Архив ісі – елдің мәдениетін, тарихын зерттеп, тың дүниелерді және маңызды құжаттарды жарыққа шығарып қана қоймай, пайдаланып, оны ұрпаққа жеткізуші деректердің топтамасы. Сондықтан осы бағытта қызмет етушілердің еңбегі қашанда зор.
Елімізде архивтанушы-құжаттанушы мамандарды даярлауда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірден-бір жоғары оқу орны болып табылады. 2010 жылғы науырыз айында Қазақстан Республикасының Болон декларациясына ресми түрде қосылуымен байланысты, университетімізде сол жылы «Архивтану, құжаттану және құжаттамны басқаруды қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бакалавриат және магистратура ашылды. Ал 2017 жылы осы мамандықтың докторантурасына лицензия алынды.
2023-2024 оқу жылдарында тарих факультетінде мынандай білім беру бағдарламалары іске асырылды: «Архивтану, құжаттану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету» мамандығы бойынша бакалавриат, магистратура, докторантура дәрежесінде білім алу мүмкіндігі бар, сондай-ақ бакалавриатта «сандық архивтану және құқықтану», ал магистратурада «IT-архивтану және құжаттану» мен «Архивтану және құжаттаманы басқаруды қамтамасыз ету/«Басқармалардағы және архивтердегі электронды құжаттармен жұмыс істеудің теориясы мен тәжірибесі» мамандықтарын игеруге болады.
2023-2024 оқу жылында факультетте жоғарыда аталған білім беру бағдарламалар бойынша 99 білім алушылар оқиды. Оның ішінде бакалавриатта 73 студент, магистратурада – 20, докторантурада – 6.
2011 жылдан бастап бакалавриат бойынша – 278 түлектер, 2012 жылдан бастап магистратура бойынша – 100 астам түлектер, биылғы жылы 7 докторант бітірді. Барлығын қоса алғанда осы уақытқа дейін –385 түлек бітіріп шықты. Бұл бірақ, республиканың архив және басқа да мекемелерді архивші және құжаттанушы мамандармен қамтамасыз ету үшін жеткіліксіз.
2021 жылы Университет әлемдегі үздік университеттердің QS рейтингінде түлектердің жұмысқа орналасуы бойынша 201-250 үздіктің қатарына кірді. «Жұмыспен қамтылған түлектер үлесі» көрсеткіші бойынша Университет әлемде 55-ші орында. «Архивтану және құжаттану» бағыты бойынша бітірушілердің көпшілігі архив мекемелерінде, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың басқаруды құжаттамамен қамтамасыз ету бөлімдерінде, жоғарғы оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институтарында, колледждерде мамандықтары бойынша қызмет етеді. Бұл білім беру түлектерінің еңбек нарығында сұранысқа ие екенін көрсетеді.
2016 жылдан бастап білім беру бағдарламалары бойынша дуалды оқыту жүйесі іске қосылуда. Университет және ҚР Президент архивімен әлеуметтік серіктестік туралы келісім-шарт жасалынды. Мамандық студенттері, магистранттары мен докторанттарының дәріс және практикалық сабақтары ҚР Президент архиві базасында өтеді. «Архив-2025» бағдарламасының негізгі бағыттары мен міндеттерін жүзеге асыру мақсатында 2019 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Президент Архивінде «Архив ісі және құжаттану» оқу-өнідірістік кафедрасы ашылды.
Сондай-ақ, білім беру бағдарламаларының студенттері, магистранттары мен докторанттарының оқу, өндірістік, диплом алды, ғылыми-зерттеу тәжірибелері Орталық мемлекеттік архивтерде, Алматы қаласы мен облысының мемлекеттік архивітерінде, көптеген мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда, соңғы кездері банктерде өтеді. Қазіргі уақытта 50-ге жуық кәсіптік тәжірибелер өту туралы келісім-шарт архив мекемелері мен мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен жасалынған. Жыл сайын университеттің мансап және бизнес бөліміне студенттерді практикаға және одан әрі жұмысқа тартқысы келетін мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардан өтінімдер түседі. Студенттердің басым көпшілігі практикадан өткен ұйымдарға жұмысқа орналасады.
«Құжаттаманы басқару және архив ісі» бойынша білім беруді интернационалдандыру мына аспектілерді қамтиды:
- Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен қос дипломдық оқу бағдарламасы әзірленді. 2016 жылы екі университет арасында «Басқармалардағы және архивтердегі электронды құжаттармен жұмыс істеудің теориясы мен тәжірибесі» аттыбірлескен магистрлік бағдарламасының жүргізілуі туралы қосымша келісімге қол қойылды. Қазіргі уақытта 4 магистр қос диплом бағдарламасы бойынша диплом иегерлері.
- Шетелдік мамандарды оқу үдерісіне тарту. Фулбрайт бағдарламасы бойынша Миннесота университетінің (АҚШ) PhD докторы Colin McFadden «Құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, реставрация және консервация» тақырыбында дәріс сабақтарын жүргізді. Былтырғы жылдап бастап университетте «котичинг» (бірлескен оқыту) жүйесі іске қосылды. Мария Складовская-Кюри университетінің (Польша) профессоры Артур Горак онлайн форматта «Электронды құжаттар және архивтер» пәні бойынша дәріс оқиды.
Университеттің халықаралық байланыстар жүйесінде студенттер мен магистранттарға арналған академиялық ұтқырлықтың маңызы зор. Соңғы жылдары мамандық бойынша білім алушылар Польша қаласының Адам Мицкеевич атындағы Познань университетінде, Мария Складовская-Кюри университетінде (Люблин, Польша), Италиядағы La Sapienza университетінде (Рим қ.) , Италиядағы Ка-Фоскари университетінде (Венеция қ.) академиялық ұтқырлық шеңберінде оқып келді.
2017 жылдан бастап архив мамандығының мәртебесін көтеру, шетелдік тәжірибелерді архив ісі саласында қолдану мақсатында жыл сайын жас архившілердің халықаралық Жазғы мектебі өткізіледі. Мұның өзі жастардың мамандыққа деген қызығушылықтарын арттыра түседі.
Білім беру бағдарламалары оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз етілген. Кафедра оқытушылары университеттің Редакциялық-баспа кеңесі және республикалық оқу-әдістемелік кеңесі арқылы монография, оқулық және оқу құралдары жоспар бойынша шығарып отырады. Кафедра оқытушыларының өздерінің зерттеу бағыттары бойынша 20- монография, 3- ұжымдық монография, 24- оқу құралдары мен 5-әдістемелік нұсқалықтарын басып шығарды.
Сонымен, ҚазҰУ-да архивтану және құжаттану саласында кадрлар даярлау үрдістерін бағалай отырып, зерттеу университеті шеңберінде перспективаларды айқындау қажет. Қазақстан Республикасының архив ісі және құжаттарды басқару саласындағы зерттеу университетінің негізгі қағидатын іске асыру үшін мынадай басымдықтарды маңызды деп санаймыз:
- «Архивтану және құжаттану» бағыты бойынша оқу лабораториясын
ашу;
- «Архивтану және құжаттану » бағыты бойынша диссертациялық кеңес ашу жоспарда тұр.
Келесі оқу жылындағы білім гранттары көбейтілетіні белгілі болды. Соның аясында архивтану мен құжаттану мамандығын даярлауға бөлінетін грант санын көбейте түсу мәселесін министрлік ескерсе дұрыс болар еді.
ТұрғанжанТөлебаев,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д.