмашы нәрсе үшін немесе жұбайын қорқыту мақсатында ажырасуға арызданып, кейіннен айнып қалып жататындардың санын азайту мақсатында жасалмақ.
– Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта ажырасу процесі қалай жүргізіледі? Қазіргі уақытта ажырасу үшін қанша уақыт керек? Қандай жағдайда татуласу үшін көп мерзім беріледі?
– Жалпы некені бұзу тәртібі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР-ның Кодексі аясында шешіледі. Ажырасу бойынша істің қаралу процесі екі тарапқа байланысты. Әрине, сот тарапынан екі жақты татуластыру қадамдары жасалады. Дегенмен бәрі арызданушылардың шешіміне байланысты. Яғни сот барысында ерлі-зайыптылардың екеуі де ажырасуға бірден келісімдерін беретін болса, сот сол күні-ақ шешім шығарады. Егер де бір тарап қарсы шығып, татуласуға мүмкіндік сұрайтын болса, онда біз бір айдан алты айға дейін уақыт береміз. Сол аралықта екеуі бір шешімге келіп, татуласа алмаса, сот ажырасуға рұқсат береді.
Ал егер екеуі «ажыраспайтын болдық» десе, онда сот талап-арызды қараусыз қалдыру жайында шешім шығарады.
– Отбасының ойраны шығып, ерлі-зайыптылардың ажырасып, екі жаққа кеткен сәтінде бірінші кезекте арадағы баланың тағдыры тәлкекке түсетіні белгілі. Осы ретте туындайтын сауал – бүгінде ажырасу процесі кезінде баланың құқығы қалай қорғалады? Бүкіл отбасының тағдыры анықталатын шақта баланың ойы мен қалауы ескеріледі ме? Оның пікірі сот шешіміне әсер етеді ме?
– Неке бұзған сәт отбасы мүшелері үшін де, бұзғалы жатқан ерлі-зайыпты үшін де өте ауыр. Айрандай ұйып отырған отбасының аяқ асты шаңырағы шайқалып, ортасына түскелі отырғандығы ең бірінші кезекте баланың, әсіресе кәмелет жасқа толмаған баланың психологиясына қатты әсер етеді. Біз кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сот болғандықтан, осындай жағдай туындап жатса, әрине алдымен баланың жағдайын ойлаймыз. Өйткені біздің негізгі жұмысымыз кәмелет жасқа толмағандардың құқығын қорғау болып табылады.
Ажырасу процесі жүргізіліп жатқан кезде баланы бөлісу мәселесі туындаса, онда іс қамқоршылық-қорғаншы органдардың қатысуымен өтеді. Сот шешім шығармас бұрын баланың ата-анасы мен аға-бауырларының қайсысына жақын екенін, жас ерекшелігін, ата-анасының адамгершілік қасиетін, баламен қарым-қатынасы қандай екенін ескереді.
Егер баланың жасы 10-нан асса, ол сот процесіне қатыстырылып, сот шешім шығару кезінде оның кіммен қалғысы келетіндігі жайлы айтқан пікірін ескереді. Ал жасы 10-ға толмағандармен ең бірінші кезекте психолог мамандары жұмыс істейді. Маманның жүргізген зерттемесінің қорытындысы істі қарайтын сотқа жіберіледі. Соған сәйкес шешім шығарылады.
– Ерлі-зайыптылар ажырасқан кезде олардың дүние-мүлкі қалай бөлінеді? Оны бөлген кезде қандай жағдайға басымдылық беріледі?
– Мүлікті бөлу туралы шешім көбінесе ажырасу процесінен кейін екі талап бірдей арызданғаннан соң шешіледі. Нақты айтқанда, екі жақтан арыз түскен соң, сараптама тағайындалады. Оның барысында ортақ мүлік тексеріледі, бағаланады, одан кейін заңға сәйкес баж салығы төленуі керек. Мәселен, ортақ мүлік 1 млн теңгеге бағаланып, бір талап соның жартысын, яғни 500 мыңын сұраса, онда баж салығы бойынша 1%-ын төлеуі тиіс. Содан кейін ғана сот істі қарау процесін бастайды. Сот екі тараптың жағдайын, балалардың кіммен қалатындығын ескере отырып, шешім шығарады. Бұл жерде ескере кететіні, бөлінетін мүлікке тек ерлі-зайыптылар заңды түрде үйленгенннен кейін алынған заттар жатады. Жалпы мүлікті бөлісу көп жағдайда ұзақ уақытқа созылатын процесс болып табылады.
– Өзіңіз ана әрі әйел ретінде, сондай-ақ күнделікті осындай жағдаймен бетпе-бет келіп отыратын маман ретінде күрделеніп бара жатқан мәселені қалай жақсартуға болады деп ойлайсыз? Ажырасулар санын қалай азайтуға болады?
– Жеке өз басым соңғы жылдары ажырасу жағдайының көбеюі адамдардың, әсіресе жастардың отбасылық өмірге тым салғырт қарағандығынан және де сот процесінің тым қолжетімді болуынан деп ойлаймын. Осы ретте болашақта отбасы құрғысы келетіндер үшін алдымен 1-1,5 жылдың көлемінде азаматтық некеде тұру қажет деген талаптар қою керек. Сол уақыт аралығында олар болашақта заңды түрде отбасын құрып, бірге бала өсіруге дайын немесе дайын емес екендерін түсініп барып, дұрыс шешім қабылдайды деген ойдамын. Тағы бір амалы – ол заң жағын қиындату. Яғни ажырасу бойынша жүргізілетін істің процесін қиындатып, арызды қарастыру уақытын да ұзарту қажет. Сондай-ақ жоғарыда айтып өткенімдей, кез келген нәрсе үшін сотқа жүгінетіндерді азайту үшін баж салығын анағұрлым көтеру керек. Сонда ғана адамдар отбасын құрмас бұрын және сотқа жүгінбестен мың ойланатын болады.
– Осы салада жүріп, біраз шырқы бұзылған отбасылардың тағдырын көрген шығарсыз. Қандай ой түйдіңіз? Отбасылық өмірлері енді басталып немесе бітіп жатқандарға не айтар едіңіз?
– Ешкім де бұл өмірге бәрін біліп келмейді. Өмірлік сынақтан өтіп жүріп қана үйренеміз. Кез келген сынаққа төзімділікпен қарап, шыдамдылық таныта білу керек. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген мақал бекер айтылмаған ғой! Әрине, егер отбасылық өмір тек қорлық қана әкеліп жатса, ажырасқан жөн. Бірақ болмашыны айтып, сыныққа сылтау іздеп, отбасыдан бас тартудың қажеттілігі жоқ. Өйткені екі ересектің шешімінен ортадағы баланың өмірі астан-кестен болады. Сондықтан әр ата-анаға айтарым, әр шешімге келер кезде бірінші кезекте жапа шегетін балаларыңыздың қамын ойлаңыздар.
Сұқбаттасқан Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.